Бұл қылкөпірден де қазақ қоғамы аман өтті - Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова
Бұл қылкөпірден де қазақ қоғамы аман өтті - Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза  Мұқанова
223
оқылды
–«Қаңтар оқиғасы» ең әуелі елімізде бет алған екпінді реформаға деген «кейбіреулердің» қарсылығы еді. Ол қарсылық әр-әр жерден қоғамда іріткі салып, талай дүмпулерді қолдан жасап бақты. Олар тіпті мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды. Бұның дәлелі сол бір күндердегі ұрлық-қарлық, тонау, елде хаос тудыруға тырысқан «әлдебір» топтардың іс-әрекетінен көрініс тапты. Ел ішін үрей кезе бастады, халықтың құты қашып, сеніміне секем ұялады. Халық сенімін арқа тұтқан Президент ғана ағысқа қарсы жүзді. От шашып ойнағандар бет қаратпады. От ақымақтың қолында болса – ӨРТ, ақылдының қолына түссе – тар қапаста жол көрсетер Жарық сәуле. Ақылсыз бала отпен ойнаса, ақыры өз үйін өзі өртеп тынады. Қаңтардың өрті мемлекет тәуелсіздігінің күлін көкке ұшырмаққа бет алды. Қатердің ең қауіптісі – қаңтардағы қаралы ылаң. Алдында не боларын көрмейтін, артында не боларын білмейтін қарапайым халық қаңтардың қара дауылына кез болды. Оққа оранып, ықты іздеген қойдай есінен танып, абдырап қалды. Қала өртке оранды, дәрігерлер тұтқында қалды, бүкіл тіршілік, қозғалыс атаулы қараң қалды. Отан қорғайтын әскерге де, тыныштық күзететін полицейге де төтеден келіп оқ жауды. Айдың-күннің аманында аспан айналып жерге түскендей болды. Қауіпті жағдайда Халқы мен Президент ғана қалды. Әншейіндегі көп шуылдақтың бірі де жоқ. От ауыздың да, аузымен орақ орып отыратының да жоқ, жым жылас... Ал төңкеріс жасауға ұмтылып, ойран қылған топтың әрекетінен жазықсыз адамдар жапа шекті, бейбіт шеруге ұмтылғандар көз жұмды. Ел тағдыры қыл үстінде тұрды. Бәріміз бүк түсіп, «енді не болады?» десіп, үйден шықпай қалдық. Осы сәтте еңсемізді тіктеген Президенттің бірауыз сөзі ел –жұртқа қуат берді. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің ешқайда бас сауғаламайтынын, халықпен бірге болатынын ашық мәлімдеуі қобалжыған жанымызға байыз таптырды. Толқып тұрған халық Қасым-Жомарт Кемелұлының соңынан ерді. Бұған дейінгі ТМД елдерінің басынан өтіп келген бас сауғалап қаша жөнелетін саяси ойындар жалғасын таппай тұншығып қалды. Қ.К. Тоқаев саяси сауаттылық пен дипломатиялық шеберлікпен өзгелердің ойынынан, мысық тілеуінен басым түсті. Ол осылайша Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне төнген қауіпке қатаң тойтарыс берді. Қаңтар оқиғасы қазақ қоғамының әлсіздігін, саси элитаның да, зиялы қауымның да тұрақсыздығын аңғартты. Ел басына күн туса тым-тырақай болатын мүшкіл халде екенбіз. Жасыратыны жоқ, Қазақстанға бет алған содырлардың сойқан салып ойрандағысы келгені ақиқат. Мемлекет басшысының қайраткерлігі қатерлі сында жауапкершілікті өз мойнына алып, батыл қадам жасады. Бір Алланың пәрменімен бұл қылкөпірден де қазақ қоғамы аман өтті.