Бүгін Елбасы кітапханасында жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңызын талқылауға арналған «Референдум: тұжырымдамалық аспектілер» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметінің алғашқы күндерінен бастап қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерін белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Конституциялық өзгерістердің республикалық референдумы алдағы реформалардың тұрақты траекториясын айқындап, азаматтық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті басқосуды ашқан іс-шараның модераторы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат. «Референдум – азаматтардың ерік білдіруінің, олардың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуының маңызды үлгісі. Конституцияға енгізілмек өзгерістер мен толықтырулар «мықты Президент – абыройлы Парламент – жауапты Үкімет» үлгісін ұстанатын Екінші республикаға айналуға бағытталған. Кешенді өзгерістер қоғамдық қатынастардың барлық салаларына әсер етеді», - деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасұлов. «Еліміз кешіп жатқан тарихи кезеңде эволюциялық даму мен саяси сана-сезімнің артуы көптеген шешімдерді Парламент арқылы емес, жалпыхалықтық дауыс беру арқылы қабылдау мүмкіндігіне қолдың жеткенін көрсетеді», - деді «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институтының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Мәдина Нұрғалиева. «Әлемнің құбылмалы ахуалы мен жылдам өзгеретін геосаяси жағдайында, заманның жаңа талаптары мен сын-қатерлері тұсында өткізілетін референдум мемлекетті саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғыртуды жеделдетіп, талаптарға сай болуды қамтамасыз етеді. Көз алдымызда билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас пен өзара әрекеттесудің жаңа үлгісі қалыптасып келеді», - деді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директоры, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл.