Шымкентте қазақтың электромобилі шығады
Шымкентте қазақтың электромобилі шығады
© фото: Назгүл Назарбек
321
оқылды
Елімізде бензинмен және газбен жүретін көліктер көп. Бірақ электр энергиясының көмегімен қозғалатын көлікті некен-саяқ кезіктіресіз. Онда да шетелдің зауыттарынан шыққанын арагідік байқауға болады. Ал Қазақстанда мұндай инновациялық тәсілмен электромобиль шығаратын кәсіпорын жоқ. Шымкенттің жігіттері дәл осындай электр қуатымен жүретін көлікті қолдан жасап жатыр. Ерлан Рахматуллаев бала күнінен осы салаға қызыққан. Ол меншігіндегі Golf маркалы көлігінің моторын электр энергиясының көмегімен жүретін көлікке ауыстырып алғанына да біраз жыл болыпты. «Осыдан 5 жыл бұрын көлігімнің моторы қайта-қайта бұзылып, әбден жүйкеме тиді. Алдында өзім үнемі электр қуатымен жүретін көлік туралы ойлай беретінмін. Содан көлігім­нің моторы істен шыққан соң осы ойымды жүзеге асыру үшін тәуекел жасадым. Аккумуляторды түннен таңға дейін 220 вольтті қуат көзіне қосып қойып қуаттап аламын. Ол ертесіне күні бойы қала ішінде жүруге жетеді», – дейді Ерлан Дайрабайұлы. Бүгінде осы салаға қызығатын бір­неше жігіт жиналып, компания құрған. Жетекшісі – Нұрсұлтан Сейсембаев. Beren customs деп аталатын детейлинг орталығының басшысы Нұрсұлтан Англияда инженер мамандығы бойынша 6 жыл білім алыпты. Қазір осында жиналған он бес шақты маманның біразы да осы сала бойынша шетелде білімін жетілдірген. Нұрсұлтан мен Ерлан былтыр кездесіп, осынау жобаны жүзеге асырады. Ерлан Дайрабайұлы мұнда бас инжинер. Ал құжаттандыру шаралары мен көлікті әкелу, оны сату тапсырыс қабылдап, келісімшартқа отыру жұмыстарының барлығымен Нұрсұлтан Сейсембаев айналысады. Құрыл­ғанына бір жылдан асқан ком­пания осы уақытқа дейін 7 көліктің моторын ауыстырған. Оның бірі бүгінде компанияның бет-бейнесі болып жүрген, яғни Beren customs бренді BMW z3 маркалы жеңіл көлік. Жарысқа арналған көлік Ерланның меншігі. Түннен таңға дейін қуатталған аккумулятор 200 шақырымға дейін жүреді екен. Ал пайдаланған электр энергиясына ай сайын 2-3 мың көлемінде төлейді. «Бір қуатталған аккумлятормен 3 күнге дейін жүрген кездерім болды. Мұнымен басқа көліктер¬дегідей қозғалтқышты міндетті түр¬де төменгі айналымнан бастамай, бірден 5-ші жылдамдықтан бастап жүруге де болады. Бұл оған ешқандай күш түсірмейді. Мотор майының шығыны да өте аз. Жүргенде мүлде дыбысы білінбейді. Өте жеңіл, жайлы, көлікте отырғаның байқалмайды да. Сонымен бірге, барлық қауіпсіздік ережелері сақталған. Адам өміріне ешқандай қауіп жоқ», – дейді Ерлан бізбен әңгімесінде. Одан кейінгісі BMW х1. Моторы таяу күндері бітетін көлік те компанияның бренді болмақ. Ал Ерланның бұрынғы Golf жеңіл көлігі толығымен жаңарып жатыр. Іші де, сырты да қайта жабдықталған. Электр энергиясы қуатының да күшін көбейтіп, қайта жасақтапты. Ол таяу күндері сатылымға шығады екен. Нұрсұлтанның айтуынша, бүгінде компаниямен келісімшартқа отырып жұмыс істеуге құлшынып жатқандар көп. Лотерея ойнататын «Сәтті жол» компаниясы Golf жеңіл көлігін ұтысқа қоймақ. Мұнда негізінен ретро көліктерді алып келеді екен. Себебі жұрт ерекшелікті жақсы көреді. Электр энергиясының көмегімен жүретін электромобильдердің құны қымбат болады. Себебі оған алынатын қосалқы бөлшектер шетелден әкелінеді. Сондықтан ондай моторды ретро көліктерге қойған тиімді. 1974 жылғы Ford көлігі түгелдей жаңарып, соңғы үлгідегі заманауи көлікке айналып шыққан. Ол аукционға 41 миллион теңгеге қойылғалы тұр. Жалпы, электр энергия­сымен жүретін мотор орнатып беру 5-12 миллион теңге жобасында. Жақында жапон елінен Rolls-Royce көлігі әкелініпті. Енді оған да электр қуатымен жүретін мотор қойылады. Сонымен бірге, «Kолеса кз» компаниясымен келісіп, олардың «Дэу Дамас» көлігіне де осындай мотор қойып жатыр. «Негізгі мақсатымыз елімізде денсаулыққа зиянды газ шығармайтын қоршаған ортаға зияны жоқ әрі бензинге қарағанда өте үнемді электр қуатымен жүретін көліктерді көбейту. Мұндай көліктер негізінен дамыған мемлекеттерде бар. Қазақстанда жоқ. Біз үнемі Англиядағы мамандардан кеңес алып тұрамыз. Енді жарыс көліктерін дайындап жатырмыз», – дейді компания жетекшісі. Көліктің моторы өзгергенмен, оның тарту күші кемімейді. Көліктерге лицензия алу, құжаттандыру шаралары таяу арада бітеді екен. Тіпті, келешекте қазақтың өз көлігі шығады деп сендірді жаңашыл жігіттер. Әзірге оның әрбір деталінің дизайны жасалып жатыр. Одан бөлек, мұндағы жігіттер қуаттаушы құрал да құрастырып жатыр. Келешекте осында шығарылған көліктердің жеке өзінің жеке қуаттаушысы да болады. Қазіргідей Қытай елінен әкелінбейді. «Мұндағы жігіттердің барлығы тәжірбиелі әрі тапшы мамандар. Сондықтан олардың әрқайсысына едәуір жалақы төленеді. Әзірге жалақыны демеушілердің көмегімен, сосын көліктің кейбір жұмыстарына тапсырыс қабылдап, содан түскен қаржыдан төлеп отырмыз. Ертеңгі күні компаниямыз толық қуатта жұмыс істеп, көліктер сатылып жатқанда барлығы да ретке келеді. Қызығушылығы жоғары адам болмаса мұнда жұмыс істей алмайды. Себебі тәуекелге бару керек. Біраз шығын шығару керек. Діттеген мақсатымызға жетеміз деген ниетіміз бар. Бізбен жұмыс істеуге ниеттілер көбейіп жатыр», – дейді Нұрсұлтан. Жыл сайын Аустралия мемлекеті қолдан жасалған көліктер арасында жарыс ұйымдастырады. Биылғы жарысты Ресей мемлекеті Қазақстанда ұйымдастырып жатыр екен. 11 маусым күні өтетін Орал қаласынан Алматы қаласына дейін жүріп келетін қатысушылардың арасында қазақстандық 2 көлік бар. Оның бірі осы детейлейнг орталығында құрастырылып жатыр. Оның ерекшелігі электр қуатын күн сәулесінен алып, қозғалады. Скутерге кабина қойылып, оған күн сәулесінен энергия алатын панель мен жүк салғыш қойылады. Кабинка қажетті заттармен жабдықталады. Біз инемен құдық қазғандай тірлік істеп, инновацияға үлес қосып, эксклюзивпен таңдандырып жүрген жігіттерге сәттілік тіледік. Жалпы, қазір әлемдегі қолданыстағы көліктердің небәрі 2,1 пайызы ғана электр энергиясы көмегімен қозғалады екен. 2040 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады деген болжам бар. Әлемде электр көліктерін дайындайтын бірқатар компаниялар бар. Оның бірі – америкалық инженер әрі миллиардер Илон Масктың Tesla Motors компаниясы.

Шымкент қаласы