Оралда гараж өртенді. Гаражда тұрған үш көлік те түгелдей өртеніп кетті. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Апат кеше сағат 20:20-да Молдавская көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласында болды.
Гараж бен онда тұрған үш автокөлік отқа оранды. Өрт аумағы – 180 шаршы метр. Оқиға орнынан 50 литрлік үш оттегі баллоны шығарылды. Өрт 21:19-да оқшауланып, 21:59-да ауыздықталды. Өртті 20 адам 6 техниканың көмегімен сөндірді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір адамның қолы күйген. Ол ауруханаға барудан бас тартты.
Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр.