Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғапты. Бұл тұтас 2021 жылдың көрсеткішіне жуық! Осы төбе шашты тік тұрғызар дерек жуырда Ақордада Президенттің отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде жария етілді. Егер қорғамағанда ше? Онда жүз мыңдай бизнес нысаны жабылып тынуы мүмкін еді. Бұл мәлімет Қазақстанда кәсіпкерлерге қандай қысым мен ауыртпалық түсіп жатқанын аңғартады. Бизнес омбудсменнің ақпаратына сенсек, айыппұлмен жазаланған бизнесмендердің саны да күрт артты. Құзырлы органдар кәсіпкерлер табын құртып тынбай ма?Әкімшілік жаза әкіреңдеуге жақсы
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтының «ҚР Президентіне жыл сайынғы баяндамасында» айтылғандай, республикада әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің саны жыл санап өсіп келеді: соңғы 6 жылда жазаланғандар саны 2 есеге ұлғайды. Нақтылай кетсек, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тіркелген құқықбұзушылықтар саны 2015 жылы 253 525 іс болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 319 828-ге, 2017 жылы 396 002-ге, 2018 жылы 445 940-қа, 2019 жылы 501 649-ға, ал 2020 жылы 445 504 іске жеткен.
Бизнес омбудсмен Рустам Жүрсіновтің байламынша, құзырлы органдардың асыра сілтейтін кезі аз емес. Бұған заңнамадағы олқылықтар ықпал етеді. Бизнесмендерге салынатын айыппұлдар кәсіпкерлік субъектісінің санатына, жол берген бұзушылығының қоғамға қаупіне сайма-сай бола бермейді. Айталық, айына 100 мыңдай ғана табыс табатын микрокәсіпкерге одан 1,5-2 есе көп айыппұл салынады.
Тағы бір мысал: Әкімшілік кодекстің (ӘҚБтК) «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» деп аталатын 425-бабының айыппұл санкциялары 8-13 есеге ұлғайтылыпты. Сөйтіп, мөлшері 230 АЕК-тен 1600 АЕК-ке дейін жетті (2022 жылы 4 млн 900,8 мың теңгеге тең). Бұл түзетулер 2019 жылғы 11 сәуірде, яғни дәл пандемия қарсаңында қолданысқа енгізілді. Әрине, коронавирус індеті жаһанды жайпаған шақта халықты қолдау үшін қатаң карантин шараларын қабылдаудың қажеттілігі болды. Соның ішінде жүздеген адам жиып, жасырын той өткізген мейрамхана-тойханалар аяусыз жазаланды.
Алайда бұл бап індеттің беті қайтқан шақта тексеруші органдардың кәсіпкерлерге негізсіз «репрессия» жүргізуіне септесуі ықтимал екен.
«Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және гигиеналық нормативтер саласындағы тексеру парақтарында кәсіпкерге қойылатын 1700-ден астам талап бар! Соның ішінде 60-қа жуық гигиеналық норматив белгіленген. Оның талаптарын бұзу Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша жазалауға соқтырады (1600 АЕК). Онда шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болмауы сияқты кәсіпорындар жол беретін өрескел жөнсіздіктер ескерілген. Бұлай бассыз кеткенді тәртіпке келтіру – жөнді іс. Бірақ кәсіпкер қоқыс жәшігінің қақпағы жоқ болғаны үшін жазаға тартылады, өйткені «қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған қақпағы бар контейнерлердің болуы» деген талап қарастырылған», – дейді бизнес омбудсмен. Бұл қоғамда теріс резонанс тудырады.
Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің талдауы көрсеткендей, біріншіден, әкімшілік жазаларды белгілеудің өлшемі жоқ. Екіншіден, айыппұл мөлшерін анықтауда субъективті тәсіл жиі қолданылады. Үшіншіден, құқықбұзушылықтар үшін өндіріп алудың салдарлары болжанбайды, бағаланбайды. Соның кесірінен мемлекет айыппұл салу ақыры әлдебір бизнес нысанын жойып тынады.
Шабуыл табысты бизнестің түбіне жетеді
Ақордадағы жиында Президент Қ.Тоқаев «елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек» деп міндет қойды.
Қалай болғанда да, қолында билік бишігі барлар кәсіпкерлердің ісі өрге басқан, табысы өзендей тасқындаған «майшелпек» бизнесін тартып алудан тайынбайтыны жасырын емес. Бұл кесірлі құбылыспен қатаң күресу қажеттілігін Президент те айтты. «Рейдерлік» ағылшынның raid, яғни шапқыншылық, шабуыл деген сөзінен шыққан: қандай да бір кәсіпорын-компанияны оның қожайынының еркінен тыс тартып алуды, басшылықтан аластатуды білдіреді. Осы мақсатта әкімшілік ресурс, күштік құрылымдардың жазалаушы тетіктері, қолдан жасалған қылмыстық істер, қоқан-лоққы, азаптау қолданылуы мүмкін.
Мысалы, Алматыда VITA Industry деген салмақты, өз саласындағы жүйеқұраушы компания болды, 100 ірі компания қатарына қосылды. KASE дерегінше, бұл – ТМД аумағындағы сояны терең өңдейтін тұңғыш кәсіпорын еді. Жылына 140 мың тонна сояны өңдеумен айналысты. 2007 жылы елде сұйық май тапшылығы басталғанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де сол ықпал еткен екен. Қанатын кең жайып, Ресейде, Қырғыз Республикасында да зауыттарын тұрғызды. Дегенмен 2013 жылы оның негізін қалаушысы және акционері Петр Потапов зауытқа рейдерлік шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеді. Ол осы заңсыз тірліктерге нақты кімдердің айыпты екенін де атады, олардың арасында ірі қазақстандық банк бар-тын.
П.Потаповтың мәліметінше, Қазақстанның қаржы полициясы 2009 жылдың қарашасынан 2010 жылғы 11 қаңтарға дейін компанияның барлық есепшотын бұғаттады. Ол кезде бұл кәсіпкерлерді жазалаудың таралған тәжірибесі еді. Содан зауыт иесі VITA АҚ ауыр қаржылық жағдайға жетті, зауыт өзге компанияға жалға берілді. Жаңа жалгерлер аренданы төлеуді доғарып, қарызға батқан Потаповты Vita Industry директоры қызметінен кетіруге күш салды. П.Потапов 2012 жылы сот арқылы Vita Industry-ді сауықтыруға қол жеткізеді. Осы кезде оның Vita Industry ЖШС директоры лауазымын тартып алған тұлға реабилитациялау туралы сотқа өтінімді кері қайтарып алған. Бертінде ақпарат құралдары соттың Vita Industrу-ге сауықтыру рәсімін қолдану туралы ақырғы шешім қабылдағанын жазды. Әйтсе де, қазіргі кезде аталған зауыт соя өңдемейді.
2021 жыл соңында Сарыағаш аудандық соты өз тарихында алғаш рет Қылмыстық кодекстің «Рейдерлiк» атты 249-бабы бойынша қылмыстық істі қарады. Сарыағаш қаласында 2017 жылы ашылған жекеменшік мектеп заңсыз иелену объектісі ретінде анықталды. Білім ордасының құрылтайшысы әрі жалғыз иесі әлдекімдердің кеңесімен басшылық, әкімшілік лауазымдарға бірқатар тұлғаны жалдайды. Директорға мекеменің бүкіл оқу, шаруашылық және қаржылық істерін жүргізуге толық құқық береді. Кәсіпкер күш-жігері мен уақытын өзге бизнестерін дөңгелентуге бағыттаған.
