Жеке сот орындаушыларының атауы өзгермек. Қазақстан бұл терминді кезінде Болгария тәжірибесінен алыпты. Енді одан бас тартуға ниетті, себебі «сот» деген сөздің жанында «жеке» ұғымының тұруы жағымсыз естіледі. Әрі халыққа ұнамайтын көрінеді. Әділет министрлігі жеке сот орындаушыларын бұқараның «рэкетир» ретінде қабылдайтынын ашық айтады. Олар сот шығаратын үкімдерді коммерцияландырып, табыс көзіне айналдырды. Осы жолда кейбірі елді шошытқан қаскүнемдікке барды.Мәселені ушықтыра түсті
Жеке сот орындаушылары өз «құрбанына» құрдымнан құтылуға еш мүмкіндік қалдырмайды. Елорда тұрғыны Жахангер аз ғана отасқан зайыбымен және қайын енесімен жанжалдасып жүр. Бұрынғы келіншегі оны тастап кеткен, содан кейін алимент төлеуге мәжбүр еткен. Ал бұл алиментті төлеуден бас тартпайды. Алайда әйелінің анасы тойға берген қомақты қаражатын өндіріп алуға кірісіпті.
«Жеке сот орындаушылар көп адамның басына сор болған екен. Олар қит етсе, борышкердің барлық есепшотын, карталарын бұғаттап тастайды. Сөйтіп, адамға табыс табуға және атқару құжаты бойынша міндетін орындауға мүмкіндік қалдырмайды. Әйелім өз қалауы бойынша кетіп қалғаннан кейін өмірім тозаққа айналды. Ол балама алимент төлету үшін сотқа беріпті. Баламды асырауға қарсы емеспін. Тек жеке сот орындаушылары Қазақстандағы орташа жалақы бойынша есептеп, мойныма ақылға сыймас қарыз іліп қойыпты. Жалақым орташадан әлдеқайда төмен. Сотқа шағымдану арқылы ең төменгі жалақы алатынымды дәлелдедім. Менің бірнеше микронесием бар: әйелім әртүрлі бизнеспен айналысқысы келіп алды. Алайда нәтиже шығара алмады», – дейді ол.
Жахангер аз ғана табысынан барлық қарызы мен алиментін төлеуге шамасы жетпей жатқанына жабырқайды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, енесі тойға жұмсаған ақшасын кері сұраған. Оны Жахангер қолхат беріп, алыпты. Сот құда жақтың талабын қанағаттандырды.
«Неге екені белгісіз, менің мәселеммен әртүрлі сот орындаушылары айналысады. Олар өздерінің қызмет ақысы ретінде 500 мың теңге қарыздың 25 пайызын талап етті. Әрқайсысының қызметіне төлеуім қажет екен. Олар жағдайымды түсінгісі келмейді, жақсырақ жұмысқа орналасуыма мүмкіндік қалдырмайды. Жоғары білімді азаматпын ғой, тәуірлеу жұмыс таба алатын едім, алайда банктер сотта ісім қаралып жатқанын анықтап, не карта, не есепшот ашқызбайды. Шоттары бұғатталған адамды жұмыс берушілер алмайды. Үсті-үстіне түсетін атқарушылық қағаздарға шағым жазудан шаршадым. Бұрынғы әйелім анасымен бірлесіп, менің анамның үстінен де сотқа талап арыз түсіріпті. Егер адам борышкер болса, ол өмір сүрмеуі керек пе, барлық құқығынан айырыла ма? Конституциялық құқығым неге қорғалмайды? Мен туралы ақпарат барлығына қолжетімді көрінеді», – деп ашынады Жахангер.
Қарызға батқан адам тұйыққа тіреледі. Жеке сот орындаушылары «борышкер жұмыс орнынан жалақы алатыны туралы анықтама әкелсе, есепшотты бұғаттаудан босататынын» хабарлаған. Банктер бұғат тұрғандықтан, есепшот ашпайды. Ал салмақты жұмыс берушілер Қаржылық мониторинг агенттігі және басқа бақылаушы ведомстволардың қырына ілігуден қаймығып, жұмыскерге жалақыны қолма-қол ақшамен беруден бас тартады. Осылайша, жағдай азаматтарды заңсыз тәсілдермен, көлеңкелі жолдармен табыс табуға итермелейді.
Министр Мусин мүлгіп кеткен бе?
Айтқандай, күні кеше ақпарат құралдары Павлодарда жеке сот орындаушыларының борышкерлердің кепілге қойылған 40 үйін тартып алып, бір ғана адамға сатқанын әрі ол баспаналар нарықтағы құнынан 5 есе арзанға саудаланып кеткенін жарыса жазды. Мұндай мысалдар көп. Оның бәрі саланың былыққа әбден батқанын аңғартқандай.
Жеке сот орындаушыларының қиянатынан «ызалы жүрек, долы қол» жағдайына жеткендер жетерлік. «Жеке сот орындаушылары – қоғам тәніндегі қансорғыш паразиттер. Олар тағдырдан тоқпақ жеген байғұс адамдардың бақытсыздығынан байлық жияды. Онсыз да тақыр кедейге айналған адамдар кредиторы алдындағы ауыр міндеттемесін орындау сыртында, жеке сот орындаушыларды асырауға міндетті, бұл не масқара? Бұл «қайраткерлер» еш жауапкершілікке тартылмайды, оларға азаматтарды қанаудың қуатты тетіктері, шексіз өкілеттіктер берілген. Бұл дұрыс емес. Саяси тұрақтылықты, бұқараның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын түзеу үшін бұл қызметті қайта құрып, өркениетті қалыпқа келтіру керек», – дейді алматылық қоғам белсендісі Полина Бузыкина.
Ол Әділет министрі Қанат Мусиннің үстінен арыз жазыпты. «Мусин мырза өзін халықтан биікпін деп есептейтінге ұқсайды. Егер назар аударсаңыз, оның ресми блогындағы әрбір екінші шағым жеке сот орындаушыларына қатысты, министр оның бірде-біріне лайықты жауап бермеген. Жеке сот орындаушылар заңдастырылған рэкетке айналды», – деп ащы мысқылдайды П.Бузыкина.
Борышкерлер де оңай берілмейді
Дегенмен Әділет министрлігі «қалғып» отырмаған екен. Ведомство салаға реформа жүргізуге ниетті. Қолданыстағы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының орнына «Мәжбүрлеп орындату туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл ретте тек заңның аты ғана емес, жеке сот орындаушыларының атауы да өзгереді.
«Жеке сот орындаушысы деген ұғымды қайта қарау қажет. Оларға сот актілерін орындау бойынша мемлекеттік функциялар берілген. Алайда атауында «жеке» сөзі болғандықтан, қоғам оларды жеке мүдделерін көздейтін, өзін байытуды мақсат ететін жеке тұлғалар деп қабылдайды. Азаматтар Жеке сот орындаушыларды «рэкетир» деп атайды. Оларды коллекторлармен шатастырады», – деп мәлім етті Әділет министрлігі.
Жеке сот орындаушылары деген термин алғаш рет Болгарияда жеке орындаудың жаңа жүйесін енгізу кезінде қолданылыпты. Кейіннен оны Албания, Грузия, Қазақстан сияқты елдер қабылдаған. Халықаралық сарапшылардың байламынша, «жеке» айқындауышы халық арасында сенімсіздік тудырады әрі билік органдарымен өзара іс-қимыл кезінде кедергі келтіреді. Шынында, нотариус секілді жеке сот орындаушыларына мемлекет уәкілеттік берген. Олардың қызметі процессуалдық заңмен реттеледі.
Бұларға Жаңа Қазақстанда қандай жаңа атау беру мәселесі әзірге пысықталып жатқан көрінеді. Бірақ әрекет ету әдістерін салмақты өзгертпесе, мемлекет жеке сот орындаушыларды қалай атаса да, жұртшылық оларды «рэкетирге» теңей беруі мүмкін. Олардың қоғамды әбден ашындырғанын мына мәліметтен байқауға болады: Жоғарғы Соттың мәліметінше, 2021 жылғы 1 шілде мен 30 желтоқсан аралығында республиканың әкімшілік соттарына жалпы саны 14 469 талап арыз түсті. Арыздың 34 пайызында жеке сот орындаушыларының мәселесі көтерілген. 2021 жылдың қорытындысында Әділет министрлігіне азаматтар мен заңды тұлғалардан бұларға қатысты 7 мыңға жуық шағым түскен екен.
Жеке сот орындаушылардың үлкен бір бөлігі өз ісіне жауапсыз ғана емес, сондай-ақ сауатсыз екеніне Әділет министрлігі де көз жеткізіпті. Олар өз қызметін бастағаннан 6 ай ішінде, кейіннен – 3 жылда 1 рет Республикалық палата бекіткен бағдарламалар бойынша кәсіптік оқытудан өтіп тұруға міндетті. Бірақ біріншіден, заң ол оқудан «қашықтан» форматында өтуге рұқсат етеді. Екіншіден, сала заңнамасы жыл сайын өзгеріп тұрған жағдайда 3 жылда 1 рет курстан өту, Әділет министрінің байламынша, «кәсіби деңгейді ұстап тұру үшін жеткіліксіз».
Мәселен, салалық заң 2010 жылы қабылданды, содан бері 57 заңмен оның 116 бабына 397 түзету енгізілді, 11 бап алынып тасталды, 10 жаңа бап пайда болды. Еуропалық сот төрелігінің тиімділігі комиссиясының (CEPEJ) басқарушылық қағидаттарына сәйкес, жеке сот орындаушылар кәсібилігі мен жоғары жұмыс стандартын сақтауы үшін алдымен бастапқы, содан соң үздіксіз міндетті оқытудан өтіп тұруы шарт. Ал халықаралық сарапшылар «Қазақстанда бастапқы дайындық іс жүзінде жоқ» деген қорытындыға келді. Олар елімізде кез келген тәжірибесі жоқ адам, мысалы, экс-тергеушілер жеке сот орындаушылар қызметімен айналыса алатынына қайран қалыпты.
Ол – ол ма, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңының 142-бабына сәйкес Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырғандыр, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық соттың жалпы отырысының оң пікірін алғандар, бұрынғы судьялар, прокурорлар, тергеуші лауазымында 5 жыл жұмыс істеген адамдар аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей-ақ, бірден жеке сот орындаушысы қызметіне кірісіп кете алады. Жаңа заң жобасында дайындық пен сынақтан өтпей, жеке сот орындаушылар лицензиясын алатын адамдардың тізбесі қысқартылмақ: прокурорлар мен тергеушілерді осы санаттан алып тастау ұсынылады. Сондай-ақ әр 3 емес, 2 жыл сайын оқудан өту қажет болады.
Жаңа құжат жеке сот орындаушылар борышкерлерді үйінен мәжбүрлеп шығаруы, заңсыз нысанды қиратуы кезінде полицейлердің қатысуын міндеттейді. Әділет министрлігінің түсіндіруінше, 2019 жылғы қарашада Халықаралық сот орындаушылары одағына мүше мемлекеттер тиісті құжатты қабылдады, онда мемлекет полиция күшімен сот шешімін орындауға көмектесуі керек екені көрсетіліпті. Әйтпесе ашулы адамдардың жеке сот орындаушыларды сабау деректері тіркелді.
Бүгінде республикада 263 мемлекеттік сот орындаушысы, 2200 жеке сот орындаушысы бар. Оларға 6 мыңнан астам көмекші қызмет етеді. Яғни, көмекшілер саны жеке сот орындаушылардан бірнеше есе көп. Өз кезегінде олар да борышкерлерді қудалауға тартады. Алайда заңда олардың жауапкершілігі реттелмеген. Алда көмекшілер де мезгіл-мезгіл кәсіби оқытудан өтуге міндеттелмек.