Токты көп тұтынып, аз өндіреміз
Токты көп тұтынып, аз өндіреміз
180
оқылды
Қазақстанның энергетика секторы үлкен дағдарыста тұр. Өйткені елдегі энергия өндіруші нысандардың 75 пайызы, электр тарату желілерінің 80 пайызы тозған. Ал жылумен жабдықтау ісі таза шығынға батқан. Сонда, бір кездері электр энергиясы профицит болған, тіпті оның едәуір бөлігін сыртқа экспорттайтын елден, енді энергия тапшылығына ұрынатындай халге қалай жеттік?! Әсіресе, жылу торабында қа­лып­тасқан ахуал жағаңды ұста­тады. Желіде таратылатын энер­гия­ның үштен бірі ұшты-күйлі жоғалады. Ондағы апаттың жиілігі 1 шақырым құбырдың ұзындығына шаққанда жылына 1-ден 5-ке де­йін, тіпті кей өңірлерде 10-ға дейін жетеді. Еуропада оның көрсеткіші 0,1-ден аспайды. Ал электр желілеріндегі орташа шығын 14 пайыз, кейбір өңірлерде ол 18 пайыздан асады. Тағы да салыстыра кетсек, Германия мен Жапонияда оның көрсеткіші – 4-5 пайыздың төңірегінде. 2014 жылы бес жылдық «Нұр­лы жол» мемлекеттік инфрақұры­лымдық даму бағдарламасы қа­былданып, ол 2015-2019 жылдар аралығында бюджеттен субсидия және халықаралық ұйымдар ар­қылы қаржыландырылып келді. Бағдарлама аясында жылу желісін жыл сайын 2-4 пайызға жаңартып отыру жоспарланған. Ол бойынша жылына 300 шақырым жылу құ­бырын ауыстыру көзделген. Бірақ бұл көлем энергетикалық секторды жаңғырту үшін жеткіліксіз болды, ол тек жүйені біржолата тозып ке­туден ғана сақтай алды. Сарап­шы­лардың айтуынша, жыл сайын 750 шақырым торап ауыстыр­ған­ның өзінде жылу жүйесін тек 2030 жылға қарай толықтай жаңартып шығуға болады екен. Алайда бұл бағдарлама 2019 жылы тоқтап қалды. Тіпті, жалпы ел экспортының 60 пайызын беріп отырған газ-мұнайға бай Батыс Қазақстан аймағында электр торабы шаруа­шылығы 80 пайызға тозып біткен. Ол өнеркәсіптік өлкені энергиямен толық қамтамасыз ете алмай, жалпы өнім өндірісін төмендетеді, ал бұл айналып келгенде тұтас қазақ экономикасының құлды­рауына соқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек, жарықтың жиі сөнуі халық­тың онсыз да жұқарып жүрген жүйкесіне ши жүгіртетінін де естен шығармаған дұрыс. Негізгі құралдардың тозығы жеткен Қазақстанда 37 жылу-электр орталығы (ЖЭО) бар: оның жеке­мен­шіктің қолындағысы – 22, мем­лекет қарамағындағысы – 15. Бұ­лар­дың ішінде 28 ЖЭО жарты ға­сырдан бері қолданыста болған, қал­ған 9 ЖЭО-ның пайдаланылып жүргеніне де 30 жылдан асыпты. Тұ­тастай алғанда, ЖЭО негізгі жаб­дық­та­рының 66 пайызының тозы­ғы жет­кен. Ал Орал, Тараз, Кентау, Қы­зыл­орда және Степно­горск қа­лаларында ол 80 пайыздан асып кеткен. Қазақстан электр энергетика­лық қауымдастығының құрметті энергетигі Жақып Хайрушевтің айтуынша, елімізде 2009-2016 жылдар аралығында шекті тариф бағдарламасы енгізілген кезде са­лаға құйылған инвестиция көлемі 5 есеге артып, 700 миллиард теңге болған. Осы ақшаға энергетиктер қолданыстағы 5000 МВт-ты жетіл­діріп, қосымша 1700 МВт электр қуатын өндіріске қосқан. Шекті тариф бағдарламасы аяқталғаннан кейін энергетиктердің тарифі тоқтап қалды және 12 пайыздық рентабельдік жойылды. Өкінішке қарай, 2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін энергетиктердің ин­вестициялық бағдарламасы са­ланы жетілдірумен емес, негізінен қолданыстағы қуатты азайтпай ұстап тұрумен ғана шектеледі. «Энергетика нысандары әдетте табиғи монополия субъектісіне жататыны белгілі. Олардың табы­сы антимонополия ведомствосы бекіткен тарифтік сметаға байла­нысты. Ал бұл сметалардың басым көпшілігі шығынды, яғни жаңадан нысан салмақ түгілі қолданыста­ғысына күрделі жөндеу жасаудың өзіне ақша табу қиын»,– дейді Жақып Хайрушев. Сарапшы бұл саланың оңалып кетуі үшін тарифтік саясатты же­тілдіру керек деп санайды. Ал бү­гінгі қолданыстағы тарифті шектеу саясаты электр желісі құралдардың да, жылумеханикалық жабдық­тардың да тозуына ұрындырған. Кейбір нысандар толықтай ес­кірген. Айталық, жақында Кентау ЖЭО-5-ке барған ҚР Энергетика