Шымкенттегі жарылыс: 3 адамның өмірін қиды
Шымкенттегі жарылыс: 3 адамның өмірін қиды
225
оқылды
Шыны керек, жыл сайын осы мерзімде Шымкент жақта бір қайғылы оқиға болады. Әсіресе, соңғы жылдары табиғаттың тосын мінезінен зардап шегу жағдайы жиі кездесіп жүр. Бұрынырақта да табиғат тосын мінез танытатын. Бірақ елге анау айтқандай зияны көп болмайтын. Ал кейінгі болып жатқан алапат жел, нөсер жауын талай дүниені қиратып, адам өліміне де себепші болып жатыр. Әсіресе, нөсер жауыннан келетін шығын көп. Арыстағы жарылыстан енді есін жиған оңтүстік жұрты өткен сенбіде тағы да болған дүмпуден шошып қалды. Бұл жолғы жарылыс Шымкент қаласының тура орталығында Түркістан облысына қарасты №1 перинатал­дық орталық жанында орналасқан жеке­меншік дәріхана ғимаратында болды. Ал негізігі зардапты ауруханадағылар тартты. Әрине, дәріхананың күлі көкке ұшты. Ол жерде демалыс күні болғандықтан адам болмаған. Алайда перинаталдық орталықта болған 189 пациент пен 65 қызметкердің өміріне қауіп төнді. Оқиға орнында перинатал­дық орталықтың күзетшісі көз жұмды. Одан соң туғанына 18 тәулік енді болған салмағы 800 грамдық сәби шетінеп кетті. Артынша жарақат алған 8 адамның бірі өмірімен қоштасты. Жарылыс болған «Ауруханаралық 138 дәріхана» ЖШС-не тиесілі дәріхананың перинаталдық орталыққа қатысы жоқ. Жекеменшік дәріхана ғимаратындағы жарылыс газ-ауа қоспасының (алдын ала оттегі баллоны) жарылуынан болуы мүмкін деген болжам бар. Әзірге жарылыстың неден болғаны анықталып жатыр. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақ ғимараты ішінара құлап, 5 қабатты тұрғын үйдің терезелеріне зақым келген. Зертхананың 2 қабатты ғимараты қирап, 2 көлік өртеніп кеткен. 11 жеңіл көлікке зақым келген. Оқыстан болған дүмпуден осы маңдағы тұрғындар мен перинаталдық орталықтағы науқастар дер кезінде эвакуацияланып, тө­тен­ше жағдайлар департаментінің қызмет­керлері өртті сөндірді. Зардап шеккен адамдарды Түркістан облыстық клиникалық ауруханаға, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына, №2 қалалық ауруханаға жеткізді. Осылайша, 3 адамның өмірін қиған оқиға шымкенттіктер мен түркістандықтарды елеңдетіп қойды. Бүгінде 7 адам түрлі дене жарақатымен ауруханада жатыр. Оның бірі жансақтау бөлімінен күндізгі бөлімге ауысса, біреуі әлі де жансақтау бөлімінде дәрігер­лердің бақылауында. Бұл туралы жедел түрде баспасөз брифингін өткізген Түркістан облыс­тық Қоғамдық денсаулық басқар­масының басшысы Марат Пашимов атап өтті. Ем қабылдап жатқан 7 адамның 5-еуі перинаталдық орталықта жұмыс істейді екен. Оның 1-еуі медбике болса, 4-еуі кіші буын қызметкерлері. Ал 2 адам ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар. «Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, қайтыс болғандардың туыстарына қаржылай көмек көрсетіледі, несиелері болса ол да қарастырылады. Бүгінде материалдық шығындар есептеліп жатыр. Арнайы құрыл­ған штаб бұл жағдайды сәт сайын бақылауда ұстап отыр. Науқас әйелдер Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханаға, ал балалар облыстық балалар ауруханасына ауыстырыл­ды», – деп атап өтті облыстың бас дәрігері. Ал астанадан арнайы келген өкіл ҚР ДСМ бала денсаулығын қорғау департа­ментінің директоры Мағрипа Ембергенова науқастардың жағдайын көргенін, ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. «Керекті меди­циналық көмектің барлығы жасалыпты. Тіпті, керек болса республика тарапынан көмек көрсетеміз», – деді ол. Табиғаттың тосын мінезі жұртты әуреге салды Дәл осы күні Шымкенттегі Қажымұқан стадионында футбол ойыны өтіп жатқанда қатты жел тұрып, стадионның мінбер жағындағы ғимараттың шатыры ұшып түсті. Адам шығыны болған жоқ, дегенмен Ордабасы-Ақсу ойыны тоқтатылды. Бұл оқиға әлеуметтік желіде біраз талқыға түсті. Түркістанда да осы күні қатты дауыл соғып, шаңды жел тұрды. OLIMPBET- Футболдан Қазақстан чемпионатының 12 турында Түркістан облысының Тұран командасы өз алаңында Ақтөбе футболшы­ларын қабылдамақ болған. Алайда ойын басталуға аз уақыт қалғанда ауа райы күрт өзгеріп шаңды дауыл соғып, қатты жел тұ­рып, ойнауға мүмкіндік бермеген. Сондықтан «Тұран–Ақтөбе» ойыны басқа күнге ауыстырылды. Енді ойын ҚКФЛ Әкімшілігі анықтаған басқа күні өткізіледі. Алайда ақтөбелік футбол фанаттары жуық арада тарқай қоймады. Стадионның сыртында көпке дейін айқайлап, полицейлердің араласуымен әрең тарқасты. Оңтүстік өңірінің тұрғындары екі күн демалысты осылай арпалыспен өткізді. Әйтеуір, әрбір оқыс оқиғадан соң жақсылық тілейтініміз бар. Соңы жақсылық болғай...

Шымкент-Түркістан