4 маусым – Рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Жуырда Шымкент қаласындағы Қажымұхан стадионында «Ақсу» – «Ордабасы» футбол ойыны кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты құлап кеткен бірнеше тонна болатын шатыр астынан Туды алып шыққан жігіттер туралы бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жойқын жел тұрып, шатыр құлап, айнала астан-кестені шығып жатқанда Тудың қастерлі екенін ұғынып, қыстырылып қалған жерінен көкке желбірете алып шыққан жігіттердің әрекетіне көпшілік қол соғып, риза болысты. Бұл әрекет талай жастың бойына отансүйгіштік рух сыйлағаны анық. Бейнежазбада көрсетілгендей, Туды құлаған шатырдың астынан 3-4 жігіт тартып алып шыққан. Оның бірі – Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Нұркен Әбдікәрімұлы екен. 24 жастағы сержант шатыр астында жатқан көк Тудың көзге бірден түскенін, мемлекетіміздің символы Тудың жерде жатпауы керек екенін айтады. «21 маусым күні стадионға Ордабасы ойынын көру үшін билет алып кірдік. Басталмас бұрын себелеп жаңбыр жауып тоқтады. Ойын басталған соң 20 минуттан кейін бірден жел тұрып, стадион ғимаратының бір жағынан шатыр жерге ұшып түсті. Сол маңдағы полицейлер, қатысушылар мен жанкүйерлер барлығы шатыр құлаған жерге жүгіріп барды. Шатыр астында адам қалды ма деген оймен барлығымыз да көмекке бардық. Бір топ жігіт шатырды шетінен көтеріп көріп жатты. Шеттегісін тағы бір көтергенде астында Ту жатқанын көрдік. Көпшілігі «Туды алыңдар» деп айқайлап жатты. Біраз жігіт кіріп тартып, жылжытып көрді, болмады. Соңынан мен де кірдім. Қасымда тағы 2 жігіт болды. Жылжытып, тартып алып шықтық», – дейді Нұркен Намаз. «Жалпы, Ту деген жерде жатпауы тиіс, өзім кішігірім Ту болса да, тіпті Тудың суреті бар зат болса да жерден жоғары көтеріп қоямын», – дейді ол. Өрт сөндіру қызметінде 18 жастан бастап жұмыс істейтін Нұркен талай оқиғаның басынан өткенін айтады. Өз өмірін қауіпке төндіретін көк түтінге оранған жалынның астына кіріп, талай дүниені де қорғап қалыпты. Өрт сөндіру кезінде үстіне бір нәрсе құлап кетуі не болмаса құлаған нысанның астында қалуы да мүмкін жағдайлар болған. «Туды алып шығу бар болғаны 30 секундтың ішінде жүзеге асты. Ойымызға ешнәрсе келген жоқ, тек еліміздің ұлттық символы көк Тудың аяқасты болып қалмауын ойладық. Мен өз-өзімді жоғалтпай, жылдам әрекет етуге машықтанғанмын. Алғашқы жұмысқа кірген кездері қорқыныш, үрей сезімі болатын. Қазір бойымыз үйреніп кетті, санамызда тек қана құтқару деген ой болады», – дейді Нұркен. Ал шатыр астында қалған Туымызды ерлікпен қорықпай алып шығып қастерлеген тағы бір жанның бірі – Шымкент қаласындағы №127 мектептің «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Әбілхайыр Дәулетов. Тәуелсіздіктің құрдасы Әбілхайырдың оқиға орнына қарай жүгіріп барғандағы бірінші мақсаты – құлаған шатыр астында біреу қалып қоймады ма деген уайым болыпты. «Бірнеше азамат болып көтерген ауыр салмақты шатыр астында Ту жатты. Алдында бір жігіт барып қозғалтып көрді, ала алмады. Ол тез шығып кетті, себебі шатырдың салмағы өте ауыр болатын, үстіне түсіп кету қаупі бар. Бойыма қандай күш жиналғанын білмедім, еліміздің Туы жерге тапталмасын, көкте желбіресін, деген оймен дереу астына кірдім. 2-3 жігіт болып алып шықтық. Ту жерде емес, көкте тұруы керек»,– деді ол. Көк Туымызды осылайша көкке желбіретіп шыққан жігіттердің әрекеті бүгінде көпшілікке үлгі болып отыр. Сын сәтте ерлікке пара-пар іске барған жігіттердің әрекетіне ел дән риза.
Шымкент қаласы