Бір кездері Алматы облысының даңқын шығарған қант қызылшасы өндірісі саласы қайта тоқырауға ұшырағандай. Биыл алматылық диқандар бар-жоғы 6 364 гектарға ғана тәтті түбір еккен. Мұндай көлемде Кеңес Одағы тұсындағы миллионер колхоздардың біреуінде ғана өсірілетін. Талдықорғанның іргесінде тұрған Ескелді ауданының бұрынғы Крупская – бүгінгі Бақтыбай ауылының егіншілері өткен ғасырдың берекелі жылдарында жеті мың гектарға жуық алқапқа қант қызылшасын өсіргенін ұзақ жыл осында агроном болған ақсақалдан естіп едік. Оны айтасыз, Талдықорған облысы тарқап, Алматы облысына қосылған 90-жылдардың соңындағы қиын кезеңде де тәтті түбір алқаптарының көлемі дәл бүгінгідей қысқармап еді.
Қалай дегенмен, өңірде бұрнағы жылдары қант қызылшасын мың гектарлап өсіріп, бес бірдей қант зауытының арқасында мыңдаған тонна ақ қант өндірілген. Алыс Алакөлдің Бескөліндегі қант қызылшасын және қант қамысын қатар өңдеуге қауқарлы, екі бірдей технологиялық желісі болған алып қант зауытының да талқаны таусылды деуге болады. Қарабұлақтағы қант зауытының тоқтағанына да талай жыл болды. Ақсудағы қант зауыты он шақты жыл тұрып қалғаннан кейін мемлекетке қайта сатып алынып, қазына мен инвесторлардың қыруар қаржысына қайта құрылымдаудан өтіп, бірнеше жыл бұрын жұмысқа кірісті. Көксудағы кәсіпорын, әйтеуір тоқтамай жұмысын жалғастырып келеді, бұл зауыт та инвестициясы бар, мемлекеттік қаржысы бар миллиондар салынып, жыл сайын қайта жарақтандырылады.
Ақсудағы алып зауыт 1960 жылдардың ортасында Чехословакия Республикасындағылардың жобасымен салынып, сол мемлекет мамандарының қатысуымен өндірістік сынақтан өткізіліпті. Өндірістік қуаты тәулігіне 2 700 тонна қант қызылшасына негізделген. Жобалық-өндірістік мүмкіндігін толық игеру үшін Ақсу мен Сарқан аудандары аумағында бірқатар шаруашылық қант қызылшасын өсіру бағытында қайта құрылады. Алайда 2000-жылдардың басынан Ақсу қант зауытының шаруасы шатқаяқтап, ақыры қолдан-қолға өтіп, мүлде тоқтап қалды.
Қызылша ма, қамыс па?
Араға он шақты жыл салып барып өндіріске кіріскен Ақсу қант зауытының қайта іске қосылуында бұрынғы әкім Баталовтың еңбегі зор. Қазір осы салада жүргендер бұл кәсіпорын өзіміздің шығыны көп, кірісі аз отандық шикізаттан бас тартып, біртіндеп шетелдерден тасымалданатын қант қамысын өңдеуге көшетінін айтады. Соған сай, кейінгі бес-алты жылда атағы аймақтан асқан қант қызылшасы өндірісінің өрісі бірден тарыла бастады. Осыдан бірер жыл бұрын 18 мың гектарға жеткен тәтті түбір алқаптарының көлемі биыл соның үштен біріндей шамаға азайды.
Жалпы, қант қызылшасы өндірісі дегенде тек зауыт төңірегінде жүргендер нәпақасын осы саладан айырып жүр деген ұғым тумауы керек. Егер дәл қазір енді іске қосылуы екіталай Қарабұлақ, Бескөл қант зауыттарын айтпағанда, Ақсу мен Көксудағы кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істесе және жергілікті өнімді ғана өңдейтін болса, онда Алматы облысының Талдықорған аймағындағы аудандардың жүздеген шаруашылығы тәтті түбір өсіріп, өткізумен-ақ мыңдаған отбасының тұрмысын түзеп, қатардан қалмауын қамтамасыз етіп, өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосар еді. Расын айту керек, бұл сала қаржыны да, күшті де қажетсінеді. Бірақ оның соңында осы саламен жан бағып отырған отандастарымыздың тұрғанын да ұмытпаған жөн. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдауды арттыру қажет-ақ.
Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қант қызылшасы өндірісінің шығыны жылдан-жылға көбейіп, оған қоса соңғы жылдары ағын су тапшылығы да жағадан алып тұрғанын айтады. Бір сөзбен айтқанда, шаруалардың тәтті түбір өсіруге деген ынтасы жоғалған.
Көксу қант зауыты былтырдан бастап біртіндеп қант қамысынан өнім ала бастады. Былтыр 10,4 млрд теңгенің өнімін шығарған Ақсу да биыл негізінен осы шикізатқа басымдық бермек. Өйткені өңірдегі қант қызылшасы алқабының тарылуынан диқандар зауыттың өндірістік қуатын толық қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан алып кәсіпорын жылдың бірнеше айында ғана жұмыс істейді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қант қамысын өңдеуге кіріскеннен кейін өндіріс орны жыл бойы тоқтамайды. Осыған байланысты қазір зауытты қайта жарақтандыру жүргізіліп жатыр. Шетелдерден жеткізілетін қант қамысы шикізатын сақтау үшін қажетті қойма құрылысына 1,5 млрд теңге қарастырылмақ.
Су көбейсе, қызылша алқабы ұлғая ма?
Жоғарыда қант қызылшасы алқаптарының азаюының басты себептердің бірі ретінде су тапшылығы айтылатынын келтірдік. Осыдан біраз бұрын 2010 жылы ағытылып, тұтас ауылды шайып кеткен «Қызылағаш» су қоймасы қайта салынып, пайдалануға берілді. Мамандар бұл су қоймасы 7 мың гектар алқапты суландыруға мүмкіндік беретінін алға тартады. Облыста 2019 жылдан бері жалпы ұзындығы 350 шақырым болатын 99 суландыру каналы қайта құрылымдалып жатыр. Бүгінге дейін бұл каналдардың 260 шақырымы қалпына келтірілген. Соған қарамастан жетісулық диқандар су тапшылығын жыл өткен сайын қатты сезіне бастады. Соның ішінде Ақсу ауданындағы елді мекендер де бар. Тіпті, Қапал сынды сулы, нулы деп саналатын аймақтағы ауылдар да сусап отыр. Жергілікті шаруалар суландыру жүйелерін жөндеумен бірге ылғал сақтауға ықпал ететін техникаларға қол жеткізуді армандайды. Алайда мемлекеттің қолдауымен шетелдерден сатып алынатын жаңбырлатқыш сынды ылғал үнемдегіш техникалар мен жабдықтар тым қымбат.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев та аграрлық аймақтағы шаруашылықтарды ылғал сақтаушы техникамен қамтамасыз етудің маңызы зор екенін назарында ұстап, аудандарды аралау барысындағы кездесулерінде осы мәселеге баса мән береді.
«Алдағы кезде ылғал сақтау өндірісін жолға қоюға қатысты жобалар бар. Талдықорған мен Қонаев қаласында ылғал үнемдегіш техникалар шығаруды ойластырып отырмыз. Инвесторлар тарапынан нақты ұсыныстар бар. Ойға алғандар орындалған соң шағын және ірі шаруашылықтармен келісімшарттарға отырып, жабдықтарды лизингке беру мүмкіндігі қарастырылады. Мұндай жағдайда сатып алу құнының жартысын демеуқаржы төлеу арқылы мемлекет өтейді», – дейді облыс әкімі.
«Мен өзім құрған отандық қызылша тұқымын өсіретін «Қамқорлық» шаруашылығында біраз жыл бұрын 30-40 адам еңбек ететін. Қазір солардың он шақтысы ғана қалды. Тапсырыстың аздығынан жұмысшы санын қысқартуға тура келді», – дейді жаркенттік Әлен Жолдасов.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономикамызды қайта құру кезінде әлдекімдердің негізсіз пікірінен кейін бір кездері еліміздің табысты саласына айналған қой шаруашылығы құлдырап кетіп еді. Енді, міне еліміздегі бірнеше аймақта ғана өсіріліп, өңделетін қант қызылшасына да осындай қауіп төніп тұр. Алыс шетелдерден тасымалданатын қант қамысына артықшылық береміз деп қант қызылшасы өндірісінен қол үзуге болмайды.
Жыл сайын миллиондарға шетелдерден қызылша тұқымын сатып алатын еліміз енді қыруар қаржыны қант қамысын шикізат ретінде сатып алуға кіріспек. Егер сол қаржыны отандық өндірушілерді қолдауға жұмсасақ, жағдай басқаша болар ма деген де ой келеді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы