Тасымалдаушылар тығырыққа тірелді
Тасымалдаушылар тығырыққа тірелді
257
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында қалаішілік жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлерге Петропавл қаласының әкімдігі уәде еткен 300 миллион теңгеден астам субсидияны әлі төлей алмай отыр. Бұл соманы шығынмен жұмыс істейтін бағыттар үшін кәсіпкерлер былтыр алуы керек еді. Талай табалдырықты тоздырғанымен, мәселесін шеше алмаған тасымалдаушылар амалы құрығандықтан, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінді.          2020 жылғы 11 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен облыстың әлеуметтік маңызды бағыттарының тізбесі анықталған болатын. Бұл тізімге бірқатар қалаішілік бағыт енгізілген. «Солтүстік Қазақстан облысының автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова түсіндіргендей, «Автомобиль көлігі туралы» заңның 19-бабына сәйкес, егер белгіленген тарифтер жолаушыларды тасымалдаудың тиімділігін қамтамасыз етпесе, онда жергілікті атқарушы органдар тасымалдаушылардың шығын­дарын субсидиялайды. Алайда солтүстік­қазақстандық тасымалдаушылар былтырғы жылға тиесілі 307,3 миллион теңге субсидияға қол жеткізе алмаған. Бұған дейін Петропавл қаласының автобус паркі жаңартылған болатын. Облыс орталығында барлығы 19 бағытта қоғамдық көлік қатынайтын болса, соның 9-ы бойынша су жаңа көлік қызмет көрсетеді. Петро­павлдықтарды діттеген жеріне жеткізу үшін 4 ЖШС мен 4 жеке кәсіпкердің 200 автобусы іске қосылған. Соның тең жартысы – былтыр сатып алынған Yutong-тар. Кәсіп­керлер жаңа көліктерді «БРК-лизинг» АҚ-ның лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шарттар бойынша сатып алған. Атап айтқанда, көлік құнының 18,8 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеп, 7 жылға 7 пайыздық несие рәсімдеген-тін. Алайда ол кезде олар субсидия төлеуде іркіліс болуы мүмкін екенін ескермеген еді. Салдарынан несиелерін уақытылы төлей алмай қиналып қалды. Әсіресе,  KYZYLZHAR BUSES  ЖШС-ның алашағы ең көп – 118 293 534 теңге! Кәсіпорын директоры Бауыржан Құсайын­овтың айтуынша,  субсидияның төленуін өтініп, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де, қалалық және облыстық әкімдік аппараттарына да бірнеше рет жүгінгенімен, еш нәтиже шығара алмапты. Тіпті, шенеуніктер олардың жазбаша өтінішіне жауап беруді де қажет деп санамапты. «Субсидия уақытылы төленбегендіктен, жұмыскерлердің еңбек­ақысы, дизель отыны, жанар-жағармай материалдары, қосалқы бөлшектер, ғимарат жалдау ақысы, салық төлемдері жөнінен дебиторлық қарызымыз көбейді. Қаржылық жағдайымыз өте ауыр болғандықтан, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушы тасымалдау тоқтатылуы да ғажап емес», – дейді Бауыржан Құсайынов.

ЖОЛ КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ

«Кәсіпкерлер субсидиялар төлемі кешіктірілгендіктен, жаңа автобустар сатып алу шарттары бойынша ай сайынғы төлемдерін уақытылы төлей алмай отырғандарын айтып шағымданып отыр. Осыған байланысты лизинг берушілер оларға айыппұл салады. Сонымен қатар  жанар-жағармай күрт қым­баттады. Бұл да болса кәсіпкерлердің қаржылық қызметіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ электронды билеттеуді енгізу де олардың шығын бөлігіне жүктемені арттырды. Бұл ретте, белгіленген сараланған тариф тасымалдаушының барлық шығындарын толық көлемде өтемейтініне тоқталған жөн. Соның ішінде автобустарды жөндеу, қызмет көрсету, жүргізушілердің жалақысы, жанар-жағармай шығындары және басқалары бар», – деді Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіп­керлер палатасының директоры Әлібек Әшметов. Кәсіпкерлер палатасы тасымал­дау­шы­лардың құқығын қорғауға бірден кірісті. Палатаның өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысында «Солтүстік Қазақстан облысы­ның автокөлік одағы» қауымдастығының өтініші қаралып, палата кәсіпкерлермен және қалалық әкімдікпен бірлесіп, жолаушы тасымалдау саласындағы өзекті мәселелер­ді шешу жөніндегі Жол картасын бекітті. Құжатта көрсетілген негізгі мәселе – әлеу­меттік маңызы бар бағыттар бойынша жолау­шы тасымалдайтын кәсіпкерлердің шығындарын толығымен субсидиялауды қамтамасыз ету. Келіссөз барысында өкі­летті орган қордаланған қарыздың бір бөлігін өтеуге келісті. Қауымдастық төрайымы Галина Семе­нова­ның айтуынша, қарыздың қалған бөлігін төлету мәселесі әлі өзекті. «Субсидияға қол жеткізу мәселесі кә­сіп­керлерді толғандырып отыр. Кәсіп­кер­лер палатасына жүгінгеннен кейін ғана сең қозғалғанына ризамыз. Алғашқы төлемдер есепшотқа түсе бастады. Бірақ әлі де әкім­дік тасымалдаушыларға бар соманың 40 пайыздайын төлеген жоқ», – дейді Галина Петровна. Соңғы жылдары COVID-19-ға байланысты халықаралық тасымалдардың тоқ­та­­тылғаны белгілі. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан Ресей Федерация­сының Макушино-Есілкөл бағыттары бойынша теміржолмен жола­­у­шы тасымалдау да сап тыйылған болатын. Осыған байланысты уәкілетті органның деректеріне сәйкес, теміржол тасымалдау­шысының шығындарын субсидиялауға арналған шамамен 600 миллион теңге көлеміндегі қара­жат босаған көрінеді. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер теміржол тасымалдары қайта жанданғанша, осы қаражатты өздерін субсидиялауға жұмсау мүмкіндігін қарас­тыруды сұрап отыр.

САПА ТАЛАПҚА САЙ БОЛУҒА ТИІС

Сондай-ақ олар қоғамдық көліктердің жол­ақы­сын  қымбаттату мәселесін де қарас­тыру маңызды деп санайды. Петропавл қаласында жолақы 2017 жылдан бері көтерілген жоқ: жолаушылар карточка арқылы 80 теңге, ал қолма-қол есеп айырыс­­қан кезде 130 теңгеден төлейді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындар­дың қалтасына салмақ түсірмес үшін тасымалдаушылардың шығыны бюджеттен субсидияланып отыр­ғанын айтты. Сонымен қатар ол жауапты тұлғаларға ескі автобустарды күтіп ұстау керегін тапсырды. «Кейбір автобустардың терезелеріндегі перделер сатып алғалы ауыстырылмаған. Тазалықты сақтау керек. Тасымалдаушылар қауымдастығы осы ретте жұмыс жүр­гізуі тиіс. Сонымен қатар тасымалдаушылар көрсетілетін қызметтің сапасын да бақылауы керек. Электронды төлемақы енгізілгелі тұрғындар екі рет ақша ұста­латы­нын айтып шағымданып отыр. Мұн­дайда компания ешқандай бюрократиясыз бірден жауап беруі керек. Қалалық әкімдік тасымалдаушылар қауымдастығымен бірлесіп, бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауы қажет. Жүргізушілер мен кондукторлардың жолаушыларға дұрыс көзқарасын қалып­тас­тыру бағытында да жұмыс жеткіліксіз. Кейде жүргізушілер рульде келе жатып темекі тартатыны, ұялы телефонмен сөй­лесетіні, дөрекілік танытатыны туралы шағымдар көп. Жүргізушілер мен кондукторлар жаңа автобустарға сай болуы керек. Сондықтан оларды әрдайым оқыту, тренингтер ұйымдастыру артық етпейді, түсіндіріңіздер, талап етіңіздер, яғни тұр­ғын­дарға сапалы қызмет көрсету жөнінде кешенді жұмыс жүргізген дұрыс. Біздің міндетіміз – халыққа ыңғайлы жағдай жасау», – деді өңір басшысы. Жол картасында көрсетілген тағы бір мәселе – жолаушы тасымалдау саласын­дағы кадр тапшылығы. Сондай-ақ одан әрі оңтайландыру мақсатында қалалық маршрут желісіне талдау жүргізілетін болады.

Солтүстік Қазақстан облысы