Сот орындаушыларға сот жоқ па?
Сот орындаушыларға сот жоқ па?
© коллаж: Елдар Қаба
601
оқылды
Жеке сот орындаушыларының атауы өзгермек. Қазақстан бұл тер­минді кезінде Болгария тәжірибе­сі­нен алыпты. Енді одан бас тартуға ниетті, себебі «сот» деген сөздің жа­нында «жеке» ұғымының тұруы жа­ғым­сыз естіледі. Әрі халыққа ұна­майтын көрінеді. Әділет министрлігі жеке сот орындаушыларын бұқа­ра­ның «рэкетир» ретінде қабылдай­ты­нын ашық айтады. Олар сот шыға­ра­тын үкімдерді коммерциялан­ды­рып, табыс көзіне айналдырды. Осы жолда кейбірі елді шошытқан қас­күнемдікке барды. Мәселені ушықтыра түсті Жеке сот орындаушылары өз «құр­ба­нына» құрдымнан құтылуға еш мүмкіндік қалдырмайды. Елорда тұрғыны Жахангер аз ғана отасқан зайыбымен және қайын енесімен жанжалдасып жүр. Бұрынғы келіншегі оны тастап кеткен, содан кейін алимент төлеуге мәжбүр еткен. Ал бұл алиментті төлеуден бас тартпайды. Алайда әйелінің анасы тойға берген қомақты қаражатын өндіріп алуға кірісіпті. «Жеке сот орындаушылар көп адамның басына сор болған екен. Олар қит етсе, борыш­кердің барлық есепшотын, карта­ларын бұғаттап тастайды. Сөйтіп, адамға табыс табуға және атқару құжаты бойынша міндетін орындауға мүмкіндік қалдырмай­ды. Әйелім өз қалауы бойынша кетіп қалғаннан кейін өмірім тозаққа айналды. Ол балама алимент төлету үшін сотқа беріпті. Баламды асырауға қарсы емеспін. Тек жеке сот орындаушылары Қазақстанда­ғы орташа жалақы бойынша есептеп, мой­ныма ақылға сыймас қарыз іліп қойыпты. Жалақым орташадан әлдеқайда төмен. Сотқа шағымдану арқылы ең төменгі жалақы алатынымды дәлелдедім. Менің бірнеше микронесием бар: әйелім әртүрлі бизнеспен айналысқысы келіп алды. Алайда нәтиже шығара алмады», – дейді ол. Жахангер аз ғана табысынан барлық қарызы мен алиментін төлеуге шамасы жет­пей жатқанына жабырқайды. «Жығыл­ғанға жұдырық» дегендей, енесі тойға жұмсаған ақшасын кері сұраған. Оны Жахангер қолхат беріп, алыпты. Сот құда жақтың талабын қанағаттандырды. «Неге екені белгісіз, менің мәселеммен әртүрлі сот орындаушылары айналысады. Олар өздерінің қызмет ақысы ретінде 500 мың теңге қарыздың 25 пайызын талап етті. Әрқайсысының қызметіне төлеуім қажет екен. Олар жағдайымды түсінгісі келмейді, жақсырақ жұмысқа орналасуыма мүмкіндік қалдырмайды. Жоғары білімді азаматпын ғой, тәуірлеу жұмыс таба ала­тын едім, алайда банктер сотта ісім қа­ралып жатқанын анықтап, не карта, не есеп­шот ашқызбайды. Шоттары бұғат­талған адамды жұмыс берушілер алмайды. Үсті-үстіне түсетін атқарушылық қағаз­дар­ға шағым жазудан шаршадым. Бұрынғы әйелім анасымен бірлесіп, менің анамның үстінен де сотқа талап арыз түсіріпті. Егер адам борышкер болса, ол өмір сүрмеуі керек пе, барлық құқығынан айырыла ма? Конституциялық құқығым неге қорғал­майды? Мен туралы ақпарат барлығына қолжетімді көрінеді», – деп ашынады Жахангер. Қарызға батқан адам тұйыққа тіреледі. Жеке сот орындаушылары «борышкер жұмыс орнынан жалақы алатыны туралы анықтама әкелсе, есепшотты бұғаттаудан босататынын» хабарлаған. Банктер бұғат тұрғандықтан, есепшот ашпайды. Ал сал­мақты жұмыс берушілер Қаржылық мони­торинг агенттігі және басқа бақылаушы ведомс­тволардың қырына ілігуден қай­мығып, жұмыскерге жалақыны қолма-қол ақшамен беруден бас тартады. Осылайша, жағдай азаматтарды заңсыз тәсілдермен, көлеңкелі жолдармен табыс табуға итер­мелейді. Министр Мусин мүлгіп кеткен бе? Айтқандай, күні кеше ақпарат құрал­дары Павлодарда жеке сот орындаушы­ларының борышкерлердің кепілге қойылған 40 үйін тартып алып, бір ғана адам­ға сатқанын әрі ол баспаналар нарық­тағы құнынан 5 есе арзанға саудаланып кеткенін жарыса жазды. Мұндай мысалдар көп. Оның бәрі саланың былыққа әбден батқанын аңғартқандай. Жеке сот орындаушыларының қияна­тынан «ызалы жүрек, долы қол» жағдайына жеткендер жетерлік. «Жеке сот орын­дау­шылары – қоғам тәніндегі қансорғыш паразиттер. Олар тағдырдан тоқпақ жеген байғұс адамдардың бақытсыздығынан байлық жияды. Онсыз да тақыр кедейге айналған адамдар кредиторы алдындағы ауыр міндеттемесін орындау сыртында, жеке сот орындаушыларды асырауға мін­детті, бұл не масқара? Бұл «қайраткерлер» еш жауапкершілікке тартылмайды, оларға азаматтарды қанаудың қуатты тетіктері, шексіз өкілеттіктер берілген. Бұл дұрыс емес. Саяси тұрақтылықты, бұқараның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын түзеу үшін бұл қызметті қайта құрып, өркениетті қалыпқа келтіру керек», – дейді алматылық қоғам белсендісі Полина Бузыкина. Ол Әділет министрі Қанат Мусиннің үстінен арыз жазыпты. «Мусин мырза өзін халықтан биікпін деп есептейтінге ұқ­сайды. Егер назар аударсаңыз, оның ресми блогындағы әрбір екінші шағым жеке сот орындаушыларына қатысты, министр оның бірде-біріне лайықты жауап бер­меген. Жеке сот орындаушылар заңдасты­рылған рэкетке айналды», – деп ащы мысқылдайды П.Бузыкина. Борышкерлер де оңай берілмейді Дегенмен Әділет министрлігі «қал­ғып» отырмаған екен. Ведомство салаға ре­фор­ма жүргізуге ниетті. Қол­даныстағы «Ат­қарушылық іс жүргізу және сот орын­даушыларының мәртебесі ту­ралы» заңы­ның орнына «Мәжбүрлеп орындату ту­ралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл ретте тек заңның аты ғана емес, жеке сот орындаушыларының атауы да өз­гереді. «Жеке сот орындаушысы деген ұғымды қайта қарау қажет. Оларға сот актілерін орындау бойынша мемлекеттік функция­лар берілген. Алайда атауында «жеке» сөзі болғандықтан, қоғам оларды жеке мүдде­лерін көздейтін, өзін байытуды мақсат ететін жеке тұлғалар деп қабылдайды. Азаматтар Жеке сот орындаушыларды «рэкетир» деп атайды. Оларды коллектор­лармен шатастырады», – деп мәлім етті Әділет министрлігі. Жеке сот орындаушылары деген тер­мин алғаш рет Болгарияда жеке орын­дау­дың жаңа жүйесін енгізу кезінде қолда­нылыпты. Кейіннен оны Албания, Грузия, Қазақстан сияқты елдер қа­был­даған. Халық­аралық сарапшы­лардың байламын­ша, «жеке» айқындауышы халық арасында сенімсіздік тудырады әрі билік органда­рымен өзара іс-қимыл кезінде кедергі кел­тіреді. Шынында, нотариус секілді жеке сот орындау­шы­ларына мемлекет уәкілеттік берген. Олардың қызметі про­цессуалдық заңмен реттеледі. Бұларға Жаңа Қазақстанда қандай жаңа атау беру мәселесі әзірге пысықталып жатқан көрінеді. Бірақ әрекет ету әдістерін салмақты өзгертпесе, мемлекет жеке сот орындаушыларды қалай атаса да, жұрт­шылық оларды «рэкетирге» теңей беруі мүмкін. Олардың қоғамды әбден ашын­дырғанын мына мәліметтен байқауға болады: Жоғарғы Соттың мәліметінше, 2021 жылғы 1 шілде мен 30 желтоқсан ара­лығында республиканың әкімшілік сот­тарына жалпы саны 14 469 талап арыз түсті. Арыздың 34 пайызында жеке сот орындаушыларының мәселесі көтерілген. 