Мәжіліс депутаттарының референдумды насихаттау мақсатында аймақтарға іс-сапары жалғасуда. Мәжіліс депутаттары Ғани Ташқараев пен Берік Бекжанов Еңбекші ауданына қарасты «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent qagazy» мекемесі қызметкерлерімен кездесті.
Халық қалаулылары жиналғандар алдында референдумның мән-маңызын түсіндірді.
- «Референдум әр қазақстандыққа жеке таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Оның негізгі мәні - мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайтындығында. Дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешеді» - деді Ғани Ташқараев.
Берік Бекжановтың пікірінше, әділетті Қазақстанға қадам бүгіннен басталуы керек. Әр дауыстың маңызы зор. Сондықтан, еліміздің барлық тұрғыны саяси науқанға белсене қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге тиіс.
Депутаттар ат басын бұрған бұл мекеме түрлі маркалы картон қағаздар шығарумен айналысады. Жобаға 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 50 жаңа жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорын өз қызметінде табиғи ресурстарды тиімді қолдануды, қайталама шикізатты өңдеу арқылы өнім өндіруде зиянсыз химиялық компоненттерді пайдалануды басшылыққа алады. Жақын арада компания өз өнімдерін ТМД, Қытай және Шығыс Еуропа елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.