Жаһанда геосаяси жағдай құбылған қазіргі кезде шекараны қорғау жайы назарда болуы тиіс. Ел белгілі бір деңгейде шекара күзетінде тұрған жауынгерлердің қырағылығына сенім артады. Бірақ жалпы шекарамыздың қорғалу деңгейі бөлек әңгіме болмақ. Бұл тұста шекараға жақын әскери бекеттердің, бөлімшелердің жағдайы мен техникалық жасақталуын айтпай кету мүмкін емес. Осыған қатысты мәселелерге үңіліп көрсек.Жауынгерге де жағдай керек
Жалпы, Қазақстан шекарасы ұзын, құрлықтағысының өзі 13 400 шақырымға созылған. Ал бұл өлшем көзге түспей қоймасы анық. Өзге мемлекеттермен түйіскен тұсты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің жауынгерлері күзетеді. Әскери құпия ретінде шекара күзетіндегі сарбаздар саны нақты айтылмайтынын білеміз. Әйтеуір 2020 жылғы The Military Balance зерттеуінде 9 мың сарбаз бары көрсетілген. Әскери техниканы айтпағанның өзінде, жауынгерлерге де жақсы жағдай керек. Орналасқан тұрағы, әскери заставасы талапқа сай болса жөн. Жасырары жоқ, мұндай кемшіліктер біздегі әскери бөлімшелерде баршылық. Өткен айда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан шекарадағы әскери заставалардың жағдайына көңіл толмайтынын айтып, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Депутат соның алдында Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Нарынқол-Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелерін аралап, шекарашылардың әлеуметтік жағдайымен танысқан. «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең», «Алма арасан» шекара бөлімшелеріне де барған. Жағдайды көзімен көріп, ахуалды бағамдаған депутат заставалардың да, шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық күйі де мүлде сын көтермейтінін анықтаған.
«Арнайы мақсаттағы нысандардың дені күйреп тұр. Шекарашылар тұратын ғимараттар күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды, бейнебақылау мен электр жүйесімен жабдықтауды талап етеді. Әйтпесе соңғы 5 жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржыда есеп жоқ. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымы жол картасына да енген, бірақ мәселе шешілмеген», – деген болатын Жанарбек Әшімжан.
Мысалы, «Саты», «Рабат» заставасының шекарашылары 90 жылдары салынған ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал бұрынғы балабақша ғимаратында тұрып жатыр екен. Ол аз ба, Панфилов ауданындағы шекара басқармасы 1892 жылы салынған ғимаратқа орналасқан. Шонжыдағы «Райымбек» заставасының әскерилері тұратын үйлер мен спортзал, кітапхана, мәжіліс залының төбесінен су ағып, қабырғалары жарылған.
«Түрлі қару-жарақ сақталған шекара заставаларының қоршауларын жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Осыдан кейін шекаралық өңірлерге отбасымен барып қызмет етіп жүрген офицерлік құрам мен әскери борышын өтейтіндерге «шекарамызды қас қақпай күзетіңдер» деп қалай талап етеміз? Болашақ шекарашыларды қалай ынталандыра-
мыз?», – деп қапаланған еді депутат.
Осыны айтқан Жанарбек Әшімжан Үкіметтен елдің құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы үкіметтік комиссиямен тексеруді, Алматы облысындағы шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеделдетіп шешуді сұраған.
Бұл аз ба, таяуда ақпарат құралдарында Шығыс Қазақстандағы ең алыс заставалардың бірін жансыз «қарақшы» күзетіп тұрғаны жайлы ақпарат тарап кетті. Ұғынықты етіп айтсақ, адам кейпіндегі әскери киім кигізген қуыршақ күзетте тұр. Оның үстіне Қытаймен шекаралас маңда ұялы байланыс әрең істейді. Мұндағы шикіліктің шығып тұрғаны тағы да сол әскери заставалардың күйі болмауынан деп болжадық. Рас, шекарадағы шептің проблемасы осыған дейін де біраз айтылды. 2018 жылы қазақ-қытай шекарасындағы Шығыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлігінің бойында орналасқан бөлімшелерін жөндеу үшін 1 млрд 94 млн теңге қажет екені сөз болған. Мұнда да ғимараттардың дені өткен ғасырдың басында салынған. Яғни, біз әскер жағын тілге тиек еткенде қару-жарақпен жабдықталу жағына басымдық береміз, ал заставалар жайы ұмыт қалғандай. Енді кемшілік тек айтылып қоймай, Үкімет тарапынан олқылықтың орнын толтыруға әрекет жасалуы қажет.
