Арт-флэшмоб өтті
Арт-флэшмоб өтті
651
оқылды
Санаулы күннен кейін соңғы қоңырау соғылады. Бұл дегеніңіз – оқушылардың жазғы демалыс уақытында аула клубтары жұмысының жандана түсетінін аңғартады. Өйткені Балалар күні қарсаңында ұйымдастырылған алғашқы шара бұл сөзімізді айшықтай түсті. Аптаның соңғы күнінде «Астана жастары» КММ елордадағы аула клубтарының тәрбиеленушілері арасында қызу сайыс ұйымдастырып, референдумды қолдау мақсатында арт-флэшмоб өтті. Қабілетті балалардың қарымын анықтап, шығармашылығын шыңдауды мақсат еткен шараның берері мол. Президент айтқандай, қазіргі балалардың энергиясы мен қызығушылығын дұрыс бағытқа жұмсау – мемлекет үшін маңызды. Өскелең ұрпақтың бойындағы ел мен жерге деген патриоттық рух ортақ көзқарас, бір міндеттен өрбиді. Кез келген істе жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын көрсеткен осындай шара оқушыларға ой салып, өзгерісті әркім өзінен бастау керегін ұқтырғандай болды. Сайысқа 10 аула клубынан 100-ге жуық бала қатысты. Алғашқы айналымда әр топ өз клубының алға қойған мақсатымен таныстырды. Екінші айналым шығармашылық бағытқа арналды. Бұл жерде топ мүшелері асфальттың үстіне Жаңа Қазақстанды қалай көргісі келетінін сурет арқылы бейнелеуге тырысты. Тартысқа толы болған сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орын «Қолөнер», екінші орын «Темірлан», үшінші орын Interpro аула клубына берілді. Жеңімпаздарға Нұр-Сұлтан қаласының «Астана жастары» КММ-нің атынан диплом пен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ал жеңісті қолдан бергендерге де жұбату сыйлықтары үлестірілді. Шараның соңы арт-флэшмобқа ұласып, жиналғандарға жалпыұлттық референдумның маңызы түсіндірілді. Конституциялық реформаны қолдайтынын айтқан жастар кемел келешекті құруға атсалысу әрбір азаматтың маңызды міндеті екенін жеткізді.