министрлігінің қызметкерлері «та­рифтің өндірістік және энергия таратуға кететін шығындарды жаба алмауына байланысты жыл сайын жылу беру маусымына даярлау үшін Кентау жылу-электр орта­лы­ғына бюджеттен қаржы бөлетіні» туралы қорытынды шығарды. Мұн­дай мысал басқа өңірлерде де жеткілікті. Мәселен, Ақтау қала­сындағы 82 пайыз тозығы жеткен жылу торабына жөндеу жүргізу үшін республикалық бюджеттен 194 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Орал ЖЭО-ын жаңғырту және же­тілдіру үшін қазынадан көп мөл­шерде қаржы жұмсау жоспарлан­ған. Қызылжар ЖЭО-2 басындағы ахуал да осы. Бұл фактілер Қазақ­станда электр энергетикасының тарифі экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, ол субъектілердің шығындарын өтей алмайтынын және нысандарға жөндеу жүргізуге мұрша бермейтінін көрсетеді. «Мүмкін стратегиялық энерге­тиканы «Самұрық-Энерго» АҚ аясында шоғырландырған дұрыс болар, өйткені бұл саланы модер­низациялау мен жаңартуға оның негізгі компаниясының ақшасы жеткілікті. Мысалы, «Самұрық-Энерго» АҚ Алматы ЖЭО-2-ны құны 300 млрд теңгеге бағаланған жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр»,– деді сарапшы. Электр энергиясы тапшы Сондай-ақ энергетиктер қала құрылысының қарқынына ілесе алмай келе жатқанын және жа­ңадан өнеркәсіп кәсіпорындарын іске қосуға қуаты жетпей жатқанын да ескере кеткен жөн. Қазір жұмыс істеп тұрған ЖЭО барлығы совет заманында бой көтерген, Тәуел­сіздік кезеңінде бірде-бір ЖЭО салынған жоқ. Ал жаңа жылу орта­лығын салу үшін кемінде 5 жыл уақыт керек, сөйте тұра елімізде энергия тапшылығы қазірдің өзін­де жан алқымнан алып тұр. Кейінгі жылдарға дейін жеке­леген жайттарды айтпағанда, Қа­зақстан электр энергиясын еш­қай­дан импорттаған жоқ, қайта Өз­бек­стан, Қырғыз Республикасы сияқ­ты көрші мемлекеттерге өзі экс­порттайтын. 1 млрд киловатт/са­­ғат электр энергиясына дейін импорт­тайтын. Ол ақшаға шақ­қанда 25 миллион доллар шама­сында. Ал енді өзімізге Ресейден 400 млн ки­ловатт-сағат электр энергиясын импорттау мұқтаж­дығы туып отыр. Энергетика ми­нистрлігінің де­регіне сүйенсек, Қазақстан Ресей Федерациясынан электр энер­гиясын кВт/сағ-ын 25 теңгеге са­тып алуға келіскен, ол желі бо­йы­мен тұтынушыға жет­кен­ше әр кВт/сағ 30 теңгеге айналады. «Электр энергиясының тап­шы­лығы неден болды, Тәуелсіз­діктің 30 жылында неге бірде-бір ЖЭО салынбады» деген сауалды Энергетика министрлігінің Электр энергиясын дамыту департамен­тінің директорының міндетін ат­қарушы Асылжан Мусинге қой­ғанымызда, ол: «Қазақстанда кейінгі жылдарға дейін электр энергиясының жетіс­пеушілігі болған жоқ, біз оның артығын сыртқа экспорттап кел­дік. Жаңа ЖЭО-ын салудың еш­қан­дай қажеттілігі болмады. Ондай қажеттілік енді ғана туындады. Ал қазіргі электр энергиясының тап­шылығына бәрінен бұрын жасы­рын майнингтің шамадан тыс артып кетуі кесірін тигізіп отыр»,– деді Асылжан Мусин. Электр энергетика саласын дамытудың маңызына былтыр Мем­лекет басшысы да назар ау­дартқан болатын. – Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұты­ну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақ­тылығына тікелей байланысты, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір электр энергиясы саласы үлкен көлемдегі инвестицияға мұқтаж. Мамандардың айтуынша, энергияны өндіруші секторды жаңарту үшін шамамен $30 млрд қажет, одан бөлек энергия тиім­ділікті арттыруға қосымша тағы $4 млрд керек. Сондай-ақ тиімді тариф бекітілсе, оны кейін суб­сидиялау үшін бюджеттен қы­руар қаржы бөлінбес еді. Ал бюд­жеттің бұл ақшасын әлеуметтік са­лаға жұмсап, тұрғын үйлер, ауру­ха­на­лар, мектептер мен ба­ла­бақ­шалар салынса, ол анағұрлым дұрыс болар еді. Өйткені респуб­ликалық бюджет онсыз да дұрыс жиналмай жатыр, ал Ұлттық қор жылдан-жылға сарқылып барады, сон­дық­тан энергетика саласын дамытуды қазынаның қаржысына қаратпай, нарықтық механизмге сүйенгеніміз жөн болар-ау.