Биылғы жазда Қазақстанда зейнетақы реформасы басталады. Көп сынға іліккен жинақтаушы зейнетақы жүйесінің шынында кемшілігі көп екені байқалып тұр. Сондықтан мемлекет бірер жылдан кейін кепілдендірілген ынтымақты зейнетақыға қайта оралуы мүмкін.
Мазақ етіп жатқан сияқты...
Елімізде 2028 жылы кепілдендірілген ынтымақты зейнетақы түрі төлене бастайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша ұсыныстар топтамасы түзілгенін хабарлады. Оған зейнетақы жүйесінің ынтымақты бөлігін қайта қалпына келтіру жөніндегі ұсыныс кірді. Себебі алда зейнетке шығатын азаматтар тек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарына қарап қалмақ. Қор өз қызметкерлерін жұрт жинағынан миллиондап жалақы, бонус, сыйақымен жарылқағаны болмаса, болашақ зейнетақыны еселеп арттыра алмады. Жүйе сенімді ақтамағанын Үкіметке мойындауға тура келуде.
– Қазақстанда кеңес кезінен қолданылған ынтымақты зейнетақы жүйесі түгесілуге таяу. Мемлекет беретін зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс өтілі бар адамдарға ғана төленеді. Бүгінде 1956-1957 жылдары дүниеге келген азаматтар зейнеткерлікке шығып жатыр, ал олардың ынтымақты жүйеде талап етілетін толық жұмыс өтілі жоқ. Тиісінше, ендігі зейнеткерлер үшін бірінші орынға жинақтаушы зейнетақы жүйесі шығады. Алайда ол қазіргі күйінде ынтымақты жүйеден босап қалатын олқы тұсты толтыруға мүлдем қабілетсіз! – деп сынады министр.
Сол себепті сегіз жылдан кейін ынтымақты жүйені басқаша форматта «қайта тірілту» қарастырылып отыр. Әйтпесе, осынша уақыттан кейін тек БЖЗҚ-ның тиын-тебеніне тәуелді болатын қазақстандық зейнеткерлер әлемдегі ең жағдайы төмен жандарға айналып шыға келуі ғажап емес.
Мысалы, зейнеткер Сапарбек Сыдықов екі зейнетақы алатынын айтады:
«Біріншісінде – ынтымақты жүйеден 107 мың теңге аламын, ал жинақтаушы зейнетақы қорынан бар-жоғы 27 000 теңге қосылады. Маған 107 000 теңге жеткілікті. Ол болмаса, БЖЗҚ беретін мардымсыз қаржы түкке де жарамас еді. Мазақ етіп жатқан сияқты», – дейді ол.
Министр Б.Нұрымбетов мемлекеттің базалық зейнетақысы түйткілді мәселені шешпейтінін жеткізді: 10 жылдан кем жұмыс өтілі бар қазақстандықтарға күнкөріс шегінің 54%-ы көлемінде ғана базалық зейнетақы төленеді. Ал бұл – бар-жоғы 16 мың теңге. Оған БЖЗҚ бірер мың қосса, зейнеткердің ахуалы аянышты сипат алады.
Мемлекет кепілдендірілген ынтымақты төлемді жұмыс істейтін азаматтардан жиналатын алым есебінен төлемек. Онда «2 жұмысшы бір зейнеткерді асырайды» дейтін бұрынғы формула қайта күшіне енеді. Егер билік пен халық мұны қаламаса, басқа балама бар: елдегі жалақы өсуі тиіс. Сонда БЖЗҚ-ға да молырақ жарна аударылады.
– Жалақыны көтеруіміз керек. Қазақстанда ең төменгі жалақы – 42 мың теңге. Өте аз. Бүкіл әлемде Кейтц индексі қолданылады, ол ең төменгі жалақы мен орташа жалақының ара-қатысын білдіреді. Осы көрсеткіш 46-50%-дан кем түспеуі қажет. Орташа жалақы 224 мың теңгеге жетсе, ең төменгі жалақы 72 мың теңге болуы тиіс. Үкімет бұл бағытта әрекет жасамақ, – деді министр Б.Нұрымбетов.
Тағы бір түйткіл сол, жұмыс істейтін қазақстандықтың барлығы бірдей БЖЗҚ-ға жарна аудармайды. Яғни, бұл жүйеге қатыспайды. Келесі бір бөлігі жарнаны үздіксіз емес, ара-тұра ғана енгізеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегінше, қазіргі кезде еңбек ететін 8,7 миллион қазақстандықтың арасынан тек 6,5 миллионы ғана БЖЗҚ-ға жылына ең құрығанда бір рет жарна төлейді.
Мұның сыртында Қазақстанда 100 мыңға жуық кәсіпорын 2,7 миллиард теңге көлемінде зейнетақы жарнасы бойынша берешек.
Ұлт саулығы, әлде БЖЗҚ байлығы ма?
