Астанада лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамның әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Жәбірленушінің айтуынша, жуан жұдырықты күйеуі оны тіпті өз туыстарынан да қызғанған. Ауыр соққы мен тепкіден әйелдің төрт жерден сүйегі сынып, миы шайқалған, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Отасқан төрт жылда көрген қорлығым тек бұл емес дейді ол. Енесі осындай отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресіп, әйел мен бала құқығын қорғап жүрген белсенді екен.
Аружан жолдасы Елнұр Байметовпен 2018 жылы отау құрған. Арада екі бала бар. «Бірақ, отбасы деген аты ғана. Бірге болған жылдарымның барлығында ұрып-соғудан көз ашпадым», – дейді Аружан.
Келіншектің айтуынша, көрмегені жоқ. Ұрған, соққан, буындырған. 20 градус суықта балконға қамап қойған. Көп жағдайға жанжалға шектен тыс қызғаныш себеп болады екен. Тіпті соңғы кезде өз туысқандарынан да қызғануды шығарды дейді Аружан. Желіде тараған видеоға да сондай жағдай себеп болыпты.
Жәбірленуші Аружан Байметова: «Біз екеуміз менің туыстарымның шақыртуымен караокеге бардық. Бір сәтте мен қолыма микрофон алып ән шырқай бастадым. Екінші микрофонды күйеу балам, яғни сіңлімнің жолдасы алып қосылды. Күйеуім дереу ұялы телефоныма қорқытып хабарлама жіберді. Кеш тарқап үйге келгенде жедел саты есігі жабылмай жабып мені ұра бастады. Мен жерге құлап қалдым», – дейді.
Бірақ жолдасының сол күнгі төмпеші мұнымен бітпепті. Айтуынша, күйеуі өздерін үйге жеткізіп тастаған інісімен бірге болдың деп, әйелін тағы соққының астына алған. Бірақ полиция бұл деректі ескермей отыр дейді Аружан. Жалпы сол күнгі соққыдан келіншектің төрт бірдей сүйегі сынып, миы шайқалған.
Ал енесі болса, бұл бәріміздің басымыздан өткен жағдай деп жұбатады екен. Сол сабырға шақырған енесі Шымкент қаласындағы белсенділердің бірі екен. Дәлірек айтқанда, балалар мен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Ұлы әлеуметтік желіні шулатқаннан кейін Гүлайым Шұңғараева әлеуметтік желідегі парақшаларын түгел өшіріп тастаған. Өзімен телефон арқылы тілдескенде «баламды қолдамаймын» деп отыр. Бірге тұрғанда ешқандай оғаш қылығын байқамадым деп ақталды.
Күдіктінің анасы Гүлайым Шұңғараева: «Бұл жағдайда айтып өтерім, әрине, қолдамаймын. Бірақ бұл – Астанада болған оқиға. Төрт жарым жыл бойы балам мен келінім менің қолымда тұрды. Ешқандай мұндай нәрсе, әбестік, қол жұмсау деген болған емес», – дейді.
Әйел құқығын қорғап жүрген белсенділер мұндай жағдайдың көптігін, бірақ басым бөлігі жабулы қазан күйінде қалатынын айтады. Жыл басталғалы төрт айда тағы 300-ден астам дерек анықталған.
Лифтіде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жігіттің өзі бостандықта. Оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберген.
Ал жолдасынан зәбір көрген Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажыраспақ.