Қайбір жылы түріктің «Шетелдік күйеубала» сериалы көпшіліктің көңілінен шыққан-ды. Сол сияқты қазір көрермен ауылдағы афроамерикалық келіннің хикаясын тамашалауға құмар. Содан ба екен, алғашқы сериясы 6,5 миллионнан астам қаралым жинады. Қуанарлығы, бұл – отандық өнім. Алайда кей тұсына мін тағып, сынап жатқандар да бар. Осы тұста «Аппақ келін» сериалының идея авторы, креативті продюсері әрі сценарисі Сержан Серікбаевты әңгімеге тарттық.
– Келін мен ене тақырыбы әркез актуал. Дегенмен мұндай сериал түсіруге не түрткі болды? Әлде қоғамның «Келінжан» сериалын жылы қабылдағаны әсер етті ме?
– Мұндай сериал түсіруге шынайы оқиға, әлеуметтік жағдай себеп болды. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын «Атырау қаласында бір отбасы афроамерикалық келін түсірді» деген жаңалық әлеуметтік желіде жарияланды. Сондағы пікірлерді оқысаңыз, халық ойы үшке бөлінгенін байқайсыз. Бірі бақыт тілейді, екіншісі «не деген масқара» десе, енді бірі әркімнің өз отбасына көңіл бөлгені дұрыс екенін меңзеген. Жалпы, көп талқыланып, пікірталас тудырған тақырып болғандықтан, кеңінен зерттеуге кірістік. Өзіңіз айтқандай, әрқашан актуал тақырып. Сонымен, осы жобаны бастауға шешім қабылдадық.
– Әлеуметтік желіде бұл жобаға 1 жыл дайындалғаныңызды жазыпсыз. Осынша уақыт сценарий жазуға кетті ме, әлде ұйымдастыру жұмысына ма?
– Иә, жобаның дайындық жұмысына 1 жыл уақыт жұмсадық. Көбіне тануға, елімізде көпұлтты отбасының тұрмыс-тіршілігін зерттеуге күш жұмсадық. Өзге ұлттан келін алған кісілермен сөйлестік. Байқағанымыз, көп жағдайда келінді отбасы түпкілікті қабылдағанымен, көрші-қолаң мен ауылдастар қабылдай алмаған. Осыдан кейін отбасындағы береке қашып, бір-бірін кінәлап, мін іздеу басталады екен. Түрлі тағдырға жақыннан үңіліп көргесін бұл сериалды арзан күлкі мен құрғақ әзілге құрғымыз келмеді. Басынан бастап бойымызды кәдуілгі қазақы комедия түсіруден аулақ салдық. Жалпы, қазақы табиғат біреудің пікірін тыңдап, сонымен өмір сүруге құмар. Сериалдың негізі де осы қоғамның пікірінен тұрады. Көрерменге жеткізгіміз келетіні – отбасы бақытына жұрттың пікірі кедергі болмауы керек. «Аппақ келін» сериалын көріп жүргендер осыны түсініп жатыр деп ойлаймын.
– Сынға қалай қарайсыз? «Келинка Сабинаның» бір түрі», «Енесі неге боқауыз сөз айтады?» дегенге не дейсіз?
– Сынды көтере білемін, қатені түзетуге бейіммін. «Аппақ келіннің» әр сериясы шыққан сайын Youtube-тағы пікірлерді оқитынымыз бар. Жазылған пікірдің 90%-ы туындының халық көңілінен шығып жатқанын көрсетеді. Біріншіден, алғыс жаудырып жатқан көрермендерге рақмет айтамын. Екіншіден, сериалды «Келинка Сабинаның бір түрі» дегенге келмейтін шығар. Меніңше, пікір авторы ойын толық жеткізе алмаған. Ал басты кейіпкердің «ооішіңесиейін» деп айтқанына тоқталсақ, оңтүстік өңірде осылай сөз арасында қосатын «боевой жеңгелеріміз» бар. Өзім Қызылорданың тумасымын. Бізде жеңгелеріміз неге бұлай сөйлейді? Себебі мінезі бар жеңгелер боқауыз сөз айтып қоймайық деп ашуын осылай шығарады. Мұндай сөзді естімеген басқа өңір тұрғындары мұны боқауыз сөйлеп жатыр деп түсінуі мүмкін. Мәселен, әкелеріміз бірдеңе бүлдірсек, «ой, әкеңнің аузы» деп жатады. Қарап тұрсаң, бұл да анау айтқандай боқауыз сөз емес. Сондықтан жоғарыдағы кейіпкер сөзін кәдуілгі боқауыз сөзбен шатастырудың қажеті жоқ.
– «Аппақ келін» расизм мен сексизмге толы сериал» дейтін де пікір бар. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Бұл сериалда расизм жоқ деп кесіп айта аламын. Астарына үңілмей, жеңіл қараған адам бірден расизм деуі мүмкін. Мәселен, көптеген қазақ келіншегінен «мынау менің тағдырым ғой» дейтін хат келіп жатыр. Демек, бұл ұлты басқа келіннің басынан өтетін тағдыр емес, әрбір қазақ келінінің басында болатын жағдай. Сценаристердің көрсеткісі келгені де – осы. Мысалы, отбасы, қоғам, көршілер жақын тартып, жылы қабылдай алса, Лия ойдағыдай келін бола алады. Алайда түрлі пікірге мән беріп, мін іздей берсек, проблема туындаған үстіне туындай береді. Ал сексизм мәселесіне келсек, алдымен пікір авторы бұл сөздің мағынасын ой таразысынан өткізсе екен. Білуімше, сериалда еркектің әйелді төмендеткенін көрсететін сахна жоқ.
– Расымен, бұл сериалдың Өзбекстанда түсірілген нұсқасы бар ма? Сериал сол жақтың менталитетіне бейімделді ме?
– Жалпы, Salem Social Media аудиториясын кеңейту мақсатында Ташкентте алғашқы филиалын ашты. Бұған да 2 жылға жуық уақыт болды. Ол жақтағы компания Salom Social Media деп аталады. Өздеріңізге белгілі, жаңа компанияның команда жинап, контент жасауына ұзақ уақыт керек. Сол жаққа Қазақстаннан барған продюсерлер олардың нарыққа тез икемделуі үшін көмектесіп жатыр. Мысалы, бір кеңесте «Аппақ келін» сериалы жайында сөз қозғап, реті келсе, Өзбекстанда таспалауға болатынын айтып, ұсыныс жасадық. Сонымен, сериалды мүлде өзгертпей, өзбек тіліне аударатын болды, жарыққа шығарды. Айта кетерлігі, өзбек менталитетіне бейімдеу кезінде бір ньюанс беташар рәсімі болды. Өзбекстанда алдымен той болып, артынша беташар рәсімі өтеді екен. Ал сериалдағы оқиғаның беташардан басталатыны белгілі. Сонымен, шығармашылық топ ойлана келе, оқиғаны қиюластырып таспалап шықты. Әрине, «қазақтар өзбектерден көшіріп алыпты» дейтін қауесет боларын біліп, алдын ала дайындалдық. Бірақ әуелгіде жасалған келісім бойынша «Аппақ келін» алдымен бізде көрсетіліп, артынша өзбекше нұсқасы көрерменге жол тартты. Дегенмен байыбына бармай, «ұрланған сериал екен» деп пікір жазатындар жетерлік. Қазақ сценаристерінің жазған дүниесін көрші елдер жылы қабылдап, аударып жатса мәртебе емес пе? Осындайда демеп, қолдайтындар көбейсе екен дейтін тілек бар.
– Сіздіңше генерал ене мен келіндер бар ма? Бұл идеяның төркіні қайда жатыр?
– Жалпы, бұл қазақы қалыпқа сай ұғым. Мәселен, үлкен әулеттерде кез келген істі басқарып, қуанышта да, қайғыда да алдыңғы шепте жүретін ене мен келін бар. Біреу ас берейін десе де, қызын ұзатайын десе де ақыл-кеңесін сұрап, жүгінетін, әр істі қиюластырып жүретін жиынтық бейне. Бір сөзбен айтқанда, әулеттің проблемасын шешетін, барлық жерден табылатын белсенді жан. Біз сол әулеттегі образды алып, ауыл деңгейінде қарастырдық. Бірақ бір апамыздың сөзінше, олардың ауылында да генерал ене, келін дейтін түсінік болған. Алайда атауы басқаша екен. Мысалы, ауылдағы той-томалақта бір кісі келе жатса, «генерал» келе жатыр деп орнынан тұрып, сәлем салып жататынын естиміз. Тәртібі қатал, берері көп, тәрбиесімен күллі ауылға ұйытқы болып отырған генерал енелер әлі де бар деп ойлаймын.
– Өзіңізге оралсақ, креативті продюсердің мақсат-міндетіне тоқталсаңыз. Сұраныстағы мамандықты қалай игердіңіз?
– Креативті продюсердің мақсаты – жақсы жобалар ойлап табу. Идеясы бар жобаны байқай қалсақ, ары қарай дамытып, сценарийін жазуға кірісеміз. Рөлге келеді-ау деген актерлерді іздестіреміз, бекітеміз. Одан қалса, локация таңдауға да септігіміз тиеді. Продюсерден айырмашылығы, олар жобаның қаржылық жағына жауап берсе, шығармашылық жүгі креативті продюсердің мойнында. Керек болса, туындының монтажына көмектесіп, композитормен саундтрек жайын реттейміз. Әрине, бұл біздің компаниядағы стандарт. Жалпы, креативті продюсер болып жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болды. Әлі де осы мамандықтың қыр-сырын меңгеру керек. Қазір бәрін білемін деп айту қиын. Бәрін білемін деп айтудың өзі – құр мақтан. Өйткені қазір үйренген үстіне үйреніп, оқитын заман. Орыстарда жақсы сөз бар ғой: «век живи – век учись». Мәселен, әр жобаның өзіндік сынағы, сабағы бар. Сондықтан білгенімізден, білмегеніміз көп. Мейлінше сабақ алуға, үйренуге тырысамыз. Менің осы компанияға келгенде түсінгенім, адам жұмыс істеумен қатар оқып, ізденуі керек екен.
