Сәбит Шонтақбаевтың тағы бір қызды құтқарғаны белгілі болды
Сәбит Шонтақбаевтың тағы бір қызды құтқарғаны белгілі болды
© kyzylorda-news.kz
504
оқылды
Нұр-Сұлтанда 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаевтың ел естімеген тағы бір ерлігі аян болды. Ол осыдан он шақты жыл бұрын тағы бір қызды құтқарып қалған екен. Одан бөлек жеке өмірі, отбасы, әскери борышын өтеген жылдарын еске алды, – деп жазады stan.kz.
“2009 жылы жол бойында жұмыс істейтінмін. Жағажайға суға түсуге бардым. Сол кезде бір қыз суға кіріп, шығып жатты. Мен оның жүзе алмай жатқанын түсініп, оған тұра ұмтылдым. Судан алып шықтым. Суға түсе алмайды екен. Ол кезде де алғысын айтты. Ол кезде қазіргідей желінің дамымаған кезі. Телефон жоқ. Камераға ешкім түсірген жоқ. Қазіргідей кез емес. Сондықтан қазіргідей шу болған жоқ. Ол қыз да рахметін айтып кетіп қалды”, – деді Шонтақбаев Атамекен бизнес жаңалықтары арнасының Bosat подкастында берген сұхбатында.
Сәбит мырза 2003 жылы әскери борышын өтеп келген соң отау құрған.
“Мектепте оқып жүргенде әйеліме хат жаздым. Ол менен екі жас кіші болды. Сырттай ұнатып жүрдім. 14 ақпан күні хат жазып, сезімімді білдірдім. Кешкісін үйіне бардым. Солай кездесіп жүрдік. Ол кезде әйелім 9-сынып оқиды. Мектеп бітірген соң мен әскерге кеттім. Әскерде түрлі жағдайлар болды. Біреуден таяқ жейсің. Тәртіп деген барлық жерде бар. Соған бағынасың. Келген соң 23 жасымда үйлендім. Мені екі жыл күтті. Ерте үйлендім деп ойламаймын. Нағыз үйленетін шақта үйлендім”, – деді ол.
Айтуынша, қазір үлкен ұлы 13 жаста. Өзімен сырлас. Ерте үйленсең, балаң өзіңмен бірге өседі дейді ол.
“Қазір баламмен ашық сөйлесемін. “Қызың бар ма?” деп сұраймын. Балам да, қызым да өнерге жақын. Екінші балам оқымысты. Ерте үйленгеннің кемшілігі жоқ. Әйеліңмен ұрсысатын кездер болады. Бірақ әйелге қол көтерудің керегі жоқ. Далаға шығып кет. Ұйықтап тұр. Ертесі ашу басылған соң сөйлес. Оныкі дұрыс болмағанын айт не өзіңнің дұрыс істемегеніңді айт. “Күнім, ботам” дей салсаң болды ғой. “Жылы, жылы сөйлесең жылан інінен шығады” деген. “Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды” дейді. Ауылдың баласымыз. Қазақ бекер айтпайды. Солай өмір сүріп жатырмыз”, – деді Сәбит.