Тәтті түбірдің ащы дәмі
Тәтті түбірдің ащы дәмі
224
оқылды
Бір кездері Алматы облысының даңқын шығарған қант қызылшасы өндірісі са­ла­сы қайта тоқырауға ұшырағандай. Биыл алматылық диқандар бар-жоғы 6 364 гек­тарға ғана тәтті түбір еккен. Мұндай көлемде Кеңес Одағы тұсындағы мил­лионер кол­­хоздардың біреуінде ғана өсірілетін. Талдықорғанның іргесінде тұрған Ескелді ау­­данының бұрынғы Крупская – бүгінгі Бақтыбай ауылының егіншілері өткен ғасыр­дың берекелі жылдарында жеті мың гектарға жуық алқапқа қант қызылшасын өсір­­генін ұзақ жыл осында агроном болған ақсақалдан естіп едік. Оны айтасыз, Тал­­дықорған облысы тарқап, Алматы облысына қосылған 90-жылдардың соңын­да­ғы қиын кезеңде де тәтті түбір алқаптарының көлемі дәл бүгінгідей қысқармап еді. Қалай дегенмен, өңірде бұр­нағы жылдары қант қызылшасын мың гектарлап өсіріп, бес бірдей қант зауытының арқасында мың­даған тонна ақ қант өндірілген. Алыс Алакөлдің Бескөліндегі қант қызылшасын және қант қамысын қатар өңдеуге қауқарлы, екі бірдей технологиялық желісі болған алып қант зауытының да талқаны тау­сыл­ды деуге болады. Қара­бұ­лақ­тағы қант зауытының тоқта­ға­нына да талай жыл болды. Ақсу­дағы қант зауыты он шақты жыл тұрып қал­ғаннан кейін мем­ле­кетке қайта са­тып алынып, қазына мен инвес­торлардың қы­руар қар­жысына қайта құры­лым­даудан өтіп, бір­неше жыл бұрын жұмысқа кірісті. Көксудағы кә­сіп­орын, әй­теуір тоқтамай жұмы­сын жалғас­тырып келеді, бұл зауыт та инвес­тициясы бар, мем­лекеттік қар­жысы бар миллион­дар салынып, жыл сайын қайта жарақ­тан­ды­рылады. Ақсудағы алып зауыт 1960 жыл­дардың ортасында Чехо­сло­вакия Республикасындағылардың жобасымен салынып, сол мем­лекет мамандарының қатысуы­мен өндірістік сынақтан өткізі­ліпті. Өндірістік қуаты тәулігіне 2 700 тонна қант қызылшасына негіз­делген. Жобалық-өндірістік мүм­кіндігін толық игеру үшін Ақ­су мен Сарқан аудандары аума­ғында бірқатар шаруашылық қант қы­зылшасын өсіру бағы­тында қайта құрылады. Алайда 2000-жыл­дардың басынан Ақсу қант зауы­тының шаруасы шат­қаяқ­тап, ақыры қолдан-қолға өтіп, мүлде тоқтап қалды. Қызылша ма, қамыс па? Араға он шақты жыл салып барып өндіріске кіріскен Ақсу қант зауытының қайта іске қо­сылуында бұрынғы әкім Баталов­тың еңбегі зор. Қазір осы салада жүргендер бұл кәсіпорын өзіміз­дің шығыны көп, кірісі аз отан­дық шикізаттан бас тартып, бір­тіндеп шетелдерден тасымалдана­тын қант қамысын өңдеуге кө­ше­тінін айтады. Соған сай, кейінгі бес-алты жылда атағы аймақтан асқан қант қызылшасы өндірі­сі­нің өрісі бірден тарыла бастады. Осыдан бірер жыл бұрын 18 мың гектарға жеткен тәтті түбір алқап­тарының көлемі биыл соның үш­тен біріндей шамаға азайды. Жалпы, қант қызылшасы өн­ді­­рісі дегенде тек зауыт төңіре­гінде жүргендер нәпақасын осы саладан айырып жүр деген ұғым тумауы керек. Егер дәл қазір енді іске қосылуы екіталай Қарабұлақ, Бескөл қант зауыттарын айтпа­ған­да, Ақсу мен Көксудағы кәсіп­орындар толық қуатымен жұмыс істесе және жергілікті өнімді ғана өңдейтін болса, онда Алматы облысының Талдықорған айма­ғындағы аудандардың жүздеген шаруашылығы тәтті түбір өсіріп, өткізумен-ақ мыңдаған отбасы­ның тұрмысын түзеп, қатардан қалмауын қамтамасыз етіп, өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосар еді. Расын айту керек, бұл сала қаржыны да, күшті де қажетсінеді. Бірақ оның соңында осы саламен жан бағып отырған отандастарымыздың тұрғанын да ұмытпаған жөн. Сондықтан мем­лекет тарапынан қолдауды артты­ру қажет-ақ. Облыс әкімдігінің Ауыл ша­руашылығы басқармасындағылар қант қызылшасы өндірісінің шығыны жылдан-жылға көбейіп, оған қоса соңғы жылдары