Редакциядан
Рақымжан ОТАРБАЕВ, жазушы Кісілік пен түсініктің қамшы салдырмас ақ жорғасындай боп бұл пәниден Сағат аға да өтті... Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Күн нұры кемігенмен Алатаудың аңқылдақ самалы жаныңа шипа құятын. Түні ше?! Ай ажарланып күміс тозаңын төгіп тұратын. Сондай сахи күздің бір күні Жазушылар Одағының мінберінде жастықтың жалауын көтеріп бір жігіт тұрды. Ауылдан астанаға қазтабандап жеткен балаға бәрі таңсық. Таңсықтың үлкені – жақсысы мен жайсаңы желкелесіп отырған бір қауым елді аузына қаратып, білімі мен парасаты жарысып тұрған сол жігіт еді. Көзәйнегі ара-тұра бір жарқ ете қалып, қызуы сыртқа теуіп, қазақы құлаққа жұғысты емес небір есімдерді тізбелеп, қадау-қадау ойларды қазықтай қағып, небір кәлланы шұлғытып, небір аңдайды тамсанып барып мінберден түсті. Тізелес отырған үкікөз бір ақын екі елі маңдайына төрт бірдей әжім түсіріп: – Өлеңді сезіммен емес, төзіммен жазасың дейді. Осы Сағат-ақ..., – деп өзі имек мұрнын аузына жүгіртті. Мен де қолма-қол сол жігіттей болғым келген. Білімге күпті боп, былайғы жұрттың көзін қарықтырып, мінберге өрмелеп шығып, дарындыға күш қосып, жәй жазғышты тарықтырып... Жастық шақ сені қайтейін! Бар-жоғы отыз төрт жастағы Әшімбаевтай тұлғамен, топырағы бөлек сыншымен осылай жүздесіп едім.***
1982 жылдың жарқыраған жаз айы-тын. Мемлекеттік телерадио комитетінің жастар редакциясының редакторымын. Міндетім – «Әдептен озбайық» атты жастарға арналған хабар ұйымдастыру. Редакция басшысы – аққаптал журналист Ғұсман Игісінов. Келгеніме жыл толар-толмас, шығармашылығы болар-болмас мені кәнігі әріптестерім Нұртілеу Иманғалиұлы, Бәтима Бегембаева, София Янлоси, Атипа Ыскаковалар қамқорлап бақты. Сол тұста мақталып, қызыл тақтадан түспей койған хабарымның жүргізушісі – қазірде әйгілі жазушы Дулат Исабеков. Қыз-жігіт боп ойнайтын жас әртістерді дайындап, сценарийді жұнттай ғып Дулат ағамыздың колына ұстата қоямын. Жүргізуші жан бітіріп, оған екі жактап пікір косатын Мақаш Тәтімов пен Акжолтай Елемесовалар көрік үстеп, ой-хой, ай санап қиқулатамыз да жатамыз. – Осы балаға көптен көзім шауып жүр, – деп комитет төрағасының орынбасары, аяулы Камал аға Смайылов кәнігі әдетімен бір жанарын сығырайта қарайды. Аспанда аты ілініп калған басшының аузынан естіген мақтау қандай, өкшем жерге бір тиіп, бір тимейді. Сондай күннің бірінде Дулат ағамыз: «Министр рұқсат етпей жатыр. Басқа жүргізуші тауып алыңдар. Рақмет! Осымен болдым» десін. Көп тандаудың ішінде есіме Сағат аға түсті. Мінберден жарқылдап сейлегені, жас балаша жәудіреп қарағаны, жайраңдап күлгені... «Таптым» деймін ақыры іштей қуанып. Содан өкшем қисайып, Абай мен Әуезов көшесінің қиылысында орналасқан ВАПП-қа келейін. –Бастық іште, – деді түймедей хатшы кыз. – Күте тұрыңыз. – Көбейгірдің көзінің аласы жоқ па, маған тек қарасын көрсетті. Қабылдау бөлмесінде белім бүкірейіп, шашым тікірейіп, ал кеп қобалжиын. Аузымен кұс тістеген Әшімбаевқа салып ұрып кіретіндей, онымен қоймай қиылып шаруа айтатындай кім едің, сонша деймін, өз-өзімді күстаналап. Алдын ала ескертсең, бір жөн. Оның үстіне қаламын қысып ұстап жүрген жәй сыншы емес, Жазушылар Одағының хатшысы, білдей бір мекеменің ақ «Волгасын» ерттеп мінген ақжағалы басшысы. Лауреаттығы, сый-сияпаты тағы бар. Жастай жақсы мен жайсаңның жанына ерген жан сенің жәдігер көңілінді түсініп, есігінен сығалата койса... Өз ойымды өзім малта ғып сорып тұрып андамаппын, бүйірдегі есік ашылып, сол жағына сұлата жыққан жұмсақ шашы ай маңдайдың бір шетін көмкеріп Сағат аға өзі шыға келсін. – Кел, інім, кел, төрлет! Ал, – деп аман-саулықтан соң тыпырлап айтқан шаруамды естіп лекітіп бір күліп алды. – Асықпа, – деді сосын, жүзіне нұр жүгіріп. Өзі күлімдесе, көзәйнегі қоса күледі екен. – Әдебиет қазір қай бағытта дамып келеді? – деп бастаған әнгімесі әлемді шарлап ұшып Алматыға жетіп жығылғанша аузын бақтым да отырдым. Әлгіндегі тобанаяқ боп келгенім де, қобалжу да зым-зия жоғалған. Көптен аңсар болған ағаммен табысқандай лебізіне арбалып, орындықтан-орындыққа құйрықпен жорғалай жылжып, тіпті, өзіне жақындап қалыппын. Бір кезде әңгіме аунап түсіп, Ла-Скала театры, Амангелді Сембин, одан Артығали Ибраев, талант тағдыры, өмір соқпағы, өзекті жарған өкініштер боп әр арнаға құйылып жатты. – Келістік, інім. Келесі аптада кел, ақылдасайық. Хабарыңды жүргізіп беремін. Жастар тәрбиесі, адамгершілік, ата-ана парызы, перзент қарызы хақында мен де толғана түсейін. Мынау сыйлығым, өзіңе, – деп «Талантқа тағзым» атты (1982) қара мұқабалы кітабын ұсынды. Өмірімде автордан алған алғашқы қолтаңбам – осы!***
Сағат аға «Әдептен озбайық» хабарының тізгінін қолға алысымен мен «Қазақ әдебиеті» газетіне қызмет ауыстырдым. Ортақ ойымыз, алға койған мақсатымыз өзінше іске асып жатты. Қай тақырыпта да хабардың атын да, затын да жаңалап, «Жүректен қозғайық» деп жайнатып жіберген. Ол тар дүниені кеңітіп, қай нәрсені де жүректен қозғайтын еді ғой...***
Колбиннің аспанды аяғымен теуіп тұрған кезі. Күн жексенбі болатын. Екінді кезінде Пушкин атындағы кітапханадан қатар шықтық. Ленин (Достық) даңғылының бойында көрші тұрамыз. – Аздап жаяу жүрейікші, – деді Сәкең терең ойдан айыға алмай. Абайдың бойымен келе жаттық. – Ит иесін танымайтын жағдайға жетті ғой, – деді аға үнсіздікті өзі бұзып. – Естіп жатқан шығарсың. Желтоқсанның ызғары елді шарпығанда Сәкеңнің шыр-пыр боп ара түскені, қолындағы билігін пайдаланып, көтерілісті түгелдей пленкаға бастырып алғаны, КГБ каншама тіміскілесе де, сол аса қауіпті айғақты таба алмай діңкелегені, жоғары басшылыктың Әшімбаевты ала көзбен атып отырғаны, бәрі-бәрі естіген құлақты шатыстырғандай шақ еді. Әншейінде алмажонданып тұратын бетінен нұр тайыпты. Көз асты қалталанып, екі-үш жіңішке әжім ілініпті. Алысқа, көкжиектен асырып мұнданып қарайды. –Менің бір көтенін көлге көміп жатқан көкем күшейіп, «Қос тіл – қос канатым» деп былайғы жұртқа дес берер емес, – деймін біраздан соң. – Қарауымда істейтін қан-сөлсіз қара қатын бір шикі сары әйелмен бірігіп үстімнен арыз айдапты. Әлгі екеуіне де ілтипатпен қарайтын ем. О, тоба! –Сағат аға тез-тез сөйлеп күйгелектенді. Сосын сәл кідіріп: – Рахымжан, қызықты қара, – деді. – Кеше Орталық Комитетте менің мәселем қаралғанда соншама сенген бір ағам сиырдың жорғасы секілденіп... бүлкіл қағып... Ал екінші хатшы Сағидолла Кұбашев азамат екен, «жасым алпысқа келген менің өзім Алашорда жайлы жарытып білмесем, менің баламмен жасты Әшімбаев қалайша алашордашыл болады?! Жолдастар, қойындар сөзді, тіпті, қисынға келмес нәрсе», – деді-ау, қасқайып. Айтары жоқ, ер екен! Содан кейін Сағаттан ұлтшыл жасағалы тұрғандардың жақ жүні жығылып сала берді... «Алатау» қонақүйінен асып, үйіне бұрылар сәтте кішкене іркіліп: – Жазып жүрген жігітсің, ұмытпа. Құлағыңда қалсын дегенім, – деді.***
...Сол қылығымды ойласам, әлі күнге қызарамын. – Сағат ағамның мейірімі шексіз ғой, – дейтін туған балдызы Шайзада кездескен сайын. – Іссапардан қайтқанда ұлдарына не сыйлық алса, менің кішкентайларыма да тап соны әкеледі. Ылғи сол... Мейірім деген жүректің кеңдігі ғой. Кейде орынсыз салмақ та салып жатамыз. Өзімсінгеннен. Еркелегеннен. 1990 жылдың мамыры. Түн ортасы ауа үйге Табылды Досымов келсін. Беймезгіл. Қазақтың талантты бард ақыны. Мықты композитор әрі әнші. – Аға, ҚазМУ-дың журфагын бітіріп, елге кетіп барамын. «Тамашаға» бір түсу – арманым. Ертең кешке Ленин атындағы Сарайда концерті өтеді. Режиссері Лұкпан Есенов маңына жолатар емес, – деп бәйіт айтып жыласын. – Кімге айтайын? – Тек комитет төрағасы Сағат Әшімбаев айтса ғана... Әйтпесе жоқ... Содан министрдің лауазымындағы ағамның үйіне телефон шалып, опыр-топыр оятайын. Онымен қоймай: – Ертең осы бала «Тамашаға» шықпаса, мені інім деп есептемеңіз, – деп күшейейін. Жәй күшею емес, қыздырма қосымшасы да бар-ау деймін... – Жарайды. Өтінішің орынды, – деп лекіте күліп, телефонды тып-тыныш қойды. Ертеңіне кеште Табылды гитарасын сыңғыр қақтырып, әр әніне сырға тақтырып, «Тамашада» тербеліп тұрды. Үлкен өнерде тұсауы кесілді. ...Осы күні ойлаймын, жеті түнде басы қисайған бір бала шырт ұйқымнан оятып, тепсініп тұрса, мен қайтер ем? – деп. Бәлкім, қайтіп беттеместей ғып алты қырдан асырып жіберермін. Шынында да шексіз мейірімді еді ғой.***
1991 жылдың тамыз айы. Үйінің жанында Сағат ағамен жүздесіп қалдым. Шәрбану жеңгей екеуі. – Ауырып жүр деп есіттім. Жүректен кайта-кайта құлайды дейді. Қалайсың? – деді Сәкең әдеттегідей арқамнан қаусырып. – Ой, аға, жас кезде тиген салқын, қыздардан естіген қарғыс-дағы бойдан шығып жатқан, – деймін әзілге шаптырып. Сәкең кәнігі әдетімен лекітіп күліп алып, балаңүйрегімен көзәйнегін түзеді. – Жазған тарихи мақалаларың ұнап жүр. Мұхамбет Салық Бабажанов, Жәңгір хан, Фатима тоташ, Сейтек күйші, Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәңгерей... Телевидениеге жұмысқа кел. Арыстардың бәрін жарқыратып жарыққа шығар. Жағдайынды жасаймын. Ойланба, – деп қоштасты. Араға апта салып, сол аяулы арыстарға ілесіп, бақи сапарға өзі де аттанып кетерін білдік пе? Пәни тірліктің бұқпа-шықпа ойынынан шаршаған сәтінде алдыңнан Алатаудың ақкөкірек самалындай аңқылдап есер бір тұлғаны іздейді екенсің. – Нар жайылар көңілдің жайлауында өңшең тоқал ешкі ойнақтады-ау, – деп қаласың соған іштей мұң шағып...