2021 жылдың қорытындысында Әділет министрлігіне азаматтар мен заңды тұл­ғалардан бұларға қатысты 7 мыңға жуық шағым түскен екен. Жеке сот орындаушылардың үлкен бір бөлігі өз ісіне жауапсыз ғана емес, сондай-ақ сауатсыз екеніне Әділет министрлігі де көз жеткізіпті. Олар өз қызметін бастаған­нан 6 ай ішінде, кейіннен – 3 жылда 1 рет Республикалық палата бекіткен бағдар­ламалар бойынша кәсіптік оқытудан өтіп тұруға міндетті. Бірақ біріншіден, заң ол оқудан «қашықтан» форматында өтуге рұқсат етеді. Екіншіден, сала заңнамасы жыл сайын өзгеріп тұрған жағдайда 3 жылда 1 рет курстан өту, Әділет министрі­нің байламынша, «кәсіби деңгейді ұстап тұру үшін жеткіліксіз». Мәселен, салалық заң 2010 жылы қа­былданды, содан бері 57 заңмен оның 116 бабына 397 түзету енгізілді, 11 бап алынып тасталды, 10 жаңа бап пайда болды. Еуро­палық сот төрелігінің тиімділігі комис­сиясының (CEPEJ) басқарушылық қағи­даттарына сәйкес, жеке сот орындаушылар кәсібилігі мен жоғары жұмыс стандартын сақтауы үшін алдымен бастапқы, содан соң үздіксіз міндетті оқытудан өтіп тұруы шарт. Ал халықаралық сарапшылар «Қазақстанда бастапқы дайындық іс жү­зінде жоқ» деген қорытындыға келді. Олар елімізде кез келген тәжірибесі жоқ адам, мысалы, экс-тергеушілер жеке сот орын­даушылар қызметімен айналыса алаты­нына қайран қалыпты. Ол – ол ма, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңының 142-бабына сәйкес Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырғандыр, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық соттың жалпы отырысының оң пікірін алғандар, бұрынғы судьялар, прокурорлар, тергеуші лауазымында 5 жыл жұмыс істеген адамдар аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей-ақ, бірден жеке сот орындаушысы қызметіне кірісіп кете алады. Жаңа заң жо­басында дайындық пен сынақтан өт­пей, жеке сот орындаушылар лицензиясын алатын адамдардың тізбесі қысқартылмақ: прокурорлар мен тергеушілерді осы санат­тан алып тастау ұсынылады. Сондай-ақ әр 3 емес, 2 жыл сайын оқудан өту қажет бо­лады. Жаңа құжат жеке сот орындаушылар борышкерлерді үйінен мәжбүрлеп шы­ғаруы, заңсыз нысанды қиратуы кезінде полицейлердің қатысуын міндеттейді. Әділет министрлігінің түсіндіруінше, 2019 жылғы қарашада Халықаралық сот орын­даушылары одағына мүше мемлекеттер тиісті құжатты қабылдады, онда мемлекет полиция күшімен сот шешімін орындауға көмектесуі керек екені көрсетіліпті. Әйт­песе ашулы адамдардың жеке сот орын­даушыларды сабау деректері тіркелді. Бүгінде республикада 263 мемлекеттік сот орындаушысы, 2200 жеке сот орындау­шысы бар. Оларға 6 мыңнан астам көмекші қызмет етеді. Яғни, көмекшілер саны жеке сот орындаушылардан бірнеше есе көп. Өз кезегінде олар да борышкерлерді қудалауға тартады. Алайда заңда олардың жауап­кер­шілігі реттелмеген. Алда көмекшілер де мезгіл-мезгіл кәсіби оқытудан өтуге мін­деттелмек.