ағын су тапшылығы да жағадан алып тұр­ғанын айтады. Бір сөзбен айт­қанда, шаруалардың тәтті түбір өсі­руге деген ынтасы жоғалған. тәтті түбір Көксу қант зауыты былтырдан бастап біртіндеп қант қамысынан өнім ала бастады. Былтыр 10,4 млрд теңгенің өнімін шығарған Ақсу да биыл негізінен осы шикі­затқа басымдық бермек. Өйткені өңірдегі қант қызылшасы алқа­бы­ның тарылуынан диқандар за­уыттың өндірістік қуатын то­лық қамта­ма­сыз ете алмайды. Со­ның салда­рынан алып кәсіп­орын жылдың бірнеше айында ғана жұмыс істейді. Облыс әкімі баспасөз қызме­тінің хабарлауынша, қант қамы­сын өңдеуге кіріскеннен кейін өн­діріс орны жыл бойы тоқта­май­ды. Осыған байланысты қазір за­уытты қайта жарақтандыру жүр­гізіліп жатыр. Шетелдерден жет­кізілетін қант қамысы шикі­затын сақтау үшін қажетті қойма құры­лысына 1,5 млрд теңге қа­рас­ты­рылмақ. Су көбейсе, қызылша алқабы ұлғая ма? Жоғарыда қант қызылшасы алқаптарының азаюының басты себептердің бірі ретінде су тап­шылығы айтылатынын келтірдік. Осыдан біраз бұрын 2010 жылы ағытылып, тұтас ауылды шайып кеткен «Қызылағаш» су қоймасы қайта салынып, пайдалануға берілді. Мамандар бұл су қоймасы 7 мың гектар алқапты суландыруға мүмкіндік беретінін алға тартады. Облыста 2019 жылдан бері жалпы ұзындығы 350 шақырым болатын 99 суландыру каналы қайта құры­лымдалып жатыр. Бүгінге дейін бұл каналдардың 260 шақырымы қалпына келтірілген. Соған қара­мастан жетісулық диқандар су тапшылығын жыл өткен сайын қатты сезіне бастады. Соның ішін­де Ақсу ауданындағы елді ме­кендер де бар. Тіпті, Қапал сын­ды сулы, нулы деп саналатын аймақтағы ауылдар да сусап отыр. Жергілікті шаруалар суландыру жүйелерін жөндеумен бірге ылғал сақтауға ықпал ететін техни­ка­ларға қол жеткізуді армандайды. Алайда мемлекеттің қолдауымен шетелдерден сатып алынатын жаңбырлатқыш сынды ылғал үнемдегіш техникалар мен жаб­дықтар тым қымбат. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев та аграрлық аймақтағы шаруа­шы­лықтарды ылғал сақтаушы тех­никамен қамтамасыз етудің ма­ңызы зор екенін назарында ұстап, аудандарды аралау барысындағы кездесулерінде осы мәселеге баса мән береді. «Алдағы кезде ылғал сақтау өн­дірісін жолға қоюға қатысты жо­балар бар. Талдықорған мен Қо­­наев қаласында ылғал үнемде­гіш техникалар шығаруды ой­лас­тырып отырмыз. Инвесторлар тара­пынан нақты ұсыныстар бар. Ойға алған­дар орындалған соң шағын және ірі шаруашы­лық­тармен келі­сім­шарттарға отырып, жабдықтарды лизингке беру мүм­кіндігі қарас­ты­рылады. Мұндай жағ­дайда сатып алу құнының жар­тысын демеу­қар­жы төлеу арқылы мемлекет өтей­ді», – дейді облыс әкімі. «Мен өзім құрған отандық қы­зылша тұқымын өсіретін «Қам­қорлық» шаруашылығында біраз жыл бұрын 30-40 адам еңбек ете­тін. Қазір солардың он шақ­тысы ғана қалды. Тапсырыстың азды­ғынан жұмысшы санын қыс­қар­туға тура келді», – дейді жаркенттік Әлен Жолдасов. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономикамызды қайта құру кезінде әлдекімдердің не­гізсіз пікірінен кейін бір кездері еліміздің табысты саласына ай­налған қой шаруашылығы құлды­рап кетіп еді. Енді, міне еліміздегі бірнеше аймақта ғана өсіріліп, өңделетін қант қызылшасына да осындай қауіп төніп тұр. Алыс шетелдерден тасымалданатын қант қамысына артықшылық бе­реміз деп қант қызылшасы өнді­рісінен қол үзуге болмайды. Жыл сайын миллиондарға шет­­елдерден қызылша тұқымын сатып алатын еліміз енді қыруар қаржыны қант қамысын шикізат ретінде сатып алуға кіріспек. Егер сол қаржыны отандық өндіру­ші­лерді қолдауға жұмсасақ, жағдай басқаша болар ма деген де ой келеді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы