Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қоғам қайраткері, ұлт, тіл жанашыры, аталған оқу орнының түлегі Оразкүл Асанғазықызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Өмірі өнеге дара тұлға» атты мерекелік кеш өтті.
Қазақтың қайсар қызы Оразкүл Асанғазыны көпшілік қауым ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек еткен тұлға ретінде жақсы таниды. Ол – сонау жас кезіне ана тіліміздің бірден-бір жанашыры ретінде танылған қоғам қайраткері.
Оразкүл Асанғазы депутат болған жылдары Парламентте де тіл, діл, дін, руханият салаларындағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, олардың оңтайлы шешім табуына ықпал етті. Одан кейін елорда әкімігінде Тіл басқармасының басшысы болған жылдарда көшелердің қазақи аталуына зор үлес қосып, тікелей бастамашы болды.
Өзі түлеп ұшқан оқу ордасында өткен мерейтой кешіне Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Мемлекеттік тілді дамыту институтының бас директоры – Бижомарт Сейсенбекұлы, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Өмірәлі Қапалбаев және мерейтой иесінің туған жерінен қонақтар келіп сый-сияпаттарын жасады.
Құттықтау сөзді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Әмірханқызы сөйлеп, мерейтой иесін университет ұжымы және өз атынан құттықтады. Одан кейін сөз алған университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Нартайұлы университеттің осындай түлектері бар болғанын мақтан тұтатынын атады.
Жиын барысында Дәулеткерей Құсайыновтың Оразкүл Асанғазықызы жайында жазылған «Қазақ қызы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Саналы ғұмырында халқына қалтықсыз қызмет еткен Оразкүл Асанғазықызының бүгінгі мерейтойы ерекше форматта болды. Түрлі құттықтаулар мен ән күйден бөлек, мерейтой иесі өзімен бірге тіл комитетінен, жастарға психологиялық дәріс беретін мамандарды да ерте келген, дәріс пен тренинг алаңына айналдырды.
Мерейтойға келген студенттер Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызының «Қазақ тіліндегі ІТ жобалар» атты қазақ тілінің сөздік қорын дамыту арналған таныстырылымы, «Өзіңді бағалай білесің бе?» атты Салима Сатылғанқызының психологиялық тренингі, «Ата-ананың разылығы – жанның рахаты» атты Саламат Нәбиқызының медитативті терапевтік жаттығуы, Назым Әлидің «Бизнес заманның талабы» психологиялық тренингіне қатысты.