Қазақстандық Telegram-арналарда балаларды мектепке бірінші сыныпқа қабылдау үшін өзге құжаттармен бірге саусақ іздерінің таңбасы және интимдік өмірі туралы анықтама талап етілетіні туралы ақпарат тарады. Stopfake.kz сайты анықтағандай, Қазақстан мектептерінде мұндай талаптар жоқ.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін мұндай мәліметтер ұсынудың қажеті жоқ.
«Балалар бірінші сыныпқа 6 жастан бастап қабылданады. Баланы бірінші сыныпқа беру үшін ата-аналар
«Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе қағаз тасымалдағышта 1 сәуірден 1 тамызға дейін мынадай құжаттарды ұсынады:
– ата-аналардың мектепке қабылдау туралы өтініші;
– баланың туу туралы куәлігі;
– денсаулық жағдайы туралы анықтама, №063у нысан;
– баланың денсаулық паспорты 026 / у-3;
– баланың фотосуреті 3х4 см (2 дана)», – деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, желіде тараған видеода баланы мектепке қабылдау үшін қажетті құжаттар тізімі бар. Олардың арасында Міндетті әлеуметтік сақтандыру полисінің реквизиттері, ДЕСН (Дербес есепшоттың сақтандыру нөмірі) және өзге де деректер бар. Алайда, бұл құжаттар Қазақстандағы балаларда жоқ.
Демек, Telegram-чаттарда таратылған ақпараттың Қазақстанға қатысы жоқ.