Дуылдап қыши береді...
Дуылдап қыши береді...
589
оқылды
Сатира (Ара журналы)   Ол дәрігердің алдында тұр. Бір түрлі, ыңғайсызданып, қипақтады. Дегенмен, сөз бастады, дәрігер де тыңдаудан қашпады. – Қай жеріңіз ауырады? ‒ деп сұрады дәрігер. – Алақаным. – Қалай, сонда? – Қыши береді. – Қышығанда қалай? – Дуылдап, жүрегім кетеді суылдап. – Қасисыз ба? – Қасимын, қасысам, одан бетер қышиды. – Екі алақаныңыз да ма? – Ия. – Жұрттың бәрінікі кейде қышиды ғой. Менікі... – Немене, менікі? – Кезектесіп қышиды – Не істедіңіз? – Тұз да сеуіп көрдім. – Ия? – Мұз да басып көрдім. – Ия? – Түнде де, күндіз де қыши береді... Дәрігер оған бажырая қарады. Орнынан тұрып, алақанын ашып көрді. Көзілдірігін киіп, үңіліп көрді. «Мына кісі мазақтап тұр ма?» дегендей, түңіліп көрді. – Алақаныңыз айдала сияқты екен, ештеңе көріп тұрған жоқпын. Экзаме белгісі де көрінбейді. – Қыши береді. – Қан айналымыңыз нашар шығар? – Қыши береді. – Тексереміз. – Қыши береді. – Ой, қаныңызды. – Қыши береді... – Ой, ағай, тоқтаңызшы! «Қыши береді, қыши береді!» деп қоймадыңыз ғой, тегі, ‒деген дәрігер әйел орнына отырды. – Қыши береді... – Білдік қой, айта бермеңіз енді. – Қыши... – Алақан қышыса, ақша табасыз. – Ақша тапсам да, қыши береді. – Бір шелек суға салып қойыңыз қолыңызды. – Айранға да батырдым, дуылдап, қыши береді. – Сіздің атыңыз Қыши, фәмілеңіз Береді емес пе? Тоты құс сияқты қоймай кеттіңіз. – Солидор да жақтым. – Болмайды! – Помидор да жақтым. – Көргенім жоқ, ондайды! – Пара алғым келе береді, келе береді. – Аа, бастық екенсіз ғой? Сіздің алақаныңызға параның вирусы жұққан! Сотталсаңыз, құлан ‒таза жазылып кетесіз. Сотталып көріңіз! ‒деген дәрігер басын көтеріп қарап еді, «Жаңа Қазақстанның» парақоры зытып қалыпты! Осындайлармен қалай болашаққа беттейміз? Сіздің алақаныңыз қышымай ма? Алақаны қыши береді демекші, Шымкент полиция майоры Қайрат Әлімханов өз қызметкерлерінен жалпы қамқорлығы, жымиысы, ерекше мейірімі үшін 2021 жылдың мамырынан 2022 жылдың сәуіріне дейін, ай сайын пара алып отырған. Сөйтіп, 178 мыңды қалтасына басып, бәріне ерекше мейіріммен қарап, көзін қысқан, қышыған алақанын қаси берген, қаси берген... Ол ол ма, заңда көзделген демалыс күндерін бергені үшін де, қол астындағылардан екі мың теңгеден жинатқан. Арқасынан қақса, алты мың, желкелерін сипаса, жеті мың теңге алатын шығар, мына түрімен. Бірақ, ол қолға түсті, алақаны қышығаны сап тиылды! Тағы сұрайын, алақаныңыз қыши ма?

Мұхтар ШЕРІМ