Жоғалып кетіппін ғой...
Жоғалып кетіппін ғой...
286
оқылды
Бір күні жоғалып кеттім. Іздемеген жерім жоқ! Жоқпын! Айдың күні аманында, шаңқай түсте жоғалып кеткен деген жаман екен. Әйелімнен сұрадым: ‒ Мені көрген жоқсың ба? ‒ Көрген жоқпын. ‒ Қайда жүр екенмін, а? ‒ Білмедім, түсте үйден шығып кетіп едің. ‒ Полицияға хабар берсеңші? ‒ Жұмыс іздеп кеткен, келетін шығар? ‒ Үстіне не киіп кетіп еді? ‒ Жыртық шұлық. ‒ Сосын? ‒Жыртық шұлық... ‒ Немене, мәйкідей далиған шұлықты үстіне киіп алады деп пе едің? ‒ деп жыным келді. ‒ Есіме түспей жатыр-ей, аа, жыртық қоңыр көйлек, бір жеңі жоқ, жыртық көстюм, арқа тұсы жоқ... ‒ Немене пәле, бәрі жыртық, жыртық! ‒ Кедейшіліктің шегіне жеттік қой. ‒ Сонымен, күйеуің мені көрмедің ғой? ‒ Сол кеткеннен қайтып көрмедім. ‒ Кеттім, мен онда! ‒ Қайда? ‒ Өзімді іздеймін! ‒ деп көшеге шықтым. Әр жерге басымды сұқтым. Зым-зия. Бұзақылар өлтіріп кетпесе жарар еді! Көшеде көршімді көрдім. ‒ Ассалаумағалейкум, мені көрмедің бе? ‒ деп сұрадым. Ол әуелі қатып қалды. Сосын жымиып: ‒ Көрдім, анауу көшеде қазір ғана машина мыжып кетті. Жатқан жері асфалть болсын! ‒ деп бетін сипағаны. Зәрем қалмады. Мен өліп қалғанмын ба, не? Бір тойып ет жемей, бір қуанып, киім кимей, көлік сатып алмай, қызықтарға бармай, ресейлік журналист Тигран Кеосаян дей ме, соның халқыма тиіскен саяси сандырағына жауап бермей, өліп кеткенмін бе, масқарааа! Дереу жүгіріп, келесі көшеге шықтым. Машина қаққан мені мәйітханаға алып кетіпті. Қалалық мәйітханаға келдім. Жаман адамдар мен жақсы адамдардың біразы қатар жатыр екен. Өзімді көріп, шошып кеттім. ‒ Жағдайың қалай? ‒ деп жыламсырай сұрадым. ‒ Шүкір, өліп қалдым. ‒ Машина жүргізушісі келді ме? ‒ Қайдағы? Рульде мас отырған ауыл әкімі екен, қашып кетті. ‒ Оңбаған десе! ‒ Қайта жақсы болды, аш қалмаймын, әділетсіз қоғамды көрмеймін, тиімсіз салықтарды төлемеймін, бұрынғы мәдениет министрі сияқты істі, ой, күдікті болмаймын. Музейдегі алтын адамды халықаралық көрмеге апару үшін бөлінген қыруар қаржы жоқ болып кеткен дейді ме? Қысқасы, рахат, проблема жоқ! ‒ Құтты болсын! Жатқан жерің жайлы, жегенің майлы, топырағың торқа, ішкенің тауық сорпа болсын! ‒деп бетімді сипадым. Жоғалып кеттім демекші, қамауда жатқан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің немере інісі Нұрлан Мәсімов те жоғалып кетіпті! Өзін іздеп жүр дейді. Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы аса ірі көлемде пара алыпты! Сосын, жоғалып кеткен ғой! Ауызбастырыққа алған 148 миллион теңгесі де өзімен бірге жоғалып кеткен! Айналайын, адамдар, айдың күні аманында жоғала көрмеңдерші!

Мұхтар ШЕРІМ