Салық туралы заң жобасын мақұлдады
Салық туралы заң жобасын мақұлдады
345
оқылды
Мәжіліс Спикері «AMANAT» пар­тиясының төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірінші оқылымда Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Ол Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында және отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде айтылған жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Жалпы, заң жобасы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін бюджетке қосымша қаражат тартуға, капиталды шетелге шығару тәуекелін азайтуға, өндірісті дамытуға қаражатты қайта инвестициялауға, жаңа кен орындарын игеру үшін ынталандыру шараларын қолдануға, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Жалпы отырыста палата комитеттері біршама жаңа жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобалары бар. Сонымен қатар бірқатар ратификациялатан заң жобаларын да жұмысқа алды. Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.