Ауылда үй салғандар субсидия алады
Ауылда үй салғандар субсидия алады
657
оқылды
Сарапшылар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасанды урбанизация қарқынды жүргізілгенін айтады. Барлық жағдай халықты ауылдан қалаға үдере көшуге итермеледі. Жаңа тұрғын үйлер негізінен қалаларда салынды, ірі кәсіпорындар жаппай жабылды, ауылда жұмыс қалмады, Үкімет «болашағы жоқ ауыл» деген қазақ ешқашан естімеген терминді ойлап тауып, мыңдаған ауылды ыдыратты. Сондықтан «Жаңа Қазақстан», Смайыловтың жаңа Үкіметі алдында «қазақтың алтын бесігін» дамыту міндеті тұр. Құрылыс рекордтары «жетімбұрышты» жоймады 30 жылда елімізде 169,7 миллион шаршы метр баспана тұрғызылғанын шенеуніктер мақтан тұтады. Бұл 1 млн 540 мың отбасын үймен қамтуға жеткілікті. Бірақ соншасын қамтымады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, «тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға өсіп отырады және 2021 жылы 548 мың адамнан асты». Қайта бұл азайғаны: өйтпегенде 1 миллионнан да асып кететін еді. Жалақысы Отбасы банктен немесе екінші деңгейлі банктерден ипотека алуға жетеді деп есептелетін бюджет қызметкерлері, мемлекеттік қыз­метшілер, жалғызілікті аналар мен әкелер және басқа санаттағы аза­маттар үй кезегінен шығарып тас­талды. Оларды қазір де кезекке қоймайды. Салалық ведомствоның түсіндіруінше, енді бұл тізімге әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс ше­гінен (37 389 теңгеден) аз болса ғана тіркеле алады. Сөйтіп, Қазақстанда шын мә­нінде «жетімбұрыш» жағалап жүр­ген қазақстандықтардың нақты са­нын білу мүмкін емес, олар кө­леңкеде қалды. Тізімде тек тақыр ке­дей күйдегі көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалы от­басылар, бірқатар әлеуметтік осал топ қалды. Бүгінде үй кезегін­де­гілердің қатарын жекеменшіктегі арендалық баспананы субсидиялау тетігі арқылы азайту көзделген. Президенттің өзі тапсырған бұл тетік әлі күнге толыққанды іске қосылған жоқ. Жалпы, «айналдырған 19 мил­лион, яғни әлемдегі ірі бір мегапо­листің тұрғындарына бара-бар хал­қы ғана бар Қазақстанда 170 мил­лион шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй салынса, неге «жетім­бұрыш» мәселесі шешілмеді?» де­ген сауал туады. Сарапшылардың байламынша, мұның бірнеше себе­бі бар. Біріншіден, республикада жаңа тұрғын үйлердегі баспананың бағасы тым қымбат. Оған қарағанда Испания, Түркия, Ресей, Грузия­ның ірі қалалары мен жағажайы жанынан еңселі үй сатып алған әл­деқайда арзан. Көптеген қазақ­стандық осы жолды таңдады. Салдарынан елімізде салынған жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді қарапайым халық сатып ала алмайды. Ал әлеуметтік баспана аталатын арзандау тұрғын үй ке­шендері мен жеке үйлердің көбі өте сапасыз салынған, сонымен бірге тапшы, тілек білдіргендердің бәріне жетпейді. Сала жеке бағдарламасыз қалды Экономика ғылымдарының док­торы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының про­фес­соры Мәдина Төлегенова биліктің жеткіліктілік шегін бір­неше миллион теңгеге көтеру ар­қылы не себепті қазақстандықтарды өз жинағына баспана сатып алу мүмкіндігінен айырғаны түсініксіз дейді. «Биліктегілердің жеткіліктілік шегін арттырып, халықтың басы артық зейнетақы жинақтарын алуын шектеген былтырғы шешімі ақылға қонымсыз болды. Баспана бағасы теңдессіз шарықтаған, елдің тұрмысы құлдыраған, дағдарыс қысқан заманда мұндай бейберекет әрі түсініксіз шешім азаматтардың ең құрыса ипотека алуға деген үміт отын өшірді. Негізі, Қазақстандағы шаршы метрлердің бағасы халық­тың орташа табысына сәйкес кел­мейді. Тұрғын үй құрылысының «дүмпуі» кезеңінде тіпті қайталама нарықтағы ескі баспана құны да шы­ғандап кетті. Жас отбасылар өз­деріне арналған «қолжетімді бас­панаға» бюрократиялық кедергілер кесірінен қол жеткізе алмайды. Жас қазақстандықтар амалсыз, шығыны көп ипотека алып, банкке қаналып, кедейлер қатарын толықтырады», – дейді Мәдина Төлегенова. Келесі басты фактор: Тәуел­сіз­діктің 30 жылында жаңа тұрғын үйдің басым көпшілігі мегаполистер мен облыс орталықтарында бой көтерді. Ал ауыл түгіл аудан орта­лықтарында, моноқалаларда тұр­ғын үй қоры тозып барады. 90-жылдардағы алапат дағда­рыс­тардан кейін ел есін жиып, ете­гін жапқан, мұнай бағасы өсіп, мем­лекет қоң жиған 2000-жылдар­дың ортасынан бері ел Үкіметі он шақты баспана бағдарламасын жүзеге асырыпты. Маңыздыларын қысқаша атай кетсек, Тұңғыш Пре­зиденттің 2004 жылғы 11 маусым­дағы №1388 Жарлығымен «Қазақ­станда тұрғын үй құрылысын да­мы­тудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітіл­ді. Оны Н.Назарбаевтың 2007 жыл­ғы 20 тамыздағы №383 Жарлығымен «Қа­зақстандағы тұрғын үй құрылы­сының 2008-2010 жылдарға арнал­ған мембағдарламасы» алмастырды. [caption id="attachment_197270" align="alignleft" width="1200"]субсидия © коллаж: Елдар Қаба[/caption] 2010 жылғы 30 қыркүйекте оның орнына Үкіметтің №1004 қау­лысымен бекітілген «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы» келді. Құжаттағы шаралар толық­қанды жүзеге асырылған жоқ, алай­да Үкімет келесі 2011 жылғы 31 нау­рызда №329 қаулысымен «Қа­зақстандағы тұрғын үй құрылысы­ның 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. «30 жыл тұрақтылықтағы» шенеунік­тердің өз уәдесі мен міндетінде тұ­рақтамағаны таңғалтады: бір өтер-өтпесте Үкімет 2012 жылғы 21 мау­сымдағы №821 қаулысымен «Қол­жетімді тұрғын үй–2020» бағ­дар­ламасын» бекітті. Одан кейін «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту 2020», «Нұрлы жер» бағдарламалары болды. Былтыр, 2021 жылғы 12 қа­занда Үкімет өз қаулысымен қол­же­тімді баспана, тұрғын үй құры­лысы мәселелерін «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаға қоса салды. Яғни, енді салада жеке мембағдарлама да жоқ. Бағдарлама көп, мән жоқ Сонымен, бұдан былай тұрғын үй құрылысында өңірлерге басым­дық беру мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Әйтпесе, әлеуметтік на­ра­зылық, ірі қалалардағы кернеу ушыға беруі мүмкін. Қаратау қаласының тұрғыны, жергілікті белсенді Берік Әбді­құл­дың айтуынша, Отбасы банкі де, мемлекеттік тұрғын үй бағдарла­малары да негізінен ірі қалаларда тұрғын үй алаптарын тұрғызуға екпін түсірді. Себебі мұндай са­лым­дар мен бюджеттік кредиттер өзін-өзі ақтайды. «Өкінішке қарай, аудандық қалалар да, моноқалалар да, ірі ауыл­­дар да олардан тыс қалды. Би­ліктегі азаматтар ауылға жастарды, әсіресе жас мамандарды кеңінен тарту керек деп сөз сапырады. Алайда ауылға оралған жастар баспана таба алмайды. Сондықтан Үкімет біріншіден, моноқалалар мен ауылдарда тұрғындарға қол­жетімді болатын, жеңілдікті ипо­текалық бағдарлама қабылдаса жөн болар еді. Ол арқылы қайталама нарықтан, қолдан баспана сатып алуға мүмкіндік берілсін. Тұрғын үй несиесінің сыйақы ставкасы 5-6 пайыздан аспасын. Бастапқы жар­на 10-20 пайыз аралығында бол­сын», – дейді Б.Әбдіқұл. Екіншіден, моноқалаларға ар­налған жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасы керек. Халыққа тізесі қатты батқан Кеңес өкіметінің өзі аудан-кенттерде көпқабатты тұр­ғын үйді қаптатып тұрғызып, тегін таратуға мән берді. Қазір бағасы арзан болса, халық сатып алуға әзір. Қоғам белсендісінің пайым­дауынша, егер жастардың басында өз үйі болса, онда толық емес от­басылар да аз болар еді. Үйі бол­маған соң күйі келмей, жас отағасы өзіне қол салады (ДДСҰ дерегінше, Қазақстан суицид жөнінен әлемде үшінші орында) немесе қатты жүн­жіп, уайымдап, жүректен кетеді. Сондай-ақ жас отаулар тез күйрейді: әрбір үшінші неке ажырасумен тынатын көрінеді. «Баспанасы болса, азаматтар тұрақтылыққа жақ болады, бола­шағына сенімі артады. Елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы отбасыларға, «Әскери баспана» – әскери қызметшілерге, «Ұмай» әйелдерге арналған. Бұл бағ­дарламалар «орташа статис­ти­ка­лық азаматқа», яғни не осал топ­тарға, не әскерилерге жатпайтын, елорда мен Алматыда тұрғысы кел­мейтін, өз ауданында немесе мо­ноқаласында өмір сүріп, адал ең­бек етуді қалайтын адамдарға бас­пана алуға тең мүмкіндік туғыз­байды. Қазақстан – ұлан-байтақ территориясы бар, бірақ халқы шағын ел. Жұрттың бәрін бірнеше ірі қаланың айналасына жинап алсақ, өңірлерге жұмыс күші жет­пей жатса, ел болашағы не болады? Биліктегі азаматтар осыны ойла­май­ды ма?» – дейді Б.Әбдіқұл. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Үкімет биыл даму әле­уеті төмен моноқалалар тұрғындары үшін жеңілдікті ипотека ұсынудың жаңа бағдарламасын қолға алып жатыр. Алдын ала деректер бойын­ша моноқалалар тұрғындары бағ­дарлама аясында Отбасы банкінен 5%-дан аспайтын ставкамен, 20 жылға дейінгі мерзімге жеңіл несие ала алады. Бұл үшін тұрғын үй құ­рылыс жинағы есепшотына алдын ала тұрғын үй заемының келісімді сомасының кем дегенде 10%-ы көлемінде бастапқы жарнаны ен­гізуі шарт. Несие сомасы 22 мил­лион теңгеге дейін болады. Бірақ бұл бағдарлама бастапқы нарыққа ғана бағдарланады. Яғни, жеке құ­рылыс компанияларынан, жергі­лікті әкімдіктер аяқтаған пробле­малы үлескерлік тұрғын үйлерден пәтер алуға рұқсат етілмек. Ауылда үй құрылысы ынталандырылады Ұлттық экономика министр­лігінің хабарлауынша, ауылда жаңа тұрғын үйлер салу мәселесі пысық­талып жатыр. Бұл үшін «тұрғын үй құрылысын ынталандырудың жаңа тәсілдері енгізіледі». Атап айтқанда, құрылыс компаниялары оффтейк-келісімшарт бекітеді, соның аясын­да олардың салған үйлерін мемлекет сатып алады. Бүгінде тиісті пилот­тық жоба Жамбыл, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында іске қо­сыл­ған екен. Ауылдық елді мекендерде «техни­калық тұрғыдан күрделі емес объек­тілерді тұрғызып, дайын күйде тапсыру» жоспарланған. Мұның сыртында Президент ауылдық елді мекендерде тұрғын үй мәселесін шешудің жаңа тетігін пысықтауды жүктеді. Оған сәйкес, ауылда арендалық үй салған жұмыс беруші шығынының 50 пайызын Үкімет бюджеттен субсидиялайтын болады. Бұл тетік өз кезегінде өңір­лердегі зауыт-кәсіпорындарды, та­уарлық кооперативтер мен фер­мерлерді өз қызметкерлері үшін бір қабатты үйлер салуға қызықтыруы тиіс. Ал баспана болса, ол қалада өз орнын, жұмысын таба алмаған ма­мандарды ауыл-аймаққа бет бұруға ынталандыруы ықтимал. Ұлттық экономика министр­лі­гінің байламынша, бұл тетік «ха­лықтың қалаға ағылуын азайтуға, білікті кадрларды ауылға тартуға мүмкіндік береді». Әзірге сөз жү­зінде бәрі жақсы, оның жүзеге асуы қандай болатынын өмір көрсетеді. Қалай болғанда, ауылды түлетіп, еңсесін көтеру үшін ауылда жаңа баспана бой көтеруі шарт. Олай болмаса, жұрт ауа көшіп, шекаралар да, өңірлер де ары қарай жалаңаш­тана бермек.