Ту жерде емес, көкте тұруы тиіс
Ту жерде емес, көкте тұруы тиіс
671
оқылды
4 маусым – Рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Жуырда Шымкент қаласындағы Қажымұхан стадионында «Ақсу» – «Ордабасы» футбол ойыны кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты құлап кеткен бірнеше тонна болатын шатыр астынан Туды алып шыққан жігіттер туралы бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жойқын жел тұрып, шатыр құлап, айнала астан-кестені шы­ғып жатқанда Тудың қастерлі екенін ұғынып, қыстырылып қал­ған жерінен көкке желбірете алып шыққан жігіттердің әрекетіне көп­шілік қол соғып, риза болыс­ты. Бұл әрекет талай жастың бо­йына отансүйгіштік рух сыйла­ғаны анық. Бейнежазбада көрсетілгендей, Туды құлаған шатырдың астынан 3-4 жігіт тартып алып шыққан. Оның бірі – Шымкент қаласын­дағы №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, аза­маттық қорғау кіші сержанты Нұр­кен Әбдікәрімұлы екен. 24 жастағы сержант шатыр астында жатқан көк Тудың көзге бірден түскенін, мемлекетіміздің симво­лы Тудың жерде жатпауы керек екенін айтады. «21 маусым күні стадионға Ордабасы ойынын көру үшін билет алып кірдік. Басталмас бұрын себелеп жаңбыр жауып тоқтады. Ойын басталған соң 20 минуттан кейін бірден жел тұрып, стадион ғимаратының бір жағы­нан шатыр жерге ұшып түсті. Сол маңдағы полицейлер, қатысу­шы­лар мен жанкүйерлер барлығы шатыр құлаған жерге жүгіріп бар­ды. Шатыр астында адам қалды ма деген оймен барлығымыз да кө­мекке бардық. Бір топ жігіт ша­тырды шетінен көтеріп көріп жатты. Шеттегісін тағы бір кө­тер­генде ас­тын­да Ту жатқанын көр­дік. Көп­шілігі «Туды алың­дар» деп ай­қайлап жатты. Біраз жігіт кіріп тартып, жылжытып көрді, бол­мады. Соңынан мен де кірдім. Қа­­сымда тағы 2 жігіт болды. Жыл­жытып, тартып алып шық­тық», – дейді Нұркен Намаз. «Жалпы, Ту деген жерде жатпауы тиіс, өзім кішігірім Ту болса да, тіпті Тудың суреті бар зат болса да жер­ден жо­ғары көтеріп қоя­мын», – дейді ол. Өрт сөндіру қызметінде 18 жастан бастап жұмыс істейтін Нұркен талай оқиғаның басынан өткенін айтады. Өз өмірін қауіпке төндіретін көк түтінге оранған жалынның астына кіріп, талай дүниені де қорғап қалыпты. Өрт сөндіру кезінде үстіне бір нәрсе құлап кетуі не болмаса құлаған ны­санның астында қалуы да мүм­кін жағдайлар болған. «Туды алып шығу бар болғаны 30 секундтың ішінде жүзеге асты. Ойымызға еш­нәрсе келген жоқ, тек еліміздің ұлттық символы көк Тудың ая­қ­асты болып қалмауын ой­ла­дық. Мен өз-өзімді жоғалтпай, жылдам әрекет етуге машық­танғанмын. Алғашқы жұмысқа кірген кездері қорқыныш, үрей сезімі болатын. Қазір бойымыз үйреніп кетті, санамызда тек қана құтқару деген ой болады», – дейді Нұркен. Ал шатыр астында қалған Туымызды ерлікпен қорықпай алып шығып қастерлеген тағы бір жанның бірі – Шымкент қала­сындағы №127 мектептің «Ал­ғашқы әскери және технология­лық дайындық» пәнінің оқыту­шы-ұйымдастырушысы Әбіл­хайыр Дәулетов. Тәуелсіздіктің құрдасы Әбілхайырдың оқиға орнына қарай жүгіріп барғандағы бірінші мақсаты – құлаған шатыр астында біреу қалып қоймады ма деген уайым болыпты. «Бірнеше азамат болып көтерген ауыр сал­мақты шатыр астында Ту жатты. Алдында бір жігіт барып қозғал­тып көрді, ала алмады. Ол тез шығып кетті, себебі шатырдың салмағы өте ауыр болатын, үстіне түсіп кету қаупі бар. Бойыма қан­дай күш жиналғанын білмедім, еліміздің Туы жерге тапталмасын, көкте желбіресін, деген оймен дереу астына кірдім. 2-3 жігіт бо­лып алып шықтық. Ту жерде емес, көкте тұруы керек»,– деді ол. Көк Туымызды осылайша көк­ке желбіретіп шыққан жігіт­тердің әрекеті бүгінде көпшілікке үлгі болып отыр. Сын сәтте ерлік­ке пара-пар іске барған жігіттердің әрекетіне ел дән риза.

 Шымкент қаласы