БЖЗҚ-дан қайыр болмаған соң азаматтар ондағы жинақтың бір бөлігін оқу, емделу, үй алу секілді басқа мақсаттарға жұмсау жөніндегі Президент Қ.Тоқаевтың бастамасын қуана қарсы алды. Қазақстандықтардың шешілмеген проблемалары бастан асады, олар ай сайын мәжбүрлі түрде «тәркіленетін» 10 пайыз табысы БЖЗҚ басшыларын ғана байытып, бос жатқанына шағымданады. Бұл қаражат халықтың әл-ауқатын көтеруге үлкен ықпал ете алады.
«Анам Рахима 2018 жылы зейнеткерлікке шықты. Сонда БЖЗҚ-да 2 млн 200 мың шамасында қаражаты болды. Одан келер пайда шамалы. Сол қаражатын анамның денсаулығын жақсартуға жұмсау үшін алғымыз келеді. Рахима Батырқызы қалқанша безінің қатерлі ісігіне душар болды. Үкіметтен оның жинақтау қорындағы қаражатын соған беруді өтінеміз», – дейді қызы Ләззат.
Ал Әлия Мұстафиева министрге жазған хатында зейнетақы жинағын баспана мәселесін шешуге шығындауға рұқсат етуді сұрады.
«Президент тапсырмасы бойынша зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі қарастырылып жатқанын білемін. БЖЗҚ-дағы есепшотымда 6 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Яғни, 7-20-25 бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бар: зейнетақылық жарналарым 20% бастапқы жарнаны өтеуге жетеді. Төл баспанам жоқ, Алматыда пәтер қымбат. Әйелдер қорда 9,6 млн теңге жинаса, тек содан асқанын ғана алуына рұқсат деген жаңалықты оқыдым. Дәл қазір зейнетке шыққалы отырған жоқпыз. Жас әйелдерді олай кемсітудің қажеті қанша? Бұл тұрғын үй құрылысы бағдарламасына да серпін береді», – дейді ол. Ал үй болмай, адамда күй болмайтыны мәлім.
Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, «жеткіліктілік сомасы» (сумма достаточности) аталатын межені төмендету пысықталу үстінде.
«Президентке ұсыныстар енгіздік, ол құптады. Біздің міндетіміз – зейнеткерлікке шығатын азаматқа қалыпты өмір жағдайларын қамтамасыз ету. Осы мақсатта актуарлық есептеме жасалды. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жыл. 2025 жылға қарай оны 75 жасқа дейін ұлғайту міндеті қойылды. Есебіміз бойынша зейнеткер атанғасын азаматтарымыз орташа алғанда, тағы 15-тен 25 жылға дейін өмір сүреді. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік сомасы – 10-12 млн теңге. Бұл соманы азайту нұсқасы да қарастырылуда», – деді вице-премьер.
Бүгінде болашақ зейнетақы тек зейнеткердің өз жинағы мен мемлекеттің төлемінен ғана құралады. «Атамекен» палатасының және кәсіпкерлердің қысымымен Үкімет жұмыс берушілерді өз қызметкері үшін 5 пайыз жарна аударудан 3 жылға босатты. Болашақта олар да осы жүйеге тартылса, қазақстандықтардың зейнетақысы артпақ.
Вице-премьер Б.Сапарбаев басқаратын Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы зейнеткерлік жасына жеткен адамдарға қордағы жинағының жартысын алуға рұқсат ету жайын да пысықтауда.
Ал экономист Олжас Құдайбергенов осы топтан шығатынын мәлімдеді және Б.Нұрымбетовтің отставкаға кетуін талап етті. Ол «министр біліксіз шешім ұсынды» дейді. Біріншіден, салымшылардың тек 1%-ына жинағын пайдалануға рұқсат етілмек. Ал ол адамдар онсыз да ауқатты, баспанаға мұқтаж емес. Екіншіден, жұмыс тобы зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдікті жоюды ұсынған. «Азаматтар зейнетақы жүйесіне онсыз да сенбейді, енді мемкепілдікті алып тастаса, бұл адамдар сенімін түпкілікті құртады. Бұдан тек зейнетақы активтерін жауапсыз басқаратындар ұтады», – дейді экономист.
Дамыған елдерде адам өз жинағын тегіс алып қоямын десе де, өз еркі. Мысалы, АҚШ-та ең ірі банктер Lehman Brothers пен Merrill Lync банкрот болғанда, қаншама америкалық зейнеткердің активі күйіп кетті. Бірақ ол үшін мемлекет өтемақы жасамады. Өйткені болашақ зейнетақысын әр адам өз бетінше басқарса, демек оның жойылып кетуіне де өзі жауапты.
Жалпы, ішкі саясаты қатаң АҚШ және Еуропа елдеріне қарағанда, Қазақстан – әлдеқайда әлеуметтік бағдарланған мемлекет. Ендеше алдағы зейнетақы реформасы барысында барлық тараптың көңілінен шығар қадамдар қолға алынады деген үміт мол.
Айхан ШӘРІП