Бүгін Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот үкімі шықты.
Сот екеуін де пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп тауып, Н. Таубаевты 10 жылға, Т. Басаровты 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.
Олар жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сот анықтағандай, 2020 жылдың шілде айында Атырау облысының әкімдігімен Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын "БКК " ЖШС орындаған. Сотталушы Н. Таубаев облыс әкімінің орынбасары әрі құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, "БКК" ЖШС-нің директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10 пайыз мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Т. Басаровтың қатысуымен пара сомасы 7 пайыз мөлшерінде келісілген. Н. Таубаев сотталушы Т. Басаровқа «үлесін» алып келуді тапсырған. Содан кейін Т. Басаров жәбірленушіден 185 730 004 теңге мөлшерінде пара алған. Т. Басаровты пара беру барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері ұстаған.
Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушылардың кінәсі сотталушы Т. Басаровтың кінәсін толық мойындау жауабымен, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, жеке тінтумен, "Whats app" мессенджеріндегі хат алмасумен, бақылау камераларының бейнежазбасымен, АЖІШ және ЖТӘ нәтижелерімен, сараптама қорытындыларымен өз дәлелін тапты.
Соттың позициясына тоқталсақ, сот сотталушы Н. Таубаевты ҚК-тің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы), Т. Басаровты ҚК-тің 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп таныды. Сот сотталушы Н. Таубаевтың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды.
Қылмыс жасалған уақытта қолданылған ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінің санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Заң бойынша (ҚК-нің 56-бабы 3-бөлігі) қылмысқа оқталу кезінде жаза ең жоғарғы жазаның ¾ бөлігінен, яғни 11 жыл 3 айдан аспауға тиіс. Сот үкімімен Т.-ға 10 (он) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушы Т. Басаров жазаны ауырлататын мән-жайлар мен заң талаптарының (жаза 8 жыл 5 айдан аспайды) болмауы ескеріле отырып, ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігі қолданылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Дүйім ел назарын аудартқан іске нүкте қойылды. Ескеретін жайт, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.