Түркістан облысында жәбірленушілерге 10 миллион теңгеден астам шығын келтірген мал ұрылары ұсталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күдіктілер қылмыс жасар алдында өз рөлдерін жоспарлап, бөліп алған. Мәселен, басты күдікті жайылымда қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда, өзінің ұсақ малдарына қосып, айдап әкетіп отырған. Ал, екі сыбайласына ұрланған төрт түлікті арзанға сату міндеттеліпті.
«Келес аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын 3 сиырының жайылымнан ұрланғанын көрсеткен. Аталған іс негізінде жедел-тергеу тобын құрдық. Күдікті ретінде жергілікті тұрғынның жеке басы анықталып, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстадық. Тергеу кезінде ол мал ұрлығымен айналысқанын мойындап, қылмысты ұйымдастырушы мен сатып алушы сыбайластары бар екенін айтты. Содан кейін тағы 6 күдіктіні қолға түсірдік», – деді Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Күдіктілер олжаларын «Газель» маркалы көлікпен тасымалдаған. Барлығы 28 үй жануарын сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізіп келіпті. Қылмыстық топтан айғақты зат ретінде «Газель» көлігі, 6 жылқы мен 2 сиыр тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.