Бүгін «Қызылорда облыстық мүгедектер» қоғамдық бірлестігі мен аймақтағы БАҚ өкілдері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Мамандандырылған бөлімі жұмысымен танысты. Мүгедектігі бар азаматтар бөлімнің автодромында арнайы жасақталған көлікті айдап, жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын практикалық емтихан туралы мәліметтерге қанықты.
Айта кетейік, аталған бөлімдегі «Zaz Chance» маркалы механикалық қорапты автокөлігі жүру қабілетінен айрылған азаматтар үшін қолмен басқарылатын етіп жасақталған. Мүгедектігі бар азаматтар теориялық сынақтан сәтті өтсе, практикалық емтиханды арнайы көлікпен тапсырады.
Арнайы көлікті жүргізіп көрген «Қызылорда облыстық мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов мүгедектігі бар адамдар үшін практикалық сынақ тапсыру көлігінің қолайлы екендігін жеткізді.
Мен осы автодромда көлікті жүргізіп көрдім. Механикалық қорапты болғанымен мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жасақталған көлік өте ыңғайлы. Теориялық сынақтан сәтті өткен тағдырластарымыз, дайындалса бұл сынақтан да өтеді деп ойлаймын. Мүгедектігі бар адамдардың көбі көлік жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ деп ойлайды. Алайда, ынтасы бар адамдар бұл қорқынышты жеңе алады, - дейді «Қызылорда облыстық мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов.
Шара барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Тобаева мамандандырылған бөлімнің жыл басынан бері атқарған жұмыстарын да айтып өтті. Айтуынша ағымдағы жылдың 5 айында аталған бөлім жеке және заңды тұлғалардан түскен 17 мың 904 өтінішті рәсімдеген. Оның ішінде «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу» қызметі бойынша 13 мың 792, «Жүргізуші куәлігін беру» қызметі бойынша 4 мың 112 қызмет көрсетілген. Филиал директоры кей мемлекеттік қызметтердің онлайн түрде оңтайландырылғандығын да тілге тиек етті.
Өздеріңізге белгілі пандемия бізге онлайн жұмыстың тиімділігін көрсетті. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарын бармай-ақ «egov.kz» порталы арқылы алуға болады. Қазіргі таңда көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қызметін жоғарыда айтып өткендей «egov.kz» порталы мен «eGov mobile», «kaspi.kz» қосымшасы арқылы қол жеткізу мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері автокөлікті онлайн тіркеу бойынша 5 мың 642 қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 5 айында мерзімі өткен жүргізуші куәліктерін ауыстыру үшін онлайн түрде 109 қызмет орындалды. Бұл екі қызметті онлайн түрде рәсімдегендер куәлікті, көлік құжаты мен нөмірін қала сыртындағы мамандандырылған бөлімге бармай-ақ, Астана даңғылы 46 үй мекен-жайындағы №2 ХҚО-нан алуына болады, - деді Айнұр Тобаева.
Жыл басынан бері мамандандырылған бөлімге 5 мың 852 адам жүргізуші куәлігін алу мақсатында жүгінген. Оның ішінде куәлікті алғаш алуға 1 мың 509 азамат өтініш білдірсе, 336-сы сынақтардан сәтті өтіп, жүргізуші куәлігін алған.
Осы аралықта жол ережесін бұзып, жүргізуші куәлігінен айрылған 759 адам қайта куәлік алу мақсатында жүгінген. Олардың 80-і теориялық емтиханды сәтті тапсырып, куәлігін қайта алды. Айта кетейік, бұл санаттағылар практикалық емтихан тапсырмайды.
Сондай-ақ, 5 ай ішінде қосымша категория алу үшін 85 қызмет алушыдан өтініш келіп түсті. Олардың 12-сі сынақтардан өтіп, қалаған қызметтеріне қол жеткізді.
Мамандандырылған бөлімде 2022 жылдың 5 айында 228 жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, яғни, «VIP» санаттағы нөмірлер сатылып бюджетке 61 млн 342 мың 701 теңге түсті.