Белгілі ақынның ұлы әкім болып тағайындалды
Белгілі ақынның ұлы әкім болып тағайындалды
283
оқылды
Алматы қаласы Медеу ауданының жаңа әкімі тағайындалды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің және Алматы қаласы Мәслихатының келісімі бойынша Медеу ауданының әкімі болып Еркебұлан Нұрланұлы Оразалин тағайындалды», – делінген әкімдік таратқан хабарламада. Ол бұған дейін Алматы қалалық әкімдігі Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы қызметін атқарып келген болатын. – Оның басшылығымен Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қаламыздағы шағын және орта бизнесті қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Аталған тиімді жұмыстың арқасында Мемлекет басшысының зардап шеккен ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі тапсырмасы орындалды. Жалпы, зардап шеккен кәсіпкерлердің 97% өз қызметін қалпына келтірді, биылғы жылдың 20 мамырында құны 14 082 240 817 теңге болатын 1 568 өтінім мақұлданды. Осы күрделі кезеңде Еркебұлан Оразалин өзін жауапты және білікті маман ретінде әрі жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік қасиеттерін көрсетті, – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының жаңа әкімін таныстыру кезінде.
Еркебұлан Оразалин еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Ақпараттық-талдау орталығы ақпараттық-коммуникативтік бөлімінің сарапшысы қызметінен бастады. 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы болып жұмыс істеді. 2010-2012 жылдары Алматы қаласының Өңірлік даму әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялар жөніндегі департаментінің директоры болды. 2012 жылдан 2016 жылдар аралығында Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары, басшысы қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді, әлеуметтік сала және кәсіпкерлік мәселелеріне жетекшілік жасады. 2019 жылдан бастап Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Айта кетейік Еркебұлан Нұрланұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұзақ жылдар Қазақстан жазушылар одағын басқарған, белгілі ақын Нұрлан Оразалиннің ұлы.