«АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінің ашылғанына 15 жыл

АЛЖИР

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Биыл «АЛЖИР» лагері мемориалды кешенінің ашылғанына 15 жыл толды.

2007 жылдың 31 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласынан 30 шақырым жерде саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені салынған.

АЛЖИР

Музейге жыл сайын құрбандардың жақындарынан бөлек белгілі тұлғалар да, қарапайым халық та гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырды.

АЛЖИР

1937 жылы тамыз айында Ақмола облысында лагерь құру туралы қаулы шықты. Жарты жылдан соң 1938 жылдың қысында КСРО-ның көптеген қалаларынан сол кездегі халық жауы деп танылған тұлғалардың әйелдері, отбасы мүшелері әкелінді. Тұтқындар адам төзгісіз жағдайда жүк вагондарымен тасымалданды. Жолда азық-түлік шектеулі болды, олар тұздалған майшабақ пен қайнаған суды қорек етуге мәжбүр болды. Жолда сырқаттанып қалса, оларды ешкім емдеген жоқ. Азапқа шыдамай көз жұмғандарды көрінген бейіттерге жерлеп, қалдырып кете берген. Қасірет көрген әйелдердің ату жазасынан аман қалған күйеулері басқа лагерлерге, итжеккенге айдалған. Үш жасқа дейінгі балалар аналарының жанында қалса, ересектері балалар үйіне жіберілген.

АЛЖИР

АЛЖИР

Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргін кезінде «халық жауы», «сатқын» атанған Алаш зиялыларының әйелдері де, қарындастары да, тіпті енелері де олар үшін жазаларын өтеген. Ауа-райының қолайсыздығына, азық-түліктің жоқтығына қарамастан қара жұмысқа аяусыз жегілді.

АЛЖИР

«АЛЖИР» адамдардың жазасын өтеу орны ғана емес, сонымен бірге үлкен өндіріс орталығы болды. 30 гектар аумақты алып жатқан лагердің екі бағыты болды – ауыл шаруашылығы және тігіншілік. Әйелдер тәулігіне 12-14 сағат жұмыс істеді, олардың мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімдерін – көкөніс, жеміс-жидек, сүт, ет, сондай-ақ ерлер мен әйелдер киімдерін тапсыру бойынша міндетті жоспарлары болды. Музейдегі нұсқаушының айтуынша, әйелдер мерзімін өтеп шыққан соң, кейде өздерінің қолынан шыққан өнімдерді дүкен сөрелерінен кездестірген екен.

АЛЖИР

«АЛЖИР» тұтқындарының қатарында әнші Лидия Русланова, Тұрар Рысқұловтың жұбайы – Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Арифа Есенгулова, жазушы Бейімбет Майлиннің жары – Гүлжамал Майлина да болды. Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова сынды тұлғалар да осында тұтқында болған.

АЛЖИР

Мұражайда танымдық дүниелерден бөлек тұтқында болғандардың жеке заттарын да кездестіруге болады. Мемориалды-музей ашылғалы биыл 15 жыл. Көзі тірі тұтқында болғандар мен олардың ұрпақтары жыл сайын еске алып, келіп тұрады.

P.S.:

Елордадан Қорғалжын бағытындағы тас жол арқылы жеңіл көлікпен немесе №305, №312 автобустармен жетесіз. Қоғамдық көлікпен бір бағытқа жету құны – 200 теңге.

Музейге кіру бағасы – 300 теңге. Зейнеткерлер, оқушылар мен студенттерге жеңілдік қарастырылған. Аудиогид қызметін 500 теңге төлеп пайдалануға болады.

Зарина Рахметова

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.