Алматыда 600-ден астам түлек «Алтын белгіге» үміткер
Қаланың 295 мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өтті. Биылғы жылы мектепті 12 355 түлек бітірді, оның ішінде 613-і «Алтын белгіге», 973-і үздік аттестатқа үміткер.
Бүгін алтын ұя мектебімен қоштасқан түлектерге қала әкімі Ерболат Досаев үндеу жасады.
«Алда үлкен сынақ – мемлекеттік емтихан және ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы сыннан барлықтарыңыз сүрінбей өтуге шын жүректен тілектеспін. Алған білімдеріңіздің арқасында Сіздер әлемнің немесе еліміздің кез келген жоғары оқу орнын таңдай аласыздар. Тек Алматының өзінде 36 жоғары оқу орны бар. Таңдаған оқу орнына түсіп, қалаған мамандық иесі болыңыздар», – делінген мегаполис әкімінің түлектерге жасаған үндеуінде.
Биылғы жылы 2022 жылғы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында білім беру сапасын арттыру және пандемия мен шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында оқушылар үшін қосымша оқыту ұйымдастырылатын болады.
[caption id="attachment_197850" align="alignnone" width="1200"] ©А.Мұрзанов[/caption]
9, 11-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Емтихандар 9-сыныпты бітірушілер үшін 28 мамырдан 6 маусым, ал 11-сыныптарда 27 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Сонымен қатар, 11-сынып түлектері Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады.
Биылғы жылдан бастап талапкерлерге ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Екі мүмкіндіктің көмегімен тек мамандандырылған пәндердің бір комбинациясын таңдауға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады.
Айта кетейік, 26 мамыр мен 17 маусым аралығында аяқталған оқу жылында пандемия мен шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында оқушылар үшін қосымша оқыту ұйымдастырылатын болады.