СҚО-да чипстер тиелген жүк көлігі аударылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен сенбіде сағат 15.00 шамасында 43 жастағы жүргізуші тізгіндеген MAN жүк көлігінен ақау шыққан. Ақтөбелік жүк көлігі Қызылжар ауданындағы Кондратовка ауылының маңында 5 сағаттан аса тұрып қалған. Полицейлер мен жол ұйымдарының қызметкерлері ұйымдастырған "Құтқару операциясы" ұзаққа созылған.
Жүк көлігі бір жағына ауып кеткен. 5 тонна чипс тиеген жүргізуші Новосібірден Қостанайға бет алған. Бұл оқиға туралы жолдағы көлік жүргізушілері полицейлерге хабарлаған. Челябі-Новосібір тасжолында патрульдік қызмет атқарған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әділ Қазиев пен Серік Сейпиев оқиға орнына барған.
Полицейлер Мамлют ауданынан "Қазавтодор" ЖШС-нің ауыр техникасын көмекке шақырғанымен, тұрып қалған жүк көлігін шығара алмаған. Кейін КамАЗ кранын алдыртқан. Сөйтіп, көліктің корпусы мен алдыңғы жағын бөлуге тура келген.
Барлық жұмыс кешкі сағат 21.00-де аяқталған.
"Хабарлама алған соң бірден оқиға орнына бардық. Іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Жүргізуші жергілікті тұрғын емес, сондықтан қайда бұрыларын білмей қалған", – дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Әділ Қазиев.