5 өңірде ескерту жарияланды
5 өңірде ескерту жарияланды
© SN.kz
124
оқылды
Алматы мен Қазақстанның төрт облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап. 31 мамыр-2 маусым аралығында Алматы облысының тау және тау етегіндегі аудандары мен Алматы қаласы маңындағы таулы аудандарында жауын-шашынға байланысты өзендерде су деңгейінің көтерілуі ықтимал. 31 мамырда Алматы облысының таулы, тау бөктеріндегі аудандарында нөсер жауын жауып, найзағай ойнайды, дауыл соғады. Күндіз кей жерлерде бұршақ, дауыл болады. Солтүстік-батыстан жел соғады, облыстың оңтүстігінде және таулы аудандарында 17-22 м/с, облыстың шығысында екпіні 24-29 м/с. Талдықорған қаласында 31 мамырда найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан жел соғады, найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с жетеді. 31 мамырда Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында екпіні 15-20 м/с, күндіз облыстың басым бөлігінде күші 15-20 м/с, екпіні 25 м/с жетеді. Қарағанды қаласында күндіз найзағай ойнайды. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін. Жезқазған қаласында 31 мамырда батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с болады. 31 мамырда күндіз Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл болады. Жел солтүстіктен соғады, күндіз облыстың орталығында күші 15-20 м/с жетеді. Облыс орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. 31 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қатты жаңбыр жауады. Облыстың солтүстігінде, шығысында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде облыстың солтүстігінде, батысында екпіні 15-20 м/с, күндіз басым бөлігінде күші 15-20 м/с, екпіні 25 м/с болады. Петропавл қаласында 31 мамырда найзағай, бұршақ, дауыл болады. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с, күндіз екпіні 23 м/с-ке жетуі мүмкін.