Базардағы бағаның шарықтап өсуі қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ. Есесіне елде инфляция деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмейді. Бұл жайында «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов төрағалық еткен жиынның күн тәртібіне сай елдегі азық-түлік тауарларының тапшылығы мен бағасының өсуіне жол бермеу бойынша салалық министрліктер тарапынан қабылданған шаралардың аяқалысы талқыланды. Мәселен, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай республика бойынша жалпы көлемі 731,4 мың тонна болатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бар екенін мәлімдеді. – Тапшылықтың туындауын болдырмау және азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін осы жылдың 23 мамырынан бастап 6 ай мерзімге қант экспортына тыйым салынды. Сондай-ақ 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімге күнбағыс тұқымдары мен күнбағыс майын, осы жылдың 15 маусымына дейін 1 миллион тонна көлемінде бидай және 300 мың тонна көлемінде ұнды шетелге жіберуге шектеу енгізілді, – деді Жеңіс Өсербай. Ал Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. – Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, «айналым схемасы» арқылы сауда нысандарына төмен пайызбен несие береміз. «Айналым схемасы» шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беруге 81 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ әкімдіктер азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құрды, оларда азық-түлік қорлары сақталады. Қазір тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға 16,8 млрд теңге бөлінді, – деді ол. Министрлік күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бағаларға мониторинг жүргізеді. Қазір үй жанындағы дүкендерге тексеріс күшейтілген. Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауынан елдегі инфляцияның деңгейі өскен. Салалық министрлердің баяндамасын тыңдап болған соң кеңес төрағасы Аманжан Жамалов халық арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына назар аударды. Онда көпшілік азық-түлік бағасының бірнеше есе өскенін айтқан. – Халықтан сұрасаң, олар бағаның 2 есе өскенін айтады. Инфляция бойынша ресми статистикаға ешкім сенбейді. Өйткені Статистика департаменті тексеріс жүргізетін дүкендерді өздері таңдайды. Ал онда тексеріс кезінде басқа баға, тексерістен кейін басқа баға тұрады, – дейді Аманжан Жамалов. Бұдан бөлек, кеңес төрағасы бағаны ауыздықтау, инфляция деңгейін төмендету бағытында салалық министрлік атқарған жұмыстардың нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізді. – Сіздер «Айналым схемасы» туралы айтасыздар. Жобаны іске асыруға 81 миллиард теңге жұмсалды. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға 16,8 миллиард теңге қаражат кетті. Бірақ нәтиже жоқ. Баға өсіп жатыр. Осыншама қаржы жұмсап, бағаны ұстап тұра алмасаңыздар, осыншама ақшаны әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне тартқанымыз дұрыс шығар. Қаражатты сауда желілеріне оңды-солды таратқаннан гөрі осы тетіктен нәтиже болады, – деді кеңес төрағасы. Сондай-ақ ол әкімдік қызметкерлерінің үй жанындағы дүкендерге жүргізілген тексерістің ешқандай құқықтық негізі жоқ екенін атап өтіп, халық көп тұтынатын отандық тауарлардың өндірісіне басымдық беру керек екенін еске салды. Бұдан бөлек, инфляция деңгейін төмендету бойынша жүргізілген жұмыстың тиімсіздігі де сөз болды.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