– Сценарий жазуға қызығатын жастар көп. Осы тұста ақыл-кеңесіңізбен бөліссеңіз. Топ болып сценарий жазудың қиындығы мен қызығына тоқталсаңыз.
– Қызығатын адам көп, сценарист ретінде жұмыс істегісі келетіні аз. Иә, жобаларымыз трендке шығып, жұрттың аузында жүргенін көріп, біразы сценарий жазуға сұранады. Соның ішінде жайдарманшы жігіттер де бар. Қызығушылық танытқан соң тапсырманы белгілі бір уақытта орындауын сұрайсың. Алайда күткен күні келмей, артынша мүлде хабарласпай кетеді. Ақиқаты – көпшілігі бірден байып кеткісі келеді. Сценарийді бастауын бастап алып, «мұны аяқтасам қанша теңге қаламақы төленеді?» деп сұрақ қояды. Әрине, бұл – ХХІ ғасырдың дерті. Жұмыс істемей жатып ақшасын санаймыз. Негізі, өзім де сценаристпін. Осыдан 3-4 жыл бұрын әркімге алданып, тегін жұмыс істеген кездер де болды. Бірақ ақшамды төлемеді екен деп сценарий жазуды тоқтатқаным жоқ. Себебі менде ақшадан гөрі жазуға деген махаббат басым. Қазір соның жемісін көріп жүрмін. Сондықтан жобаға барыңды салып кіріссең, міндетті түрде өтеусіз қалмайды. «Аппақ келіннің» сценаристеріне келсек, туындыны бірнеше сценарист бірігіп жаздық. Менімен қоса, «Ұлы дала комедия» фильмінің сценарийін жазған Абдусаид Төлегенов, Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес», My Love is Aisulu-ын жазған Бұқар Марат бар. Топтасып жазудың өзінің қиындығы мен қызығы тағы бар. Сериал идесы бөлек дүние, ал оны ары қарай өрбіту – нағыз бас қатыратын іс. Бір-біріңмен келіспей, ренжісіп, қайта татуласатын кез болады. Мысалы, әріптесің «мына ситуацияда осылай істесек, өтімдірек болады» десе, оны құптамай сөзге келіп қаласың. Үйге келгеннен кейін түнімен ойланып, ертесінде «сенікі дұрыс екен» деп қолын алған сәттер жетерлік. Жалпы, ішіне кірсең, шығармашылық өте қызық дүние. Кейде басың ауырғаннан басқа жұмыспен айналысуды қалайсың. Бірақ жұмысқа деген махаббат бізді керісінше қамшылайды, біріктіреді, тоқтатпайды.
– «Қазақтар мұндай қарқынмен жақында Netflix-ке шығады» дейтін пікірлер бар. Ұтымды жобаны қалай «көздейсіздер»?
– Әлеуметтік желіден осы пікірді оқығанда іштей марқайып қалғаным бар. Дегенмен мұндай пікірлер бізді одан сайын қанаттандырады. Salem Social Media-ның негізгі мақсаты – әлем нарығына шығу. Әлемге қазақ деген ұлттың болмысын таныстыра отырып, бәсекеге қабілетті контент ұсыну. Сол себепті Netflix-ке шығу – кезекті белес. Ал біздің одан да биік жоспарымыз бар. Әзірге жобаларды көрген алыс-жақын шетелдіктер таңданысын жасырмайды. Мысалы, «Сержан братан», «Шекер», «5:32», сериалы біраз уақыт трендтен түскен жоқ. Әрине, шығарған әр өнімнің танымал болмайтыны тағы бар. Мәселен, сіз бен біз атаған Netflix жылына 20 сериал түсірсе, соның үшеуі нысананы дәл көздейді. Сол сияқты біз де белгілі бір жобаға кіріспес бұрын кеңес өткіземіз. Әр жұма сайын бас продюсер Қуат Садықовпен бірге бірнеше жобамен танысып, талқылаймыз. Осылайша, идеяны «пісіріп», өтімді жоба болады-ау дегенін жарыққа шығаруға кірісеміз. Кейде идея авторының алтыншы түйсігіне сенетін кез болады. Өйткені шығармашылық адамы туындының қай жерге дейін «шабатынын» іштей біледі. Сондықтан ұтымды жобалар ұзақ сүзгіден кейін дүниеге келеді.
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