Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергенді қамау мерзімі бір айға ұзартылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Сот қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды. Күдіктіге 1 ай мерзімге қамауда ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қамау мерзімі – 2022 жылдың 21 маусымына дейін», – делінген хабарламада.Бұған дейін Қайрат Құдайбергенге қатысты әрекетті саралау туралы қаулы шыққанға дейін оны 30 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілген еді. Еске сала кетейік, ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің қаңтар оқиғасының ісі бойынша ұсталғанын растады. Қайрат Құдайберген Дикий Арманмен бірге адам жинауды ұйымдастырған. 7 қаңтарда Алматыда полицейлер «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті ұстады. Кейін ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров «Дикий Арман» тобы 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстағанын айтты.