Кеншілер кентінде кәсіби ауру өршіді
Кеншілер кентінде кәсіби ауру өршіді
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
986
оқылды
Қарағанды облысы – ірі өндіріс орталығы. Мұнда қа­ра және түсті металлургияда «Қазақмыс» корпорациясы және «АрселорМиттал Те­мір­тау» АҚ компаниялары та­быс­ты еңбек етіп жатыр. Де­ген­мен ауыр жұмыстағылардың денсаулығы да ойлантуы ке­рек. Өйткені 2022 жылдың 1 тоқсанында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс іс­тейтін 10 мың адамға шақ­қан­да кәсіби сырқаттану­шы­лық көрсеткіші 34,7-ге жеткен. Еңбекшілердің денсаулығын сақтау және нығайту – мем­ле­кеттің аса маңызды функция­ла­рының бірі және мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізінде көрініс табады. – Қарағанды облысы – соңғы жылдары кәсіби аурулар жағдай­ларының өсуі байқалған еліміздің ірі өнеркәсіптік облыстарының бірі. 2022 жылдың 1 тоқсанында зиянды еңбек жағдайларында жұ­мыс істейтін 10 мың адамға шақ­қанда кәсіби сырқаттану­шы­лық көрсеткіші – 34,7. Нозологиялық нысандар бо­йынша кәсіби сырқаттанушылық құрылымында: тірек-қимыл аппа­ратының аурулары 60 пайыз, ты­ныс алу органдарының аурулары 31,3 пайыз, есту аппаратының ау­рулары 7,9 пайыз. Кәсіптік аурулардың ең көп саны зиянды еңбек жағдайларында жұмыс өтілі 20 жылдан асатын жұ­мыскерлерде және 55 жастан асқан жас тобында тіркелді, – дейді Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин. Бұл кәсіпорындардағы жетек­ші кәсіби зияндар: ауыр физи­ка­лық еңбек, газдану, шаңдану, қо­лайсыз микроклимат, жұмыс орын­д­арындағы шу мен дірілдің жоғары деңгейі, өндірістік про­цес­терді механикаландырудың жеткіліксіздігінен болса керек. Қызметкерлердің еңбек жағдайла­рының жай-күйі кәсіптік ауру­лар­дың салдарынан олардың кәсіптік аурушаңдығы мен мүгедектігінің көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді. Облыстың кәсіпорын­да­рын­да биліктің барлық деңгейле­рінде халықтың жұмыс орындарын жақсарту бойынша шаралар қа­былданғанына қарамастан, жұмыс істеушілердің еңбек жағдайлары санитарлық ережелер мен гигие­налық нормативтердің талапта­рына сәйкес келмейді. – Өнеркәсіптік нысандардың аймағындағы ауаның 440 сына­масы зерттелді, оның ішінде шекті көрсеткіш 3,4 пайыздан асып кетті. Шудың шекті деңгейінің ар­туы­мен өлшеулер 11,1 пайыз жұ­мыс орындарында, микроклимат көрсеткіштерінің өлшеулері 12,7 пайызға артуымен анықталды, жүргізілген өлшеулердің ішінен жарықтандыру деңгейі 12,5 па­йызға сәйкес келмейді. Ерекше тәртіп бойынша тексеру нәти­же­лері бойынша осы жылдың 1 тоқ­санында жалпы сомасы 3 154 890 теңгеге 7 әкімшілік жаза қолда­ныл­ды, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламат­ты­лы­ғы саласындағы Қазақстан Рес­публикасы заңнамасының талап­тарын бұзу туралы 6 нұсқама ре­сім­деліп, табыс етілді, барлығы ба­қы­лауда тұр, – дейді Юрий Залыгин. Жұмыс орындарында зиянды және қауіпті өндірістік фактор­лардың әсер ету деңгейін төмен­детуге санитариялық-гигиеналық, технологиялық және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүргізу жо­лы­мен қол жеткізілуі тиіс. Міндетті медициналық тексеру денсаулық жағдайын динамикалық бақылау­ды қамтамасыз етуге және зиянды фактордың ағзаға әсерінің бастап­қы белгілерін уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Еңбек жағдай­ларын сипаттайтын маңызды факторлардың бірі – өндірістік бақылау. – Аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бас­қармалары жұмыс берушілермен бірлесіп, жұмыс істеушілердің организміне қолайсыз фактор­лар­дың әсерін барынша азайту бо­йынша тұрақты негізде профилак­тикалық жұмыс жүргізеді. Жұ­мысшылардың денсаулығы үшін жауапкершілік ортақ болуы керек. Өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер зиянды өнді­рістік факторлардың ағзаға әсерін азайту үшін жеке қорғаныс құ­ралдарын қолдануы керек, – дейді бас санитар. Әрине, жұмыс берушімен қа­тар жұмысшылар да өз денсау­лы­ғына қамқорлық жасап, медици­налық тексерулерден уақытында өтіп, салауатты өмір салтын ұста­нып, дер кезінде сауығуы керек. Ал жұмыс берушілер қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі тиіс.

Қарағанды облысы