Қаржы бар, қарекет жоқ
Мәжілісмен Жанарбек Әшімжан Үкіметке сауал жолдағаннан кейін көп ұзамай депутатқа үкіметбасы Әлихан Смайыловтың қолы қойылған жауап-хат келген. Біз депутатпен байланысқа шығып, жауаптың толық мәтінін алдық. Үкімет мәліметіне сенсек, таяуда Ұлттық қауіпсіздік комитеті зерттеу жүргізіп, 106 типтік кешен мен 145 застава өзінің функционалдық мақсатына жауап бермейтін ғимараттарда орналасқанын анықтапты. Яғни, осынша бөлімше орналасқан ғимарат әскери талапқа мүлде сай емес. Ал бұл олқылықтың орнын толтыру қыруар қаржы мен ресурсты талап ететіні айтпаса да белгілі. Осы тұста Үкіметтің нендей амалдар жасап жатқанын бір шолсақ. Шекара бойындағы кем-кетікті реттеу үшін елімізде 2021-2025 жылдар аралығында іске асуы тиіс «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы құрылған екен. 4 жылдық кезеңде 71 млрд теңгеден астам қаржыға шекара бөлімшелерінің 50 типтік кешенін салу жоспарланған. Оның ішіне әскери бөлімшелерге арналған әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, асханалар, казармалар, тауар-материалдық құндылықтарды сақтау қоймалары, гараждар, қазандықтардан бастап, әрісі ат қоралар мен қызметтік иттерге арналған питомниктер де енеді. Қазір сол 50 типтік кешеннің 20-сының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде олардың құрылысына биыл 10 млрд теңге бөлініп үлгеріпті. Бұдан бөлек, шекара қызметі үшін тұрмыстық жағдайларды жақсартуға, басқа да қажеттіліктерге 38,7 млрд теңге бөлініпті. Сонымен қатар қазір аталған ұлттық жобаны шекара бөлімшелерінің тағы 49 типтік кешенін салу жөніндегі іс-шаралармен толықтыру мәселесі пысықталып жатқан көрінеді.
Аңғарсақ, бұл қаржыдан басқа, 2020 жылғы 4 маусымдағы ҰҚК алқа отырысында Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ шекара маңы облыстарының әкімдіктері 2020-2024 жылдарға арналған жол картасын бекіткен. Оның шеңберінде шекара объектілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, газбен, сумен, электрмен қамтамасыз ету бойынша 578 іс-шара жүзеге асырылып жатқан жайы бар. Бірақ Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан осы жол картасындағы міндеттер орындалып жатқанына күмәнмен қарайтынын айтады. Мысалы, Алматы облысының әкімдігі бекіткен шекара инфрақұрылымының объектілерін дамыту жөніндегі жол картасында 4,9 млрд теңгеге 120 іс-шара көзделген. Жол картасының алғашқы 2 жылдығы өтті, бірақ нәтиже көрінбей жатыр. Ресми дерекке қарасақ, бүгінде Алматы облысының әкімдігі «Алакөл» шекара басқармасының «Сарқант», «Шындалы», «Урманов атындағы», «Ә.Молдағұлова атындағы», «Лепсі» шекара бөлімшелері кешендерінің инженерлік желілері мен ғимараттарын реконструкциялауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тағы 216 млн теңгеден астам сомаға жобалық-сметалық құжат әзірлегені жазылған. Демек, қаржының бөлінуі жағынан кемшілік жоқ. Шамасы, Үкімет облыстық әкімдіктердің шекара мәселесіндегі жұмысын бір зерделегені жөн тәрізді.
Ал күйі болмай тұрған «Рабат», «Саты», «Қастек», «Жамбыл», «Қаскелең», «Алма арасан», «Қарғалы» шекара бөлімшелерінің, Райымбек ауданы бойынша Шекара басқармасының 15 шекара бөлімшесінің инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту жұмыстары жоспарланып қойыпты. Жоспар болғаны жөн-ақ, бірақ жұмыс болмай нәтиже бар деуге тіл бармайды. Жаңағы жол картасы арқылы мұндай мол қаражаттар бір емес, бірнеше облыста бөлінгені анық.
ТҮЙІН: Не дегенмен әскердегі осындай ала-құлалық алдағы уақытта ретке келер деген үміт бар. Әйтпесе заставаларға тиесілі ғимараттардың біразы әлі күнге «КСРО-дан қалған мұра» деңгейінде қалып тұр. Ал ескі дүниенің есіркей қоймасы әуелден анық. Сондықтан қару-жарақпен жасақтау жағымен қатар, әскери бөлімдерге тиіс ғимараттарды да ретке келтіру мәселесіне ден қойған абзал. Әсіресе, шекара маңындағыларға.