Ұялмайтын ұрылар
Ұялмайтын ұрылар
609
оқылды
Түннің бір уағында беттеріне масқара «маска» киіп алған екі ұры «осы пәтердің иесі бай болады, тыққан-пыққандары бізге сай болады, сосын аспанымызда жарқыраған ай болады!» деген оймен, есіктің кілттерін бірінен соң, бірін ауыстырып, ақырында ашып тынды. Екеуі «қорқыныш қыр астында қалсын!» деген оймен жүздетіп алған болатын, оның үстіне, бірінші рет ұрлыққа түсіп отыр. Пәтерде бай адам тұрмайтыны белгілі болды, әр жерге «Біздің үйде тас та жоқ!» деп ақ параққа жазып қойыпты. Залдағы «Сәлеметсіздер ме, құрметті ұрылар!»деген нақышты жазуды көрген ұрының бірі «Ассалау...» деп қалып, аузын алақанымен баса қойды. Келесі бөлмеден: «Кешіріңіз, біз кедейміз!» ‒деген плакаттағы жазуды оқыған ұрылар кемсеңдеп, жылай бастады. «Біз кедейлер елінде тұрамыз!». «Қашан көсегеміз көкпеңбек болады? «Қашан? Қашан?», «Оңбаған жемқорлар!»деген жазуларды көрген ұрының бірі қайтқысы келіп, есікке беттеп еді, екіншісі жеңінен тартып қалып: ‒ Бос кетеміз бе? Шәй ішіп кетейік те? ‒ деді. Содан олар газға шай қойып, тоңазытқышты ашып қалып еді, «Битімізді сығып, қанын жалап отырмыз...» деген жазуды оқып, шошып кетті де, жаба қойды. Тіміскілеп жүріп, вермишель. пісте май, пияз тауып алды. Ұялмайтын ұрылар вермишель қуырып, жартылай ішілген арақ та тауып алып, әндетіп отырғанда, үй иесі әйелімен келіп қалды. «Қонақтар келіпті ғой!»деп бәйек болды екеуі. Әйелі жұмыртқа қуырып тастады. Күйеуі ұятсыз ұрылармен бірге әндетуді бастады. «Сендер ұры емессіңдер! Нағыз ұрылар билікте отыр! ‒деді үй егесі де жүздетіп алып. Күйіктен ішті. Оған қарайтын ұрылар ма, арықтауы: ‒ Жоқ, біз де ұрымыз! Полициядан «крыша» таптық бүгін. Осы домға жұмсады, ‒деп қояды. ‒ Жұмыртқадан жеңдер, қап, үйде ет жоқ еді. Мүжілген сүйектер бар, былтырдан қалған, ‒деді келіншек шынымен қысылып. Сосын: ‒ Сіздер кім боласыздар? ‒деп сұрады. ‒ Практикант ұрымыз! ‒ Қап, ұят болды сіздерден! Үйде ақша да жоқ еді. Алтын бұйыммдар қайдан болсын? ‒деген келіншек қатты қысылды. Күйеуі ұрының арқасынан қағып: ‒ Нешауа, бір байығанда келерсіңдер! ‒деп еді, ұры көздерін жыпылықтатып ашып: ‒ Өй, сен кімсің? ‒ деп сұрады. ‒Тоқ... Тоқболмағанбет. ‒‒Төке, біз екеу болып отыр едік, сіздер қайдан келдіңіздер? ‒деп сұрады ұятсыз ұры. ‒ Ауылдан келдік. Осы үйдің егесімін. ‒ Ойбай, бағаналы бері пәтер иесімен әңгімелесіп отырдық па? ‒деген ұры орнынан ұшып тұрды. Екіншісі де аузына қуырылған жұмыртқадан сала беріп: ‒Бәсе, бағана көргенде жақтырмаған едім,‒деп есікке қарай ұшты. «Тоқтаңыздар, бата берейін?» ‒деген отағасының ұсқынсыз ұсынысына да қарамастан, далаға қарай қашты. Осындай да, ұятсыз ұрылар болады екен! Ұятсыз ұрылар демекші, Шымкент қаласында ұрылар ұрпағы жайылып барады. ‒ Біздің «Асар‒ 2» мөлтек ауданында ұятсыз ұрылар көп, ‒деді тұрғындардың бірі. ‒ Құтты болсын! ‒деп кекетті екіншісі. ‒ Тал түсте тонайды! ‒деді үшіншісі. ‒ Тоңазытқыштағы сорпамызды ішіп кетіпті! ‒деді төртіншісі түнеріп. ‒ Есік алдындағы қазанымызды көтеріп кетіпті! ‒ Ақшамызды алып кеткен! Бес мың теңге қалдырып кетсе болады ғой! Шынында, Шымкент қаласының «Асар‒2» мөлтек ауданы тұрғындарының көшеге шығып, наразылық танытуының да себебі бар. Ұрылар тыныштық бермейтін болды. Ал, оларды полицейлер құрықтауға құлықсыз дейді жиналған жұрт. Ұсталған ұрыларды полиция инспекторлары босатып жіберетін көрінеді. Шымкентте рамазан айында он сегіз үй тоналыпты! Ауызашар уақытын пайдаланған ұятсыз ұрылар талайларды тайғанақ жерге отырғызып кеткен. «Нұршуақ» мөлтек ауданының тұрғындары да ұрылардан безек қағады. Сонда дейміз-ау, учаскелік инспекторлар ай қарап, май жалап жүре бере ме екен? Айтпақшы, сіздің үйге ұрылар «қыдырып» келген жоқ па?

Мұхтар ШЕРІМ