Солтүстікқазақстандық тасымалдаушылардың басына қиын күн туып тұр. Қалалық әкімдіктің олардың шығындарын субсидиялау бойынша қарызы қордаланып қалды. Оны төлеуге ешкім асығар емес. Мәселеден шенеуніктер хабардар. Бірақ бұл қиындық әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Петропавл қаласындағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттары мен жолаушылардың кейбір санаттарына кететін шығындарды субсидиялау шартына сәйкес демеуқаржы төлеу мәселесі бұған дейін де талай рет көтерілгенімен, әлі күнге түпкілікті шешімін таппай келеді. Бұған дейін олардың өтініші Солтүстік Қазақстан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында қаралып, шешімі табылды деп жарияланған болатын. Шын мәнінде сөз жүзінде ғана шешіліпті.
«Барлық тасымалдаушы субсидия жөнінен қиындыққа тап болды. Бізге әлі өткен жылдың 450 миллион теңге қарызы төленген жоқ. Сондай-ақ жеңілдікпен жүретін жолаушылардың жолақысы бойынша да былтырдың және биылғы бес айдың берешектері бар. Биыл қалалық әкімдік наурыз және сәуір айларына қарыз. Кешеден бастап есепшоттарға қаржы түсе бастады. Бірақ қаржы жетіспеушілігіне байланысты сұралған соманың тек 49 пайызы ғана төленіп жатыр. Ал атқарылған жұмыс туралы актілерімізді әкімдік қабылдап алды. Бұған дейін кәсіпкерлер палатасына жүгінгенімізде мәселе сөз жүзінде шешімін тапты. Яғни, барлық тарап қол қойған Жол картасы жасалып, қарызды қайтару үшін қаржы іздестіріледі деген еді. Бірақ бәрі әңгіме күйінде қалды», – дейді «Солтүстік Қазақстан облысының автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова.
Былтыр автобус паркін жаңартқан тасымалдаушылардың «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы алдында қарызы бар. Сондықтан келісімшарттары бойынша ай сайын несиені уақытылы төлемегендері үшін оларға өсімпұл есептеледі. Олар көлік құнының 18,8 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеп, 7 жылға 7 пайыздық несие рәсімдеген-тін. Алайда ол кезде олар субсидия төлеуде іркіліс болуы мүмкін екенін ескермеген еді. Енді несиелерін уақтылы төлей алмай қиналып қалды.
«Бұл жағдайда біз кепілге қойылған адам сияқтымыз. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізге ақша төлемегендіктен, біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына лизингтік төлемдерімізді кешіктіреміз. Осындай тұйық шеңбердің ішінде жүрміз. Бір-біріне сілтейді», – деді Галина Петровна.
775 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ?
Мәселен, KYZYLZHAR BUSES ЖШС-ның корпорация алдындағы берешегі – 1 миллиард теңге көлемінде. Ал қалалық әкімдік кәсіпорынға бес бағыт бойынша 211 миллион теңге қарыз. Лизинг бойынша қарызын уақытылы төлемегендіктен, кәсіпорынға ай сайын 190 мың теңге көлемінде өсімпұл есептеліп жатыр. Кәсіпорынның өкілі Наурызжан Исмаиловтың айтуынша, осылайша 7 миллион теңгедей қарыз қордаланып қалған. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация әзірге оны өндіріп алып жатқан жоқ, бірақ ай сайын шағым жолдайтын көрінеді.
«Былтыр Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісімшарт жасастық. Кәсіпорын қыркүйек айынан бері жұмыстарды тиісінше атқарып жатыр, бірақ әкімдік демеуқаржыны беруге асығар емес. Қарыз көлемі ұлғаюда. Өтінішімізге ТКШ бөлімі тіпті жауап бергісі келмейді, қаржы жоқ дейді. Меніңше, бұл мәселе алдын ала пысықтамаған, Қаржы басқармасы да дұрыс жұмыс істемеген», – дейді Наурызжан Исмаилов.
Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов барлық келісімшарт пен есептерді сұратқандарын, бұл кәсіпорынның бағыттары шынымен де субсиялануы керек екенін айтты. «20 автобус бағытына берілетін субсидия көлемі 3 миллиард теңгеге жуық. Осы жылдың басында тасымалдаушыларға 775 миллион теңге бөлінді. Ал бұл қаржы қайда, қалай жұмсалғанын біз білмейміз. Тасымалдаушы компаниялардың қайсына қанша бөлінгенін қалалық әкімдік қана біледі. Біздің қала бюджеті туралы ақпарат алуға құқығымыз жоқ», – деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысына кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов келген кезде, тасымалдаушылар өз проблемасымен оған да жүгінген болатын. Бизнес-омбудсмен бұл жағдай Semey Bus автопаркінің мәселесіне өте ұқсас екенін айтты. Субсидияға сенген Semey Bus 140 автобусты лизингке алып, кейін уәде етілген демеуқаржыны ала алмағандықтан, банкротқа ұшыраған болатын. 240 адам жұмыссыз қалған. Петропавлдық тасымалдаушылар да Semey Bus-тің кебін кимесі үшін бұл мәселені шұғыл шешуі керек. Біздің мақсатымыз – сот шешімін алып шығу емес, мәселені шешу. Бизнестің мемлекетпен соттасқаны – аса дұрыс емес, кәсіпкер үшін күйзеліс. Бұл мәселені біз бақылауға алып, Мемлекет басшысына жеткіземіз», – деді Рустам Жүрсінов.
Петропавлда да барлық тасымалдаушы былтыр субсидияға сеніп, лизингке 100 жаңа автобус сатып алған болатын. Енді демеуқаржыға қол жеткізе алмаса, банкротқа ұшырауы мүмкін.
«АРАНДАРЫН АША БЕРМЕСІН»
Бірақ Петропавлда әлі де барлық көлік жаңартылып болған жоқ. Қызмет көрсету сапасына қатысты да сын жетерлік. Сондықтан қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев тасымалдаушылар арандарын аша бермей, тәбеттерін төмендеткені жөн деген пікірде.
«Тасымалдаушылар сұрап отырған сома өте көп. Біз жекеменшік компаниялардың қиындықтарын шешуге міндетті емеспіз. Тасымалдаушылар қауымдастығы ұсынған сандарға сене берудің қажеті жоқ, тексеріп, зерттеу қажет. Автобус паркі толық жаңартылған жоқ, қызмет көрсету сапасы сол қалпы. Ендеше не үшін ақша төленуі тиіс? Бюджет қаржысын ысырап етуге болмайды», – дейді Павел Афанасьев.
Галина Семенова болса, тасымалдаушылардың қарызы бастан асып кеткенін айтады. Автобустар жаңа болғандықтан, әзірге күрделі жөндеуді қажет етпейді. Бірақ азын-аулақ жөндеу жұмыстарына жұмсалған ақша – қосымша шығын. «Егер автобустар сынып қалса, еңбекақы төлейміз бе, жөндеу жасаймыз ба, лизинг қарызын жабамыз ба, салық, ғимарат, гараж жалдау ақысын төлейміз бе – ол жағын айта алмаймын. Қазірдің өзінде әр кәсіпорынның қарызы бар. Субсидия уақытылы төленбегендіктен, берешегіміз айдан-айға қордаланып қалды. Шамамыз келгенше бар ресурсымызды жұмсаймыз. Бірақ күшіміз қашанға жететінін білмейміз», – деді Галина Петровна.
Қалай болған күнде де, петропавлдықтарға керегі – қоғамдық көліктің іркіліссіз қызметі.