Оралдық студент жүкті әйелді көлік ішінде босандырып алған. “Астана” телеарнасының хабарына қарағанда, алдымен медициналық жедел жәрдем бригадасына қала маңындағы Деркөл ауылынан шақырту түскен. Көмекке асыққан санитар-студент жүкті келіншектің үйіне жедел жәрдем бригадасымен 10 минутта жеткенімен, перзентханаға үлгірмепті.
Жедел жәрдем бригадасының құрамында тәжірибе жинақтап жүрген студент толғағы күшейген келіншекті дереу босандырып алады, сәбидің кіндігін де өздері кесіпті. Қазір сәбидің денсаулығы жақсы, ертең перзентханадан шығарады.
“Менің практикам жүріп жатқан кезде, яғни осындай көмекші қызметінде жүргенімде кездескен үшінші босану бұл. Машинаның ішінде екі ананы босандырдым, біреуі үйдің ішінде болған оқиға еді. Асықпай, өзіміздің қолдан келетін көмегімізді көрсетіп, барлығын алгоритм түрінде жүргіздік”, – дейді жедел жәрдем санитары Айсұлтан Нұрышев.
“Толғағы келіп тұрғанда, қатты күшендіріп, баланы аман-есен босандырып алдық. Салмағы 3 кг болатын қыз бала дүниеге келді. Бойы 52 см екен. Барлық көмекті көрсетіп, қалалық көпбейінді ауруханаға сәбиді де, анасын да аман-есен жеткіздік”, – дейді фельдшер Еркебұлан Жасұланов.