5%-тік ипотека: аймақтағы тұрғын үй бағдарламаларына шолу
5%-тік ипотека: аймақтағы тұрғын үй бағдарламаларына шолу
Фото: ratel.kz
244
оқылды
Жастар республикалық тұрғын үй бағдарламаларынан бөлек, жергілікті әкімдіктер ұсынатын ипотека арқылы да баспаналы бола алады. Мұндай өңірлік бағдарламалар әзірге Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Жамбыл облысында ғана бар. «Алматы жастары» 2020 жылы іске қосылса, былтыр «Елорда жастары» арқылы астаналық тұрғындар баспаналы болды. Биыл олардың қатарын Жамбыл облысы әкімдігінің «Әулиеата жастары» бағдарламасы толықтырды. Аталған жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысу шарттары туралы ақпараттарды жинақтадық.
  1. «Алматы жастары» бағдарламасы
Жұмыс істейтін жастарға арналған «Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына құжат қабылдау биыл 18 мамырдан басталады. Бағдарламаға мемлекеттік бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген. Баспана алуға ниеттілер 2 маусымға дейін almaty-zhastary.kz сайтында құжат тапсырып үлгеруі қажет. Бағдарламаның негізгі шарттары Берілетін ең жоғары сома  – 18 млн теңге; Пайыздық мөлшерлеме – 5%; Бастапқы жарна – 10%; Несие мерзімі – 25 жылға дейін; Жаңа немесе қайталама нарықтағы баспананы алу мүмкіндігі қарастырылған. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар - Қазақстан азаматтығы; - қатысушының жасы: 35 жасқа дейін. Жұбайының (бар болса) жасы есепке алынбайды. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады; - үміткерде және оның отбасы мүшелерінде (жұбайы, балалары) жылжымайтын мүлкінің болмауы шарт; - қатысушының ресми жұмыс өтілі: Алматыда кем дегенде соңғы 6 ай, міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет. Бағдарлама кімдерге арналған?
  • денсаулық сақтау саласының қызметкерлері;
  • білім саласының қызметкерлері;
  • мәдениет саласының қызметкерлері;
  • спорт саласының қызметкерлері;
  • ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері;
  • журналистер;
  • әлеуметтік сала қызметкерлері;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Бағдарламаға қатысуға қажет құжаттар:
  • Үлгі бойынша өтініш;
  • Балалардың туу, қайтыс болу куәліктері және неке қию/некені бұзу куәліктері;
  • Отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
  • Кейінгі 1 жылдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтама;
  • Жұмыс орнынан толық ақпарат жазылған анықтама;
  • еңбек өтілін растайтын құжаттар;
Бұдан бөлек мамандық бойынша ерекшеліктерге байланысты қосымша қажет болуы мүмкін. Қатысушылар балл жүйесі арқылы бәсекелеседі Ұпай саны ең жоғары қатысушының пәтер алуға да мүмкіндігі зор. Өтінім берушілердің балы тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушыға басымдық беріледі. Некедегі әрбір жыл үшін – 1 балл; Бір балаға – 1 балл; Жұмыс өтілінің әрбір жылы үшін – 2 балл; Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса – 5 балл беріледі. Несие қалай беріледі? 1 маусым өтініш қабылдау аяқталып, 2 мауысымнан бастап барлық өтініштер жүктеледі. 20 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтініштердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріліп, әр санатта жинаған балл санымен қатысушылардың тізімі жасалады. Жолдама алғандар 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін банкке жүгінуі қажет. Банкке келмесе және банк рәсімінен өтпесе жолдама тізімдегі келесі қатысушыға беріледі. Төлем қабілеттілігі расталған қатысушы 45 күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді таңдап, құжаттарды банкке ұсынуға міндетті. Егер қатысушы белгіленген мерзімде баспана ала алмаса жолдама келесі қатысушыға беріледі.
  1. Elorda Zhastary бағдарламасы
Elorda Zhastary тұрғын үй бағдарламасы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Отбасы банктің 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен жобасы. Өтініштер бағдарлама порталында қабылданады. Әзірге өтініш қабылдау қашан басталатыны белгісіз. Бағдарламаның негізгі шарттары Берілетін ең жоғары сома  – 18 млн теңге; Пайыздық мөлшерлеме – 5%; Бастапқы жарна – 10%; Несие мерзімі – 25 жылға дейін; Жаңа немесе қайталама нарықтағы баспананы алу мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
  • білім беру саласының қызметкерлері;
  • денсаулық сақтау саласының қызметкерлері;
  • ЖОО және ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
  • БАҚ қызметкерлері;
  • мәдениет саласының қызметкерлері;
  • спорт саласының қызметкерлері;
  • әлеуметтік сала қызметкерлері;
  • коммуналдық сала қызметкерлері;
  • полиция қызметкерлері;
  • төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері;
  • жетім балалар.
Қатысушыларға қойылатын талаптар қандай? - жасы 35-тен (қоса алғанда) аспаған Қазақстан азаматы болуы керек; - бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады; - Қатысушы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Нұр-Сұлтанда кейінгі 1 жылдан кем емес тұрақты тіркеуі болуы қажет; - бағдарламаны ұйымдастырушы банкте сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс; - бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің кейінгі 5 жылда Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет; - Қатысушының кейінгі бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында ресми жұмыс өтілі болуы тиіс; - Отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда). Бағдарламаға қатысуға қажет құжаттар тізімі «Алматы жастары» бағдарламасына ұсынылатын құжат түрлерімен бірдей. Elorda Zhastary-на қатысушылар да жинаған ұпайлары арқылы іріктеледі.
  • толық 1 жыл жұмыс өтіліне – 5 балл, жарты жыл болса – 3 балл;
  • отбасында 1, 2, 3 топтағы мүгедектер мен мүгедек балалардың болуы – әр балаға 10 балл;
  • Елордада «Жетім балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға – 5 балл.
Жоғары ұпай жинаған қатысушылар тізімде бірінші орналасады. Ал бірдей ұпай жинаған жағдайда жасы үлкен қатысушыға басымдық беріледі. Толық ақпаратты zhilfond.kz сайтынан және сонда көрсетілген байланыс телефондары арқылы алуға болады. Бағдарламаға құжат қабылдау мерзімінің басталуы да сайтта жарияланады.
  1. «Әулиета жастары» бағдарламасы
2022 жылдың шілде айынан бастап Жамбыл облысында жастарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие беруге өтініш қабылдау басталады. Бұл жобаға кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлер қатыса алмайды. Басқа ипотека бағдарламаларында кезекте тұрмаған, төлем қабілеті бар жастарға басымдық беріледі. Жоба аясында 50 жасты баспанамен қамту жоспарланып, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Бұл бағдарламада да қатысушылар балл жинау жүйесі арқылы іріктеледі. Өтініш берушілерге некеде тұрған әрбір жылына, бала санына және жұмыс өтіліне, облыста тұрған уақытына, жинақ шотының болуына қарай ұпай беріледі. Ұпай саны тең болған жағдайда өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушы басымдыққа ие болады. Бағдарлама талаптары жақында арнайы сайтта жарияланады. Бағдарламаның негізгі шарттары: Берілетін ең жоғары сома  – 13 млн теңге; Пайыздық мөлшерлеме – 5%; Бастапқы жарна – 5%-тен бастап; Несие мерзімі – 19 жылға дейін; Жаңа немесе қайталама нарықтағы баспананы алу мүмкіндігі қарастырылған; Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: - жасы 35-тен (қоса алғанда) аспаған Қазақстан азаматы болуы керек; - бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады; - Қатысушы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Жамбыл облысында кейінгі 2 жыл ішінде тұрақты тіркеуі болуы қажет; - бағдарламаны ұйымдастырушы банкте сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс; - бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің басында баспанасы болмауы қажет; - Қатысушының кейінгі бір жыл ішінде Жамбыл облысында ресми жұмыс өтілі болуы тиіс. Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
  • денсаулық сақтау саласының қызметкерлері;
  • білім беру саласының қызметкерлері;
  • мәдениет саласының қызметкерлері;
  • спорт саласының қызметкерлері;
  • ЖОО-лар және ҒЗИ қызметкерлері;
  • журналистер;
  • әлеуметтік сала қызметкерлері.