Шекара жайы шет қалмаса игі
Шекара жайы шет қалмаса игі
© коллаж: Елдар Қаба
522
оқылды
Жаһанда геосаяси жағдай құбылған қазіргі кезде шекараны қорғау жайы назарда болуы тиіс. Ел белгілі бір деңгейде шекара күзетінде тұрған жауынгерлердің қырағы­лығына сенім артады. Бірақ жалпы шекарамыздың қорғалу деңгейі бөлек әңгіме болмақ. Бұл тұста шекараға жақын әскери бекеттердің, бөлімшелердің жағдайы мен техникалық жасақталуын айтпай кету мүмкін емес. Осыған қатысты мәселелерге үңіліп көрсек. Жауынгерге де жағдай керек Жалпы, Қазақстан шекарасы ұзын, құрлықтағысының өзі 13 400 шақырымға созылған. Ал бұл өлшем көзге түспей қоймасы анық. Өзге мемлекеттермен тү­йіс­кен тұсты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қыз­метінің жауынгерлері күзетеді. Әскери құпия ретінде шекара күзетіндегі сарбаздар саны нақты айтылмайтынын білеміз. Әйтеуір 2020 жылғы The Military Balance зерттеуінде 9 мың сарбаз бары көрсетілген. Әскери техниканы айт­пағанның өзінде, жауынгер­лерге де жақсы жағдай керек. Ор­наласқан тұрағы, әскери заста­васы талапқа сай болса жөн. Жа­сырары жоқ, мұндай кемшіліктер біздегі әскери бөлімшелерде бар­шылық. Өткен айда Мәжіліс де­путаты, «AMANAT» пар­тиясы фрак­циясының мүшесі Жанарбек Әшімжан шекарадағы әскери застава­лар­дың жағдайына көңіл толмай­тынын айтып, Үкіметке сауал жол­даған болатын. Депутат со­ның алдында Алматы облысы Пан­филов ауданындағы Шекара басқармасы, Нарынқол-Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлім­ше­лерін аралап, шекарашы­лар­дың әлеуметтік жағдайымен та­ныс­қан. «Қастек», «Жамбыл», «Қар­ғалы», «Қаскелең», «Алма арасан» шекара бөлімшелеріне де барған. Жағдайды көзімен көріп, ахуалды бағамдаған депутат зас­тавалардың да, шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық күйі де мүлде сын көтермейтінін анық­таған. «Арнайы мақсаттағы нысан­дардың дені күйреп тұр. Шекара­шылар тұратын ғимараттар күр­делі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды, бей­небақылау мен электр жүйесімен жабдықтауды талап етеді. Әйтпесе соңғы 5 жылда қауіпсіздік сала­сы­на бөлінген қаржыда есеп жоқ. Шекара бөлімшелерінің инфра­құрылымы жол картасына да ен­ген, бірақ мәселе шешіл­ме­ген», – деген болатын Жанарбек Әшімжан. Мысалы, «Саты», «Рабат» зас­тавасының шекарашылары 90 жылдары салынған ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал бұрынғы балабақша ғимаратында тұрып жатыр екен. Ол аз ба, Пан­филов ауданындағы шекара бас­қармасы 1892 жылы салынған ғи­маратқа ор­наласқан. Шон­жыдағы «Райым­бек» заставасы­ның әскерилері тұ­ратын үйлер мен спортзал, кі­тап­хана, мәжіліс залының төбе­сі­нен су ағып, қабырғалары жарылған. «Түрлі қару-жарақ сақталған шекара заставаларының қоршау­ларын жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Осыдан кейін шекаралық өңірлерге отбасымен барып қызмет етіп жүрген офи­цер­лік құрам мен әскери боры­шын өтейтіндерге «шекарамызды қас қақпай күзетіңдер» деп қалай талап етеміз? Болашақ шекара­­шы­ларды қалай ынталанды­ра- мыз?», – деп қапаланған еді депутат. Осыны айтқан Жанарбек Әшім­жан Үкіметтен елдің құр­лықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметінің материалдық-техникалық базасы мен әлеу­мет­тік нысандарын арнайы үкі­меттік комиссиямен тексеруді, Алматы облысындағы шекара­шылардың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайын жеделдетіп шешуді сұраған. Бұл аз ба, таяуда ақпарат құ­ралдарында Шығыс Қазақстан­дағы ең алыс заставалардың бірін жан­сыз «қарақшы» күзетіп тұр­ғаны жайлы ақпарат тарап кетті. Ұғы­нықты етіп айтсақ, адам кей­пін­дегі әскери киім кигізген қуыр­шақ күзетте тұр. Оның үстіне Қы­таймен шекаралас маңда ұялы байланыс әрең істейді. Мұндағы шикіліктің шығып тұрғаны тағы да сол әскери заставалардың күйі болмауынан деп болжадық. Рас, шекарадағы шептің проблемасы осыған дейін де біраз айтылды. 2018 жылы қазақ-қытай шека­расындағы Шығыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлі­гінің бойында орналасқан бөлім­шелерін жөндеу үшін 1 млрд 94 млн теңге қажет екені сөз болған. Мұнда да ғимараттардың дені өткен ғасырдың басында салын­ған. Яғни, біз әскер жағын тілге тиек еткенде қару-жарақпен жаб­дықталу жағына басымдық бе­реміз, ал заставалар жайы ұмыт қалғандай. Енді кемшілік тек ай­тылып қоймай, Үкімет тарапы­нан олқылықтың орнын толты­руға әрекет жасалуы қажет. Қаржы бар, қарекет жоқ Мәжілісмен Жанарбек Әшім­жан Үкіметке сауал жолдағаннан кейін көп ұзамай депутатқа үкі­метбасы Әлихан Смайыловтың қолы қойылған жауап-хат келген. Біз депутатпен байланысқа шы­ғып, жауаптың толық мәтінін алдық. Үкімет мәліметіне сенсек, таяуда Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті зерттеу жүргізіп, 106 типтік кешен мен 145 застава өзінің функ­ционалдық мақсатына жа­уап бермейтін ғимараттарда орналасқанын анықтапты. Яғни, осынша бөлімше орналасқан ғимарат әскери талапқа мүлде сай емес. Ал бұл олқылықтың орнын толтыру қыруар қаржы мен ре­сурсты талап ететіні айтпаса да белгілі. Осы тұста Үкіметтің нен­дей амалдар жасап жатқанын бір шолсақ. Шекара бойындағы кем-кетікті реттеу үшін елімізде 2021-2025 жылдар аралығында іске асуы тиіс «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы құрылған екен. 4 жылдық кезеңде 71 млрд теңгеден астам қар­жыға шекара бөлімшелерінің 50 типтік кешенін салу жоспар­ланған. Оның ішіне әскери бө­лімшелерге арналған әкімшілік ғи­мараттар, тұрғын үйлер, асха­налар, казармалар, тауар-мате­риал­дық құндылықтарды сақтау қоймалары, гараждар, қазан­дықтардан бастап, әрісі ат қо­ралар мен қызметтік иттерге арналған питомниктер де енеді. Қазір сол 50 типтік кешеннің 20-сы­ның жобалау-сметалық құ­жаттамасы әзірленіп, респуб­ликалық бюджетті нақтылау шеңберінде олардың құрылысына биыл 10 млрд теңге бөлініп үлге­ріпті. Бұдан бөлек, шекара қыз­меті үшін тұрмыстық жағдайларды жақсартуға, басқа да қажетті­ліктерге 38,7 млрд теңге бөлініпті. Сонымен қатар қазір аталған ұлт­тық жобаны шекара бөлімше­лерінің тағы 49 типтік кешенін салу жөніндегі іс-шаралармен толықтыру мәселесі пысықталып жатқан көрінеді. Аңғарсақ, бұл қаржыдан басқа, 2020 жылғы 4 маусымдағы ҰҚК алқа отырысында Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ шекара маңы облыста­рының әкімдіктері 2020-2024 жыл­дарға арналған жол картасын бекіткен. Оның шеңберінде ше­ка­ра объек­тілеріне жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізу, газбен, сумен, электрмен қамтамасыз ету бо­йынша 578 іс-шара жүзеге асы­рылып жатқан жайы бар. Бірақ Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан осы жол кар­тасындағы міндеттер орындалып жатқанына күмәнмен қарайтынын айтады. Мысалы, Алматы облы­сының әкім­дігі бекіткен шекара инфра­құрылымының объекті­ле­рін дамыту жөніндегі жол карта­сында 4,9 млрд теңгеге 120 іс-шара көз­делген. Жол картасының ал­ғаш­­қы 2 жылдығы өтті, бірақ нә­тиже көрінбей жатыр. Ресми де­рекке қарасақ, бүгінде Алматы об­лы­сының әкімдігі «Алакөл» ше­кара басқармасының «Сар­қант», «Шындалы», «Урманов атын­­дағы», «Ә.Молдағұлова атын­да­ғы», «Лепсі» шекара бөлімшелері кешендерінің инженерлік желі­лері мен ғимараттарын реконс­трукциялауға, жөндеу жұмыста­рын жүргізуге тағы 216 млн тең­ге­ден астам сомаға жобалық-сме­та­лық құжат әзірлегені жазылған. Де­мек, қаржының бөлінуі жағы­нан кемшілік жоқ. Шамасы, Үкі­мет облыстық әкімдіктердің ше­кара мәселесіндегі жұмысын бір зер­делегені жөн тәрізді. Ал күйі болмай тұрған «Рабат», «Саты», «Қастек», «Жамбыл», «Қас­келең», «Алма арасан», «Қар­ғалы» шекара бөлімше­ле­рінің, Райымбек ауданы бойынша Шекара басқармасының 15 ше­кара бөлімшесінің инфрақұры­лымын жөндеу және жаңғырту жұмыстары жоспарланып қо­йыпты. Жоспар болғаны жөн-ақ, бірақ жұмыс болмай нәтиже бар деуге тіл бармайды. Жаңағы жол картасы арқылы мұндай мол қа­ражаттар бір емес, бірнеше об­лыста бөлінгені анық.
ТҮЙІН: Не дегенмен әскердегі осындай ала-құлалық алдағы уақытта ретке келер деген үміт бар. Әйтпесе заставаларға тиесілі ғимарат­тар­дың біразы әлі күнге «КСРО-дан қалған мұра» деңгейінде қалып тұр. Ал ескі дүниенің есіркей қой­масы әуелден анық. Сондықтан қару-жа­рақпен жасақтау жағымен қа­тар, әскери бөлімдерге тиіс ғима­рат­тарды да ретке келтіру мәсе­лесіне ден қойған абзал. Әсіресе, шекара маңындағыларға.