Табиғи отынмен жүретін көліктер нарықта көбейетін болды. Қытай зауыттары өндіріс көлемін де, экспорт көлемін де күрт ұлғайтқан.
Арзан қытайлық көліктер автокөлік өндірушілер үшін неге қауіпті?
Электрлі көліктермен бірге бензинмен жүретін арзан қытайлық көліктер де әлем нарығын қысымға алды. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: China Daily
217
оқылды

Gizmodo сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz әлемдік нарыққа қытайлық электр көліктері ғана емес, бірнеше миллион бензин мен газбен қозғалатын көліктің шығу себебін түсіндіреді.

Электромобильдердің танымалдығы артқан сайын, америкалық, еуропалық автокөлік өндірушілері Қытайдың жаңа брендтерін әлем нарығын жаулап алады деп алаңдай бастады. Бұған тағы бір проблема қосылды. Электрлі көліктермен бірге қытайлық арзан бензинмен жүретін көліктер де әлем нарығын қысымға алды.

Reuters агенттігінің сейсенбі күні (2 желтоқсан) жариялаған хабарламасында Қытайдың ең ірі 10 автокөлік өндірушісінің 8-і 2025 жылдың соңына дейін 6 миллионнан астам бензинді және газ-электр гибридті көлікті әлемдік нарыққа шығарады. Бұл Қытайдың барлық көлік экспортының 75%-ын құрайды. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 1 миллион ғана болған.

Бұндай өзгерістер әлемдегі ең ірі автомобиль өнеркәсібіне айналған Қытайдың өндірістік қуатын көрсетеді. Chery Automobile Co. – ең ірі экспорттаушы. Ол биыл қазанның соңына дейін шетелге жөнелткен 1 млн көліктің басым бөлігі бензин қозғалтқышымен жабдықталған. Қытайдың екінші ірі экспорттаушысы BYD биыл басқа елдерге негізінен электромобильдер жеткізді.

Қытай үкіметі электромобильдер нарығына мемлекеттік субсидия бөледі. Қытайда зауыттары бар қымбат сегментте орналасқан Volkswagen Group, Mercedes-Benz, General Motors және басқа америкалық, еуропалық брендтер соншалықты табысты емес. 

Соңғы айларда АҚШ пен ЕуроОдақ электромобильдерге қойылған бастапқы талаптардан бас тартуды жоспарлап отыр. Бұған қытайлық Volvo Cars пен Polestar компаниялары қарсы шығуда. Қытайдағы бензин қозғалтқышты көліктерді өндіру бойынша тым артық қуаттың арқасында өндірушілер жаңа нарықтарды игеру бағытын таңдауда.

Сарапшылар әбден қаныққан Қытай нарығында жұмыс істейтін отызға жуық брендтің бір бөлігін біріктіру қажет екені туралы жиі айта бастады. Қытайдың жетекші автокөлік өндірушілері Еуропадан тыс нарықтарға да назар аударған. BYD Бразилия мен Латын Америкасының басқа елдеріндегі позицияларын күшейтіп жатыр. Ресей де қытайлық көліктер үшін өсіп келе жатқан нарыққа айналды.

Алайда кейбір компаниялар үшін бұл стратегия екіұшты қаруға айналуы мүмкін. Нарықта клиенттік базасы тұрақты, сату және сервистік жүйесі жолға қойылған компаниялар бензинді және гибридті модельдердің кең тізбегін бұрыннан ұсынып келеді. Олар сатып алушыларды қытайлық көліктерге ауысып кетпеуі үшін бағаларды өсірмей, қосымша ынталандыру пакеттерін ұсынуға дайын.

Бұл жерде мәселе тек бағада болып тұр. Көптеген қытайлық көліктер негізінен баға есебінен сатылады. Мәселен, Еуропа нарығына арналған Tesla Model Y-дың бәсекелесі XPeng G6 сарапшылар тарапынан жағымды пікір алса, британдық басылымдар да Chery Tiggo 7 plug-in гибридін: «жәй ғана көлік іздеген адамдар үшін жақсы ұсыныс» деп сипаттаған.

Бұл айтылғандар АҚШ-та жақын арада қытайлық көліктер көптеп пайда болады дегенді білдірмейді. Бірақ олар Мексика арқылы кіре алады. Қытай тауарларына (әсіресе көліктер мен аккумуляторларға) қатысты тарифтік саясатты жылдар бойы қайта қарау және қытайлық бағдарламалық қамтамасыз етуге қатысты қауіптер қытай жеңіл көліктері үшін америкалық нарықты іс жүзінде жауып қойды. Ақ Үй басшысы BYD сияқты компанияларды Калифорнияда автобустар құрастыруға мәжбүрледі. Компоненттерді Қытайда өндіру арзан болғанымен, оларға әлі де жоғары кедендік баж салынады.

Соған қарамастан, америкалықтар Қытайда жиналған көліктерді жылдар бойы сатып алып келді. Бірақ биыл олардың саны азайды. Volvo биылғы жылдың басында Қытай зауытынан 2018 жылдан бері Еуропаға импортталып келген, сұранысы төмен S90 люкс седанын әкелуді тоқтатты. Олар EX30 электрлі кроссоверінің өндірісін 2026 жылғы модельдер шыққаннан кейін Бельгияға көшірді. Жаңа ES90 люкс электромобилін АҚШ немесе Еуропадағы зауыттарының бірінде өндіру идеясынан бас тартып, оны да импорттамайтын болды. Осы айтылғандар Қытайдың көлік индустриясының әлеуеті тым жоғары екенін, енді тек электрі емес, табиғи отынмен жүретін көліктер де әлем нарығына миллиондап экспортталатынын дәлелдейді.  

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.