Тергеу барысында және сотта айқындалғандай, мектеп директоры мен орынбасары қожайынның жоқтығын пайдаланып, оқу ұйымының меншік иесін толық өзгертіп алған. Мұны заңдастыру үшін олар құрылтайшылық жиын өткізіп, онда құрылтайшылардың жаңа құрамын бекіту, бұрынғы қожайынды алып тастау, заңды тұлғаны қайта тіркеу туралы шешім қабылдайды. Соттағы талқылау кезінде әлгілердің заңсыз әрекеттері және айыбы толығымен дәлелденді. Сот екі әйелді де 3 жылға бас бостандығынан айырды. Олар тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған рақымшылыққа ілігіп, жазалары 1 жыл 6 айға дейін азайтылды.
Жаңа Қазақстанда рейдерлерге орын жоқ
Ақордадағы Президенттің отандық бизнес өкілдерімен кездесуінен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз қызметінің басты бір басымдығы адал кәсіпкерлерді қорғау болатынын мәлімдеді. «Бизнесті заңсыз араласудан қорғау үшін қосымша шаралар қабылдадық. Агенттік бизнестің мүдделеріне қатысты кез келген тергеу әрекетін қосымша келісуді көздейтін алгоритм әзірлеп отыр. Негізсіз тұтқындауға, тінтулерге, негізсіз ақпарат алуға жол бермеу үшін қызметкерлердің іс-әрекеттеріне бақылау қатайтылады», – деп хабардар етті Антикор.
Сонымен қатар агенттік қызметкерлері мен «Атамекен» ҰКП өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылады. Топтың негізгі міндеті – ақпаратты жедел алу және бизнестің шағымдары бойынша мәселелерді алқалы түрде қарау болады. Топ тексерулерге қатысты шағымдарды және кәсіпкерлердің басқа меморгандардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы өтініштерін қараумен шұғылданады.
«Бұл шаралар Мемлекет басшысының бизнесмендермен кездесуінде айтылған тапсырмаларын орындау аясында қабылданды. Антикор адал бизнестің жұмысына араласпауы тиіс. Бизнесмендерді басқа мемқұрылымдардың кәсіпкерлік қызметке негізсіз қол сұғуынан да қорғауымыз керек», – деді Антикор төрағасы Олжас Бектенов.
Жалпы, төрт жылда Қылмыстық кодекстің «рейдерлік бабы» бойынша 14 қылмыстық іс қана қозғалыпты. Соның екеуі ғана сотқа жеткен. Заңгерлердің пікірінше, дәл осы бап – тәжірибеде дәлелденуі ең қиын қылмыстық құрам. Себебі рейдерлер бәрін сауатты жасайды, заңсыз әрекетін көбіне азаматтық-құқықтық мәмілемен бүркемелейді.
Осыдан біраз бұрын Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы мен «Атамекен» палатасы кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту тәжірибесіне талдау жүргізді. 120 мыңдай қылмыстық іске мониторинг жүргізілген. Экономикалық және коррупциялық сипаттағы 500 іс, 30 мыңнан астам шағым зерделенген. Оның қорытындысында, Қазақстанда кәсіпкерлердің сол баяғыдай құқық қорғау және бақылаушы органдардың негізсіз әрекеттерінен өрбитін қаптаған проблемадан зардап шегіп жатқаны әшкереленді. Кәсіпкерлердің әрбір бесінші арызы сотқа дейінгі тергеу өндірісі барысында түрлі бұзушылық, қысастық пен қиянатқа жол берілетінімен байланысты көрінеді. Атап айтқанда, қылмыстық қудалау органдары жеткілікті негізсіз бизнесмендердің кәсіпорнында, үйінде тінту, құжаттарды алып қою шараларына бастамашы болады, кәсіпкерлердің мүлкіне, есепшотына бұғат салып тастайды.
Кейінгі төрт жылда экономикалық тергеулер қызметі қозғаған істердің 2 069-ы немесе 17,3 пайызы ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Бұл ретте кәсіпкердің шеккен шығынын мемлекет өтемейді, тіпті ешкім кешірім де сұрамайды. Не құқық қорғау органдарында, не сотта әділдік таппай, өзін-өзі өлтірген кәсіпкерлер бар. Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан десек, мұндай сорақылықтарды енді түпкілікті тыйған абзал.