Қарағандыда қанттың бір келісі 1300 теңгеден сатылған
Қарағандыда қанттың бір келісі 1300 теңгеден сатылған
Ең қымбат қант - Қарағандыда, бір келісі -1300 теңге тұрады. Ал кей дүкендерде мүлдем қант жоқ.  Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мәлімдеді. Қадағалаушы органға тұрғындар қант  таппай жүргендерін айтып шағымданып жатыр. Astana.tv телеарнасының хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сауда нүктелері мен жергілікті дүкендерді тексеруге кірісті. «Бағаларға мониторинг жасаймыз, қоғамдық тамақтану орындары дүкендердің қантты негізсіз қымбаттатып жібергенін айтады. Бағасы көрсетілген, бірақ қант жоқ сөрелер тұр. Тіпті 900-ден 1300 теңгеге дейін көтерілген», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті "Сарыарқа - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Малика Күсенбаева Қарағанды облысы Кәсіпкерлік басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Құсайынның айтуынша, аймаққа ай басынан бері 400 тонна қант өнімі келген және коммерциялық қоймаларда 334 тоннадан астам қант өнімі бар. СПК стабилизациялық қорында 465 тоннадан астам қант өнімі тұр. Тауарлық интервенция жүргізілуде. Қарағанды вокзалының маңындағы жұрт ең көп келетін әлеуметтік павильонның сатушылары күніне 8 қап қант сататындарын айтады. Супермаркеттер желісінің көбінде шекер біткен. Ал кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, өнім  өңірде жеткілікті. "Жоқшылықты кәсіпкерлер қолдан жасап отыр", - дейді.