Астанада 11 мамыр күні 8-қабаттың балконынан құлайын деп тұрған 3 жасар қызды Сәбит Шонтақбаев досы Сағи Жылқышиевпен құтқарып қалған болатын.
Арада біраз уақыт өткенде үш жасар қызды құтқарған үшінші жігіт табылды. Ол сол кезде Сәбит шыққан терезені ұстап тұрған көрінеді. Оған Сағи Жылқышиевтің «Мен Сәбиттің аяғын жібермей ұстап тұрдым. Бір жігіт терезе жабылып кетпеуі үшін терезені ашып, ұстап тұрды» деуі дәлел. Бұл туралы блогер Батыр жазды.
«Есімі Нұрайдын. 2003 жылы туған. Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Астанада ағасының үйінде тұрады. Қазір Қарағанды университетінің Математика және ақпараттық технологиялар факультетінде 2-курста оқиды.
Дәл сол күні ол сессияға асығып бара жатқан. Бірақ, сол сәтте Сағидың қасында терезені тіреп тұрған осы Нұрайдын болған екен. Сағи өзі де соңғы видеода қасымызда тағы бір жігіт болған дейді. Таптық. Қарапайым жігіт. Студент. Өзім түсемін деген жоқ. Өзім түсірейін дедім. Осындай жігіттерді ел біліп жүрсін дедім. Ата-анасы да қуанып жүрсін. Жарайсың Нұрайдын.
Бұл жігітке медаль, ешнәрсе керек емес! Ерекше құрметтің де керегі жоқ! Тек ел білсін деп көрсеттім», – дейді блогер.