Алаш мұрасы жаңғырды
Алаш мұрасы жаңғырды
657
оқылды
Елордада Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбектері және Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» шығармалар жинағы қайта басылып шықты. Аталған кітаптарды «Сені­мен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігі жанындағы «Асыл мұра» тағылымдық кітап­тар сериясын шығару бөлімі Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алу күні қарсаңында жариялап отыр. – Бұл кітаптар бұрын да басылған. Бірақ біразы ескірген, кітапханалардан таппай­мыз. Кей материалдарды үзік-үзік интернет­тен табуға болады. Біз соның бәрін біріктіріп, кітап қылып шығардық. Соның ішінде «Педагогика» алғаш рет 1922 жылы жарық көрген. Содан бері араға 100 жыл салып, қайта жаңартып басып шығарып отырмыз, –дейді республикалық бірлестік төрағасы Рақымбек Жолаев. Белгілі әдебиеттанушы, «Асыл мұра» тағылымдық кітап­тар сериясы ақылдастар алқасы­ның мүшесі Серік Негимовтың сөзінше, қазіргі қазақтың ғы­лы­ми тілінде түсі­нік­сіз термин көп. Жаңа ғылы­ми еңбектерді оқып түсіну қиын. Халықаралық термин жиі қолданылады. – «Әдебиет танытқыш», 1926 жылы шықты. Онда бірде-бір бөтен сөз жоқ. Болмаса, Халел Досмұхамедұлының «Ги­гиена», «Медицина», «Физио­логиясы». Үшеуі – үш том кітап, бір бөтен сөз жоқ. Енді Әлімхан Ермековтің «Ұлы математика курсы» я болмаса, Қаныш Сәт­баевтың 1926 жылы жазылған «Алгебрасы». Ж. Айма­уытов­тың «Психологиясы» мен 1980 жылы Ағжан Машанидің жер туралы кітабы шықты. Қаныш Сәтбаев алғысөз жазған. Геология, генедезия, тағы басқаларын жақсы түсіндіреді, –дейді Серік Негимов. Оның айтуынша, қазіргі ғылыми диссертациялардың көбі плагиат. Өйткені еңбектің 60%-ы бұрынғы еңбектерді цитата қылады. Сондықтан оқылмайды. Ал Байтұрсыновтар оқылады. Себебі ұлттың тілінде жазылған. Ақылдастар алқасының тағы бір мүшесі Ақжігіт Әлібекұлы­ның айтуынша, бұл кітаптарды көптеп шығарудың өзіндік мәні бар. – Кейде мұндай кітаптар бұрыннан бар ғой, несіне қайта-қайта тұсауын кесе бересіздер деген сұрақ туындауы мүмкін. Осы айдың басында қалада кітап көрмесі өтті. Сонда қазақша тәлім-тәрбие беретін кітаптар санаулы ғана. Шыққан кітаптар бар, бірақ қызылды-жасылды, қалың мұқабамен, оқырманға қолжетімді емес. Ал енді сол кітаптардың жағдайы қалай екен деп қасындағы «Меломанға» кірсек, ол кітаптар мүлде жоқ. 19-20 ғасырдың басында өмір сүрген орыстың классиктері тұр, –дейді Ақжігіт Әлібекұлы. Ал филология ғылымдары­ның докторы, академик Дихан Қамзабекұлының пікірін­ше, Алаш халықты жұмылдырады, жаңа деңгейге көтереді деген сенім мол. Жаңа Қазақстан құру үшін маңызды екі дүние бар. Бірінші, елдің қауіпсіздігі. Ата-ана­лардың басын қосқан «Се­ні­мен Болашақ» РҚБ-нің бағдары мен бағыты да осы. Себебі мемле­кеттің қауіп­сіздігінің бастауы – қоғамда саналы ата-аналардың болуы. Екінші, әлеу­меттік жобаларды қолдау. Бұл – мемлекеттің ең басты міндеті. Бізде бастама өте көп. – Осында отырған бар­шамыз­дың еңбе­гіміз, ол – мемелекет қауіпсіздігі. Сіздер білім беруден, біздер ғылыммен елдің қауіпсіздігінің кірпішін қалап жатырмыз. Соның ішінде «Сенімен Болашақ» сынды елге пайдалы бастамаларды қолдау маңыз­ды. Жаңа Қазақстанның болашағы баянды болатыны осыған байланысты, – деді Дихан Қамзабекұлы. «Жерге ие болу үшін мем­лекеттік тіл біреу болуы керек. Ұрпақ ана тілінде бастауыш мектептен бастап білім алуы қажет. Ана тілін біліп, анасының сүтімен өскен бала Отан дейді. Осы құндылықты қадірлеген адам бүкіл адамзатқа қызмет ететін азамат болады. Адамдық диханшысы болады» деген Ахмет Байтұрсынұлы. Фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақованың айтуынша, Алаш қай­рат­керлері Отанға адал қызмет ету үлгісін өлгенше көрсетіп кетті. – Қазір де адамдар тез пайда тапқысы, жақсы лауазымға отырғысы келеді. Ал Әлихан, Міржақыптар Отанға ақы­сыз, адал қызмет етті. Олар­дың ұлағатты сөз­дерін шетелдік ғалымдарға айтсаң таңғалады. «Қандай көреген халықсыздар» дейді. Ал бүгінгі мен білім беретін студенттер осы құнды дүниелер неге мектепте оқытыл­маған дейді. Сондықтан Алаш зиялы­ларының ұстанымы білім беру деңгейіне жетуі қажет, – дейді Айгүл Ісмақова. Айта кету керек, үш кітаптың әрқайсысы мың данамен шық­қан. Жалпы, Қазақстанда 8 мыңдай мектеп бар десек, ата-аналар бірлестігі алдағы уақытта бұл еңбектерді соның бәріне тарату үшін тағы да шығары­латынын айтты.