Біреуді сөзбен де жәбірлеуге болмайды – Динар Нүкетаева
Біреуді сөзбен де жәбірлеуге болмайды – Динар Нүкетаева
678
оқылды
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді. Астанада лифт ішінде еркектің әйелін соққыға жығуы – бұл бір ғана мысал. Бұдан бөлек, қаншама әйел тұрмыстық зорлықтың құрбаны болып жатыр?! Зорлық-зомбылық көрсетудің астарында әлеуметтік мәселе ғана жатпағанын соңғы оқиға дәлелдеп тұр. Мұның алдын алудың жолы бар ма? Парламент Сенатының депутаты Динар Нүкетаеваға осылай сауал тастаған едік. – Астанада лифттің ішінде әйелін соққыға жыққан еркектің іс-әрекеті жұртты шошытты. Ауыр соққы мен тепкіден әйелдің сүйегі төрт жерден сынып, миы шайқалған. Әйелдің енесі осындай зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқығын қорғап жүрген белсенділердің бірі екен. Әйел мен ұлының іс-әрекеті неге бір-біріне үйлеспей тұр? – Бұл оқиға туралы ақпараттарды көрдім, оқыдым. Оқиға 27 наурыз күні болыпты. Әйелін соққыға жыққан еркектің анасы зорлық-зомбылық көрген әйелдердің, балалардың құқығын қорғауға белсенділік танытып жүрген жанның бірі екен. Қазақта жақсы бір сөз бар: «қызым – үйде, қылығы – түзде» дейді. Қандай ата-ана болса да, баласына «жарына ғана емес, тіпті құрт-құмырсқаға қылдай қиянат жасама» деп өсіреді, тәрбие береді. «Ешкімге зәбір көрсетпе» дейді. Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме дегенді жиі айтып жатады. Мүмкін, ол үйінде жап-жақсы бала болып ержеткен шығар. Біз оның өмірін дұрыс білмейміз ғой. Бірақ «мінезі – түзде» деп өзінің еркек екенін, өзінің сол әйелдің күйеуі екенін көрсетіп, дөрекілік танытып, лифттің ішінде осындай іс-әрекет жасауы ешбір ақылға да, ешбір заңға да сыймайды, ешкім бұл әрекетті жақтап та, ақтап та ала алмайды. Зәбір көрген адам кім болса да, ол да біреудің баласы. Менің де қызым бар. Ол еркек сол әйелден ұрпақ сүйіп отыр­ған жоқ па? Сондықтан ешкім ешкімге зәбір, зорлық-зомбылық көрсетуге құқы жоқ. Біздің Ата Заңымызда да бірінші адамның құқы қорғалады. Дене жарақаты былай тұрсын, адам баласы екінші біреуді сөзбен де жәбірлеуге болмайды. Елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заң бар. Ол жігіттің зайыбы болғанымен, ол да осы мемлекеттің азаматы. Сондықтан құқық қорғау органдары бұл оқиғаға қатысты дұрыс зерт- теу-зерделеу жұмыстарын жүргізетін болар деген сенімдемін. – Жыл басталғалы бергі төрт ай ішінде осындай 300-ден астам дерек тіркеліпті. Елімізде зорлық-зомбылық неге азаймай тұр? Себебі неде? – Бұл деректердің себебі әр­түр­лі деп ойлаймын. Зорлық-зомбылықтың бар екені, сондай оқиғалардың болып жатқаны туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы жиі еститін болдық. Әлеуметтік желілер болмаған уақыттарда да мұндай оқиғалар болмады емес, болды. Бірақ олардың көбі жасырын, жабық күйінде қалып қоятын. Адамдардың өздері де жасырып-жабуға тырысатын. Қазір қоғам басқа. Ешкім зорлық-зомбылық көрсетуге құқы жоқ. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін заң нормаларын қатаңдатқан жөн. Бүгінгі қоғам отбасы құндылықтарының, жалпы құндылықтардың құлдыраған кезі деп ойлаймын. Бұрын отбасындағы әкенің, ананың рөлі айқын, ата-әже институты мық­ты болған. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бар емес пе? Қазақ «тәрбие – талбесіктен» деп айтады. Мүмкін, сол талбесіктен басталатын тәрбие беруде бір кемшіліктер жіберіп алдық па? Сондықтан балабақшадан, мектептен бастап, тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан тәрбие мәселесіне байланысты бір концепция дайындалып жатқан секілді. Жақында осыған арнайы дөңгелек үстел де өтті. Ата-аналар балабақша, мектеп тәрбиелеп жатыр деп ойлайды. Көп міндетті мұғалім­нің мойнына іліп қойдық. Ең басты тәрбиенің негізі үйден басталатынын ұмытып кеттік. Тәрбие мәселесіне байланысты заң керек пе деп ойлап жүрмін. Еркек неге әйеліне қол көтереді? Мүмкін, оның психологиялық жағдайы дұрыс емес шығар. Мүмкін, ол еркекке психологтің көмегі қажет шығар. Отбасында қандай жағдайлар болып жатыр, келіспеушіліктер бар ма, оны неге зерттемейміз? Жастар үйленер алдында да профилактикалық жұмыстар жүргізген дұрыс. Біреу біреуге қол жұмсап, зорлық-зомбылық көрсетіп, жарақаттап, мүгедек қыл­ғаннан кейін ғана қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырмай, алдын алудың жолдарын іздегеніміз жөн.

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР