Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президент Балалар жылын тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін қадап айтты. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық, бұл – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Байқаулардан құралған жоспар
Ендеше оңтүстік өңірдің билігі балаларына қаншалықты көңіл бөледі екен?
Бүгінде еліміздің барлық аймағында Балалар жылын өткізуге арналған республикалық іс-шаралар жоспары негізінде облыстық, қалалық кешенді жоспарлар қабылданған. Мәтіні республикада бекітілген іс-жоспарлар аясында түзілгенімен, оларға бөлінетін қаржы көлемі әр өңірде әртүрлі. Сонымен қатар жоспар өңір ерекшелігіне, жергілікті биліктің шама-шарқына, балаларға деген ықыласына қарай өзгеруі де мүмкін.
Мәселен, Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бекітуімен Балалар жылына орай 50 іс-шарадан тұратын кешенді және облыс көлемінде түзілген 74 іс-шара қаралған. Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бекітуімен 84 іс-шараны өткізу жоспарланыпты. Мегаполисте кешенді жоспар кеңейтіліп, қала көлеміндегі енгізілген шаралардың барлығы осында жинақталған. Республика көлемінде түзілген 7 бағыттың ішінде «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Баласын жетімсіретпеген ел», «Жайлы мекен», «Балаларды қорғау» және BALA_TIME.KZ. бөлімдері бар. Әрқайсысы бірнеше шарадан тұрады. Алайда біз екі өңірдің шараларын қарап отырып, бірқатар ерекшелікті байқадық.
Түркістан облысы бекіткен республика деңгейіндегі кешенді және облыс көлеміндегі жалпы 124 іс-шараның барлығы дерлік іс-шараға құрылғанын көрдік. Яғни, байқаулар мен спартакиадалар, акциялар, мәдени шаралар, әскери-патриоттық жиын, өңірлік конкурс, «Бала мен театр жобасы», шығармашылық фестиваль, дебаттық турнир, көшет отырғызу акциясы, туристік-спорттық жарыс, пән олимпиадалары сияқты толып жатқан жиындар. Президенттің Балалар жылын тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өтпей, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін айтқаны қаперден шығып кеткен секілді.
Қамқорлықта қалыс қалмаса екен
Оған қарағанда Шымкент қаласының кешенді жоспары 86 іс-шарадан тұрса да көңілге қонатын тұстары көп екен. Мәселен, «Жайлы мекен» бөлімі аясында жергілікті бюджет есебінен 5 млрд теңге көлеміндегі қаржыға Шымкенттегі тұрғын үй алаптарында балаларға арналған спорт және ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Сонымен бірге 6 мектептің жанынан қосымша спорт алаңшаларын салуды, 3 ауысымды 4 мектепке қосымша ғимараттар тұрғызуды Балалар жылына енгізіпті. Оған едәуір қаржы да қарастырылған. Ал Түркістан облысының жоспарындағы дәл осындай «Жайлы мекен» бөлімінен нақты ешнәрсе таппадық. Тіпті, облыста қаралған қаржы көлемі де көрсетілмеген.
Бәрінен бұрын бізді Шымкент қаласының 1-4-сынып аралығындағы балаларды бөліп-жармай, барлығын бірдей бірреттік ыстық тамақпен қамтуы қызықтырды. Оған жергілікті бюджеттен 8 млрд 185 млн теңге, ал аз қамтылған отбасылардың 5-11-сыныптағы балаларына бірреттік ыстық тамағы үшін 6 млрд 799 млн теңге көзделген. Өкінішке қарай, Түркістан облысында аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына бірреттік ыстық тамақ берілгенімен, бастауыш сыныптарды жаппай тамақтандыру үрдісі жоқ. Логикалық түрде қарағанда қала балаларынан гөрі ауылдықтар үйінде дәрумені көп тағамды тұтына бермейтіні анық. Сондықтан мегаполистегі бұл жақсы үрдіс негізінен ауыл-аймағы көп Түркістан облысының балаларына да керек-ақ.
Шымкент қаласында Балалар жылы аясында 2022 жылдың соңына дейін әр айдың соңғы жұмасы күні қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері балаларды арнайы жолдамасыз қабылдайды. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан соңғы үш айда 1 602 бала оңалту, 1 003 бала сауықтыру емін қабылдапты.
Биыл жан басына қаржыландыру бағыты бойынша, яғни балаларға арналған үйірмелер мен спорттық кешендерді көбейтуге мемлекет субсидия беріп жатыр. Былтырдан бері жүзеге асып жатқан бұл бастама жемісін беріп келеді. Өкінішке қарай, 2 миллионнан аса тұрғыны бар, бала туу көрсеткіші ең жоғары, халқының басым бөлігі ауылда тұратын Түркістан облысында осынау шараға қаралған қаржының көлемі тым аз. Спорттық тапсырысқа 700 миллион теңге, ал шығармашылыққа қарастырылғаны 484 миллион теңге.
Ал 1 миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент бұл жағынан да көш ілгері болып тұр. Спорт түрлерін дамыту үшін 2 млрд-тан аса, шығармашылығына 1 миллионға жуық теңге қаралған. Жергілікті билік бұл жағынан балаларға ерекше көңіл бөліп отыр деуге болады. Қазір Шымкенттің қай ауданын қарасаңыз да тегін үйірмелер мен спорт секцияларын байқайсыз. Бос жүрген бала некен-саяқ.
Түркістан облысы Балалар жылында ең болмаса осы шараға қомақтылау қаржы бөліп, балаларға ең керекті дүниені қолға алса игі. Әрине, іс-шаралар, байқаулар мен жиындар керек. Бірақ олардың басым бөлігі құр даңғаза мереке. Жалпы, айтса айтқандай, Түркістан облысының билігіне балалардың болашағынан гөрі Түркістан қаласының кіреберісін жыл сайын түрліше әсемдеп, безендіру маңыздырақ сияқты. Ал өңірдің ауыл-аймағы ұмытылып барады.
Пойыз іске қосыла ма?
Сонымен, Түркістан облыстық әкімдігінен балалар жылына бөлінген жалпы қаржы көлемін сұрағанымызбен, айтқысы келмеді. Дегенмен кейбір құжатта Президент шыршасын өткізуге 25 млн теңге қаржы қарастырылғанын көруге болады. Ал Шымкент қаласының әкімдігі Президент шыршасын өткізу үшін 20 млн теңге бөліпті. Сондай-ақ Шымкент қаласында Балалар жылына орай 7 бағыт бойынша 84 іс-шараға 42,9 млрд теңге қаралған. Бүгінде бөлінген қаржының 45 пайызы игеріліпті. Шамамен ай сайын жүргізілген іс-шараларға 7 млрд теңгенің жобасында қаржы кетіп отырған.
Шымкентте 1980 жылы салынған бірегей балалар темір жолы бар. Алайда локомотивті жөндеу проблемаларына байланысты балалар темір жолын бірнеше рет жабуға тура келген. Яғни, пайдаланғаннан гөрі тоқтап тұрғаны көп балалар пойызы 2005-2006 және 2010 жылдары жұмыс істеп, тоқтап қалған. Одан соң 2015 жылы жол қайта іске қосылып, бірақ қала тұрғындарының арасында сұраныс аз болғандықтан, пойыз біржола тоқтаған. Алайда сонау әдемі шақты сағынышпен еске алатын кейбір қала тұрғындары биыл Балалар жылында пойызды қалпына келтірсе деген аракідік өтінішін де айтып қалады. Біз Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясовтан балалар пойыз жолының болашағын сұрадық. Басқарма басшысы балалар пойыз жолын қайта қалпына келтіру қауіпсіздік шараларына сай келмейтінін айтты. «Бізге тұрғындардан тікелей өтініш келген жоқ. Бірақ оны қалпына келтіру үшін көп қаржы керек болады. Жақын арада мұны реттеу жоспарда жоқ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаланың шеткі аумақтарының ауызсуы, электр жарығы, жолы шешілмей тұрып басқа арнаға ақша бұра алмаймыз», – деп үнемі айтып жүр. Сол себептен біздің басты мәселеміз инфрақұрылым жұмыстары», – деді ол.
Міне, екі өңірдің де Балалар жылына орай түзген іс-шаралар жоспары қолға түскенімен, ішінен іліп аларын ұсындық. Шымкент қаласының Балалар жылына қыруар қаржы бөлгені де байқалады. Әрине, әңгіме оның қалай игерілетінінде емес, жалпы балаларға деген ықыластың ерекшелігінде болып тұр. Ал осындайда Шымкент қаласымен ауылы аралас Түркістан облысының балалары өгей баланың күйін кешіп отырғаны өкінішті...
Шымкент қаласы